Жарық та қымбатқа түспек...
Жарық та қымбатқа түспек...
© коллаж: Елдар Қаба
887
оқылды
Елімізде алдағы жарты жылда электр энергиясы тағы қымбаттайтын болды. Бұл жөнінде Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың өзі ескертіп отыр. Оның айтуынша, тарифті өзгертудің негізгі үш себебі бар. Пайда көру үшін емес Тоқ бағасының өсуінің ең бі­рінші себебі – энергетика саласына арналған көмірдің қымбаттауы. Екіншіден, логистикалық шығын­дар артып кеткен. Үшінші себеп – энергоұйымдардың қызметкер­ле­рінің еңбекақысын көтеру мәжбүр­лігі туындап отыр. «Бұл қадамға электр станса­ла­рының тұрақты жұмысын қамтама­сыз ету үшін барамақпыз. Өкінішке қарай, бұл салада тым төменгі ең­бекақы деңгейі сақталып отыр. Сон­дықтан да білікті кадрлар ұзақ тұ­рақтамайды. Тіпті, біз ондай кадр­лардан айырылып қалып отыр­мыз. Энергия өндіретін компания­лардың табысын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Сон­дықтан да оны қарастырып отырған жоқпыз», – дейді Болат Ақшолақов. Жалпы, соңғы үш жыл бойы елі­мізде электр тарифі 7-9 пайыз ара­лығында қымбаттап отырған. Мә­селен, биылғы мамыр айына дейін бұл көрсеткіш 8,7 пайызды құраған. Былтыр 7 пайыз болыпты. Ал енді 2022 жылы оның нақты қан­дай диапазон аралығында бола­ты­нын тап басып министрдің өзі де ай­та алмай отыр. Сондықтан да мұн­дағы бағақұрауды еліміздегі энергия өн­діретін 47 топтың қамту аясындағы нарық шешуі мүмкін. Бұ­лардың ішіндегі 1 кВт/сағатқа шек­тік тариф­те­рі ең қымбаттары «Sagat Energy» ЖШС – 15,04 теңге, «Аты­рау ЖЭО» АҚ – 13,24, «Ақтөбе рельс зауыты» ЖШС – 13,05 теңге, «МАЭК-Қаз­атом­пром» ЖШС – 13,04 теңге және «Риддер ЖЭО» АҚ – 12,68 теңге. Мамыр айындағы мәлімет бо­йынша, халыққа арналған тариф электр плитасын қолданатын бөлігі үшін 100 кВт/сағатқа І деңгейде – 1456 теңге, ІІ деңгейде – 1891 теңге және ІІІ деңгейде – 2354 теңге. Ал электр плитасын қолданбайтын бөлігі үшін 1479, 1907 және 2376 тең­ге болған. Биылғы алғашқы төрт айда елімізде 40 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндіріліпті. Бұл 2021 жылғы ұқсас ке­зеңмен салыс­тырғанда 0,4 пайыз­ға аз. Өңірлер бойынша алар болсақ, өндірілген энергияның 42,6 пайызы немесе 17 млрд кВт/сағаты Павло­дар облы­сы­на тиесілі. Одан кейінгі орындарда Қарағанды (4,8 млрд кВт/сағат), Шығыс Қазақстан (3,1 млрд кВт/сағат) және Атырау (2,8 млрд кВт/сағат) облыстары. Со­нымен бірге елімізде электр энер­гиясын тұтыну да жылдан-жылға артып келеді. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айла­рында ол 1,3 пайызға өсіп, 30,4 млрд кВт/сағат құраған. Түсіністікпен қарауға шақырады Еліміздің электр энергетикасы саласы кешенді жаңғыртуға мәжбүр. Өйткені мұндағы тозу үлесі тым көп болып тұр. Әр өңірде әртүрлі десек те, мәселен инфрақұрылымдар мен жабдықтардың ескіруі Қарағанды облысында 91 пайыз, Батыс Қазақ­стан облысында 82 пайызға дейін жеткен. Бұл мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырғанымен, Үкі­мет тозығы жеткен салаға инвестор тартудың қиындығынан тариф сая­сатына қайта оралуға мәжбүр. «Тарифті өсіру мәселесі халыққа қатты әсер ететінін білемін. Бірақ біз бұған түсіністікпен қарағанымыз жөн. Өйткені бұл мемлекет тара­пы­нан мәжбүрліктен қолға алынған шара. Егер өздеріңіз байқаған бол­саңыздар, соңғы жылдары елімізде электр энергиясының тапшылығы қатты сезілді. Оның бірнеше себебі