Жол жөнделіп, көшеге көрік кірді
Жол жөнделіп, көшеге көрік кірді
634
оқылды
Ауылішілік жолдардың қалпына келтірілуін пар­тияның бақылау комиссиясы өз қадағалауына алып отыр. Елорда маңайында орналасқан Целиноград ауданына қарасты Жаңажол ауылының тұрғындары «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ауылдың ішкі жолдарын жөндеп беру өтінішімен бірнеше рет келген болатын. 2018 жылы ауылдың ішкі жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Соған сәйкес, ауылдың 12 көшесі мен ауылға кіреберіс жолдар жөнделуі тиіс. Бүгінде жөндеу жұмыс­тары басталды. Жоба желтоқсан­да толық аяқталады деп жос­­парланып отыр. Сондай-ақ Аршалы ауданының орталығындағы Республика көшесінің ойдым-ойдым жол­дарын тегістеу бойынша түскен өтініш бірден орындалды деуге болады. Қабылдауды жүргізген аудандық мәслихат депутаты әрі аумақтық филиалдың атқарушы хатшысы Гүлмира Ахимова тұрғындардың өтініші бойынша жұмысты мықтап қолға алды. Оның уәкілетті орган өкілдерімен бірлесе отырып, мәселенің жылдам әрі оңтайлы шешілуіне атсалысқанын айта кету керек. Партияның ықпал етуімен шұңқырларды тегістеу бойынша жұмыстар Егіндікөл ау­данының орталығында да жүргізілді. Халық қалаулыларының қолдауымен аудандық бюджеттен бұл мақсатқа 1 млн 800 мың теңге бөлінді. Бүгінде жұмыстар толық аяқталып, халық ризашылық білдіруде. Аманаттықтардың қолдауымен Зеренді ауданы М.Ғабдуллин ауылының ішкі жолдарына бүгінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл да – партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен өті­ніштер бойынша қолға алынған шаруа. Бүгінде оған бюджеттен 85,1 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, мердігермен ке­лісім­­шарт жасалды. Көшпелі қабылдаулар да өз жемісін беруде. Мәселен, осындай қабылдаулардың бірінде тұрғындардан келіп түскен өті­ніш бойынша Біржан сал ауданы Степняк қаласының екі көшесі абаттандырылып, спорт және ойын алаңдары орнаты­лып жатыр. Бұл жастар мен балалардың бос уақытын тиімді ұйым­дастыру үшін өте қажет екені сөзсіз. Жоспар бойынша жоба биылғы шілдеде тапсырылуы тиіс.

Азат ҚАЗАҚ