Алматы қаласында 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Біз» атты фотокөрме ашылды. Көрмеге «аса құпия» таңбасымен сақталып келген материалдар қойылды.
Көрменің ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімдігі жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын саяси және заңды ақтау жөніндегі қалалық комиссияның төраға орынбасары Бауыржан Жангуттин алғы сөз сөйлеп, іс-шараның маңызын түсіндіре кетті. Сондай-ақ осы игі істі қолдаған Shon қорының президенті Гаухар Нурова көрмені қонақтарға таныстырды.
Көрменің негізгі мақсаты – қазақ жеріне депортацияланған және күштеп қоныс аударылған адамдардың, яғни жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарының жеке істерін зерттеу призмасы негізінде сол қиын-қыстау кезең тарихына азаматтардың қызығушылығын арттыру. Экспозициялық материалдар ретінде құқық қорғау органдарына тұлғаны анықтау және тану мақсатында сол кездегі жеке істерден алынған қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың мұрағаттық фотоқұжаттары көрсетілді.
– Фотокөрмедегі материалдар 70 жыл бойы «аса құпия» болып келді. Қазір сол материалдар қолымызда. Уақыт өте келе сарғайған мұрағаттық құжаттар біздің еліміз үшін шын мәнінде үлкен тарихи құндылыққа айналды. Егер сіз залды аралайтын болсаңыз, бұл адамдардың құқығы қалай шектелгенін түсінесіз, – дейді фотокөрменің кураторы Әлия Болатхан.
Көрмеге мұрағатта сақталған 300-ден астам фотосурет қойылған. Сондай-ақ «Біз» фотокөрмесін 1 шілдеге дейін Almaty Gallery ғимаратына келіп тамашалауға болады.