бар. Алайда басты себебі – энергия өндіруші және таратушы жабдық­тардың дайын еместігі немесе на­шар дайындалғаны. Себебі құзіретті органдардың бекітіп берген шектік тарифтері тым төмен болғандықтан, олар қондырғылар мен жабдық­тарды жаңалауға немесе қайта жаң­ғыртуға жетпейді. Сондықтан да мен тарифті өсіруді дұрыс деп са­наймын», – дейді ҚР Еңбек сіңір­ген энергетигі, Haırýshev energy те­леграм каналының авторы Жақып Хайрушев. Оның айтуынша, осыдан он жыл бұрынғы бастама – инвес­ти­цияға айырбас тариф енгізу мә­селесіне қайта оралу керек. Соның арқасында электр энергетикасы сала­сын жаңалаудың мүмкіндігі ту­ған еді. Бір мысал – Екібастұз ГРЭС-1 осыдан 10-15 жыл бұрын күр­делі жөн­деуді қажет ететіндіктен, ал оған қаражат жоқтықтан өзінің 8 блок­тың режимінің тек 2-3 бло­гында ғана жұмыс істеп тұрған бо­латын. Сол кезде Энергетика ми­нистрлігі батыл қадамдарға барып, «тариф-инвестиция» жобасын ұсынды. Осыдан соң ГРЭС-ке жан бітіп, екінші тынысы ашылды. Бү­гінде ол 7 блоктық режимде жұмыс істеп, ел экономикасын тапшы­лық­тан құтқарып тұр. «Темір дегеніміз мәңгі емес. Бізде ең ескі электр стансасына 63 жыл болды. Ал олардың пайдалану мерзімі 30-35 жыл десек, ол өзінің нормативтік мерзімін екі есе өтеп тастап отыр деуге болады. Мұндай нәтижеге энергетиктердің өз жұмы­сын ұқыпты атқара алғанының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Өйткені бүгінгі қолданыстағы жаб­дықтар мен қондырғылардың қо­салқы бөлшектері бүгінде шық­пай­ды, олар өндірістен алынып тас­тал­ған, стандарттары өзгеріп кеткен. Сондықтан оларды қосымша сыз­балар жасап, тапсырыс беріп жа­сатуға мәжбүр. Тағы бір мәселе – бұл саладағы кәсіпорындар монополист болып табылатындықтан, оларға бейіндік саладан тысқары қызметтер көр­сетуге тыйым салынған. Сондық­тан да олар техникаларын пайда­ланып үй құрылысын салуға, жол салуға, жер қазуға құқы жоқ. Ты­ғы­рықтан шығудың енді бір жолы – диффе­ренциалды тариф әдісін енгізу. Заң­ды тұлға мен жеке тұлға төлейтін коммуналдық ресурс ақысын теңес­тіруді көздейтін бұл жоба қазір екі-үш өңірде сынақтан өтіп жатыр. Егер тиімділігін көр­сетсе, респуб­ли­ка бойынша жүзе­ге асыру көзде­луде», – дейді Жақып Хайрушев. Электр энергетика саласындағы персоналдың еңбекақысын өсіру – Мемлекет басшысының тапсыр­масы. Себебі мұндағы кадрлардың әлеуметтік жағдайын жақсарту дәл бүгінде кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Қазір электр өндіру, тарату кәсіпорындарында білікті кадрлар қалмаған. Өйткені мұндағы орташа айлық 100-120 мың теңгенің шамасында. Сондықтан да энерге­тик-маман мұндағы ең аз айлық 160 мыңнан төмен болмауы керек деп санайды. Сонда ғана біз бұл саланы жаңғыртуға бір қадам жасай аламыз. Тарифтерді субсидиялаған тиімді Тарифті өсіру бірінші кезекте ауылдықтарға қатты батады. Өйт­ке­ні қалаға қарағанда мұндағы тариф екі есе қымбат болып келеді. Соның ішінде заңды тұлғаларға – қожа­лықтар мен шаруашылықтарға қиын. Энергетиктер мұны жеткізу шығынының артып кететінімен, тұ­тынушылар қарасының азды­ғымен түсіндіреді. Сондықтан да мемлекет бұл тұста субсидиялау жү­йесін енгізуі қажет және бірінші кезекте ауылдар мен ауыл шаруа­шы­лығы кәсіпорын­дарының ком­му­налдық шығын­да­рын субсидиялауы тиіс. «500 мың халқы бар қала мен 300 шақырым жерде орналасқан 300 үйлі ауылға электр энергиясын жет­кізу екі түрлі шығынды