Голливуд компаниялары фильмдерін Ресейде көрсетуден бас тартқан кезде бөркімізді аспанға лақтырып «қазақша дубляждың күні туды» деп қуанған едік. Алайда көптің тілеуі бірден орындалған жоқ. Голливуд фильмдерін қазақша дубляждау мәселесі ұзаққа созылып барады. Ал отандық кинокомпаниялар Голливуд фильмдерін тек орысшаға аударуға кірісіп кеткен. Неге? Голливуд кинокомпаниялары Ресей нарығынан шыққаннан кейін «шетелдік фильмдерді Қазақстанда дубляждауға бола ма?» деген сұрақ туды. Отандық студиялар кинотуындыларды қазақ және орыс тілдеріне аударуға дайын екенін мәлімдеді. Ал наурыз айында Мәдениет және спорт министрлігінде Дәурен Абаевтың төрағалығымен еліміздегі киноиндустрияны дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткен еді. Оған кинопрокат нарығында танылған отандық компаниялардың басшылары қатысты. Жиында кинопрокат мәселесі сөз болды. Министр сол кезде әзірге шетелдік компаниялармен барлық қажетті келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. – Голливудтың үш студиясы – Universal Pictures, Warner Bros және Paramount Pictures бұрын бекітілген кестеге сәйкес, қазақстандық көрермендерге өз картиналарын ұсынуды жалғастырады. Walt Disney Company және Sony компанияларымен отандық кинопрокатшылар тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр. Тиісті келісімдерге қол жеткізу үшін айтарлықтай кедергілер жоқ. Келіссөздер нәтижесі мен қазақстандық кинотеатрлардың одан әрі жұмысының басқа да егжей-тегжейі туралы қосымша хабарланады,– деген еді Дәурен Абаев. Алайда осыдан кейін жауапты министрлік шетелдік киностудиялармен келіссөздің қалай жүргізіліп жатқаны туралы ауыз ашпады. «Қазақфильмге» арнайы сауал жолдап, мәселенің мән-жайын сұрағанымызда «Келіссөздер әлі де жүргізіліп жатыр. Дистрибьюторлардың өтініші бойынша біз әлі ол туралы нақты ақпарат бере алмаймыз» деген жауап алдық. Орысша дубляждау басталып кеткен Ал «Меломан» компаниясы Голливудтың барлық картинасы кесте бойынша орыс тіліндегі дубляжбен және қазақша субтитрлермен шығатынын мәлімдеген еді. Яғни, бұған дейін келісілген фильмдерге қатысты мәселе туындаған жоқ. Бірақ Кino.kz сайтына кіргенімізде кинотеатрларда голливудтық фильмдер санының азайғанын аңғардық. Оған қоса, жақында дубляж режиссері Валерий Смекалов Қазақстанның Голливуд фильмдерін жаппай орысшаға аударуға кіріскенін мәлімдеді. – Неге Қазақстан батыс фильмдерін қазақша емес, орысша дубляждап жатыр. Орысша дубляждалған Голливуд фильмдерін Ivi, START, Кинопоиск платформалары бәрібір көрсете алмайды. Ал орысша дубляж қажет болса фильмдерді Ресейлік өндірістік-техникалық базалар «Мосфильм», «Пифагор» өздері-ақ дубляждап алады,– дейді Валерий Смекалов. Фильмдердің орысша дубляждалып жатқанына құзырлы мекемелер тарапынан әлі де нақты жауап жоқ. Алайда кинотеатрлар желісі басшылығы өкілдері дубляждың орташа бюджеті 100-300 мың АҚШ доллары тұратынын айтқан еді. Ендеше фильмдерді қазақша емес, орысша дубляждау сол шығындардың орнын жабу үшін болуы әбден мүмкін. – Орысша дубляж жасау бізге қымбат және тиімсіз. Голливуд студиялары дыбысқа, кескінге өте жоғары талап қояды. Ол сападан шығу қыруар қаржыны талап етеді. Ал фильмді дубляждауға кеткен шығынның ақталу, ақталмауы тағы белгісіз. Жаппай дубляж жасау үшін бұл салада кадрлар да тапшы. Біздің кинотеатрлар жылына 300-ге жуық кинокартина көрсетіп келді. Олардың барлығын дубляждау техникалық, қаржылық жағынан да мүмкін емес, — дейді киносыншы Кәрім Қадырбаев. Оның пікірінше, біз жылына 300 фильмді дубляждамасақ та, үш-төрт голливудтық фильмді қазақ тіліне аудара аламыз. Ал отандық кинонарықтағы қазіргі дағдарыстан шығу үшін голливудтық фильмдерді түпнұсқасында көрсетіп, орыс және қазақ тілдерінде субтитр жасауға болады. – Голливудтық киноның елімізде мүлдем көрсетілмегенінен субтитрмен берілгені жақсы. Субтитр – Голливуд киносының Қазақстанда қалуының ең қолжетімді тәсілі. Айталық, Marvel жанкүйерлері кинотеатрға фильмдерді көру үшін субтитрмен болса да барады, – дейді Кәрім Қадырбаев. Субтитрдің сапасы сын көтермейді Алайда ағылшын тілінен тікелей аударатын болсақ, субтитрдің сапасының қандай болатыны белгісіз. Өйткені бұған дейін кинотеатрларда көрсетіліп келген субтитрлерге қатысты біршама сын айтылған еді. Aray Media Group компаниясында Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures сияқты әлемдік студиялардың туындыларын