Еліміздегі техникалық сала терминдері ағылшынша не орысша ғана қолданылатынына қатысты сын көп айтылатын. Енді бұл сала да төл тілде сөйлейтін болды. Нақтырақ айтсақ, қазақ тілінің терминологиясында жасанды интеллект пен робототехникаға қатысты 672 сөз бекітілді. Осылайша, жасанды интеллект, деректерді талдау, робототехника және компьютерлік ғылымдар саласында қолданылатын көптеген термин мен сөздің аудармалары бар. Ғалымдар терминдерді ағылшын тілінен қазақ тіліне аударудың әртүрлі нұсқасын қамтитын глоссарий әзірледі. Оны Тіл саясаты жөніндегі комитетке бекітуге жіберді. – Біз жасанды интеллект, деректер талдау және робототехника саласындағы көптеген терминнің ресми бекітілген қазақ тіліндегі аудармасы жоқ екенін байқадық. Сондықтан терминдерді қазақшаға аударуды бастадық. Жасанды интеллект пен робототехника саласы елімізде кең таралғандықтан, терминдердің аудармасын ұсындық, – деді Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) негізін қалаушы, профессор Атакан Варол. Лингвистика саласындағы сарапшылар мен ISSAI мамандарының қатысуымен өткен республикалық терминологиялық комиссияның отырысында кейбір сөздер аудармасыз қабылданды және өзіндік ағылшын тіліндегі айтылуын сақтап қалды. Қалғандары ресми түрде қазақшаға аударылды. Мысалы, artificial neural network термині «жасыл нейрондық желі» деп аударылса, boosting терминін «бустинг» ретінде пайдалануға шешім қабылданды. Барлығы 672 сөз ресми түрде бекітілді.«Цифрлық ортада қазақ тілінің дамуына үлес қоса алғанымызға өте қуаныштымыз» деп қосты профессор Варол. Бекітілген терминдерді ISSAI мен termincom.kz сайттарынан табуға болады.