талап етеді. Оны түсінуге болады. Алайда осы жағдайды ескере отырып, мемлекет ауылға субсидия беруі керек. Тіпті, қалалардың жанындағы саяжайлар туралы да осыны айтуға болады. Электр энергиясын жеткізуші ком­паниялар оларды ауыл шаруышы­лығы кәсіпорындарының санаты­мен есепке алып, соған сәйкес тариф орнатады. Бірақ ол шалғайда емес, қаланың іргесінде, негізгі желінің бойында орналасқан ғой. Сондықтан бұл мәселені Үкімет қа­періне алуы тиіс», – дейді эко­но­мика ғылымдарының докторы Төлеутай Рақымбеков. Оның айтуынша, бағаны қым­баттатпай тұрып, бірінші кезекте электр энергиясына қойылатын та­рифтердің құрамын тексеру керек. Өйткені мұнда делдалдар жоқ деп айта алмаймыз. Одан соң топ-менеджерлерінің айлығын, мінген көлігін, әкімшілік-материалдық шы­ғындарын тексеріп, оңтайлан­дыру керек. Мәселен, кішігірім энер­го компаниясының басшысына жеке күзет компаниясын жалдау не үшін керек. Жалпы, бұл сала ке­шен­ді өзгерістерді қажет етеді. «Түнгі тарифті» қайта енгізу қажет Онсыз да жыл сайын қымбаттап келе жатқан электр тарифі қалтаға салмақ салған өңірдің бірі – Сол­түстік Қазақстан облысы. «Сев­каз­энергосбыт» ЖШС тоқ тарату қыз­метін көрсететін Шал ақын ауда­нын­да, мәселен, былтырғы 5 та­мыз­дан бері бірнеше тариф қолдан­ы­лады екен. Қарапайым халық үшін 1 кВт/сағат 12,42 теңге тұрады. «Бүгінгі коммуналдық шы­ғын­дар ең бірінші кезекте жалғызбасты қарияларға қатты батады. Олар зей­нетақысын ішер асы мен дәрісіне зорға жеткізіп отырғанда тарифтің қымбаттауы одан сайын салмақ болғалы тұр. Сондықтан да бұрын­дары «түнгі тариф» деген болатын. Сол зейнеткерлер үшін өте тиімді еді. Түнгі уақытта тамағымызды пі­сіріп, суымызды жинап, құрал-жаб­дықтарымызды қуаттап алатынбыз. 2017 жылдан бастап оны алып тас­тады. Ендеше, онсыз да қымбатшы­лық қысқан заманда біз секілді әлсіз жандардың жағдайын ойлап, сол тарифті қайтадан іске қосқан жөн деп санаймын», – дейді Шал ақын аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Лидия Нечупей. Зейнеткердің айтып отырған сөзінің жаны бар. Осыдан оншақты жыл бұрын әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін және тарифтерді ұстап тұру үшін «түнгі тариф» әдісі енгізілген болатын. Қарапайым тұрғындар үшін заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге қарағанда екі есе аз тариф белгіленіп, оның не­гізгі салмағы түнде электр энер­гия­сын пайдалана алмайтын мек­теп, дүкен, асхана сынды тағы да басқа абономенттерге, тіпті түнде тоқ пай­да­ланбаған жеке тұлғаларға түсетін. Әрі ол тариф электр энер­гиясының өзіндік құнынан төмен болған­дық­тан, электрмен қамту ұйымдарын шы­ғынға ұшыратты да, осылайша кейіннен алынып тасталды. Негізінен бұл ұсыныс Нұр-Сұл­тан қаласында қыс сайын айтылып келеді. Бас шаһарды көк түтін қап­тап, оның себебі жұрт үйін қолына түскен отынмен, түрлі қоқыс плас­тикпен немесе тез жанатын құрылыс материалдарымен жылытуға мәж­бүр екені анықталғанда, оларға үйін электр энергиясымен арзан жы­лытуға мүмкіндік беру үшін «түнгі тарифті» қосу туралы сан рет мәселе көтерілді. Бірақ оны қала басшы­лығы да, Үкімет те құлағына ілген жоқ. Қалай болғанда да – биыл электр энергиясы қымбаттайтыны анық. Алайда ол тек өнер­кә­сіп­тік-экономикалық мәселе ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік те, экологиялық та салдары барына мемлекет түсіністікпен қа­рағаны абзал.