қазақша «сөйлетіп» жүрген режиссер Назерке Лесбекқызының айтуынша, субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді. Қазақстанда тұрып, кинотеатрдан орыс тіліндегі фильмдерді көру ақылға қонымсыз. Қазақстанда субтитрді ешкім оқымайды да. Өйткені бәрі орыс тілін біледі. Еш пайдасы жоқ дүние үшін ақша жұмсап жатырмыз. Мысалы, балаларға арналған фильмдердегі субтитрді ешкім оқып үлгермейді. Бұл балалардың құқығы бұзылып жатқанын білдіреді. Әр азамат фильмді қазақ тілінде көруге құқылы. – Дәл қазір Голливуд кинокомпанияларының Ресейден кетуі – біз үшін үлкен мүмкіндік. Себебі біз осы уақытқа дейін Disney-дің фильмдерін Ресей арқылы алып отырдық. Өзіміз бара алмадық. Енді Ресейдің жолы жабылғаннан кейін өзіміз тікелей байланыс орнатуға тырысып жатырмыз. Бұйырса, жағымды жаңалық болып қалады. Осы сәтті пайдаланып қазақша дубляжды аяққа тұрғызуға мемлекет тарапынан қолдау керек. Өйткені мәселе ақшаға келіп тіреледі, – дейді Назерке Лесбекқызы. Кино туралы заңдағы қазақша дубляжды міндеттеу жағы әлі шешілмей жатқаны бәрімізге мәлім. Мысалы, кинотеатр басшылары қазақша дубляждалған туындыларды ыңғайсыз уақыттарға қояды. Прайм-тайм уақыттарда тура сол туындының орысшасын көрсетеді. Неге екенін сұрасақ, «сұраныс жоқ» дейді. Сұраныс бар, қазақша көретіндердің қатары артып келеді. Бірақ сол көрерменге дайын туындыларымызды дұрыстап ұсына алмай отырмыз. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа қалалардағы кинотеатрлар кейде қазақша туындыларды репертуардан ерте алып тастайды. Мұндай жағдай болмас үшін мемлекет қазақша дубляжға қолдау білдіруі керек. – Қазір заң бойынша қазақ тіліне дубляждау міндетті деген талап жоқ, сондықтан қазір бүкіл шетелдік фильмдер орысша дубляжбен, қазақша субтитрмен көрсетіледі. Бірақ бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс тобы құрылған, бірақ әлі заң жобасы қаралып жатыр. Оның ішінде барлық фильм қазақ тіліне дубляждалсын деген пункт бар, бірақ қайталап айтамын, әлі ештеңе шешілген жоқ, заң тек қаралып жатыр,– дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев. Шетел фильмдерін қазақша сөйлету туралы мәселе 2016 жылдары көтерілді. Алайда оған кинопрокатшылар қарсы шығып, нәтижесінде фильмдер қазақша субтитрмен шығатын болған. Одан бері 6 жыл өтті. Біз Голливуд фильмдерін мемлекеттік тілде дубляждау керек деп енді айтып жатсақ, көрші Өзбекстанда дубляж бұрыннан өзбекше жасалады екен. – Шетелдік фильмдерді қазақша дубляждау мәселесі осындай санкция кезінде көпшіліктің назарына ілігіп жатқаны өкінішті. Соңғы кездері орысша кинолардың астында қазақша субтитрлер шығып жүргенін байқаған шығарсыздар. Бірақ кейбір субтитрлерде қате өріп жүр. Себебі тапсырыс алушы сапаға мән бермейді, қазақтілді аудиторияға сыйластықпен қарамайды, – дейді дубляж актері Қайрат Әділгерей. Оның айтуынша, елімізде фильмдерді кәсіби түрде дубляждайтын мамандар жетерлік. Мәтіндерді сауатты аударатын редакторлар да бар. Мәселенің бәрі команда болып жұмыс істеу, оның ар жағында сыбайлас жемқорлықта болып тұр. Себебі жобалардың көпшілігін аталған секторға жауапты басшылар аутсорсинг арқылы өзінің ақша жасайтын студияларына береді. Ол студиялар ақша үнемдеу мақсатында кәсіби емес редакторлар, дубляж мамандарының арзан қызметіне жүгінеді. Салдарынан жоба шала-шарпы жасалған, көрерменнің көңілінен шықпайды. Кинотеатрлардың қазақша субтитрінің астында қатесі өріп жүрген мәтіндердің көпшілігі осындай тамыр-таныстың жұмысы. – Отандық дубляж қауымдастығын құру жоспарымда болған, бірақ сала мамандарының басын біріктіре алмадым. Мемлекет дубляж саласында жас мамандарды дайындайтын мектеп ашуы тиіс. Себебі нарық заманында кәсіби мамандардың оларды дайындауға уақыты тапшы. Одан кейін әлемдік туындыларды аударып жүрген компаниялардың сметадағы бағасы басқа, бізге төлейтін гонорар мүлдем бөлек. Оларға «мұның қалай?» деп шамдансаң, келесі жолы жаңа жобаға жолың жабық дей бер. Осылайша, олардың қойған бағасына үнсіз келісуге тура келеді, – деп ағынан жарылды Қайрат Әділгерей. Орайлы сәтті ұтымды пайдаланамыз деген сеніміміз үзілгендей. Уилл Смит те, Анджелина Джоли де біз қалағанмен, жақын арада қазақша тіл қатуға асығар емес. Уақыт өткен сайын шетелдік туындыларды қазақша тамашалау құр үмітке айналып барады. Голливуд фильмдерін қазақшалағанмен, бөлінген қаржының талан-таражға түспейтініне де кепілдік жоқ.