«Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін «Қазақстан халқына» атты жаңа қор дүниеге келді. Оның құрылатынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 11 өңірін бүлік жайлаған тағдыршешті шақта, 5 қаңтарда, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте жария еткен еді. Содан бері 5 айдан артық уақыт өтті. Қор не тындырды? Елдің сенімінен, ел басшылығы қойған міндет үдесінен шыға алды ма? Сарапшылар мен халық тарапынан неге қорға қатысты сын көбейіп кетті? Осы және басқа маңызды, көкейкесті сауалдарға жауап іздеп көрдік. Қаптаған қор, қайтарымы қандай? Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық тарихында билік қаптаған қор құрды. Оның тек он шақтысы ғана бүгінде жұмыс істеп тұр. Мысалы, төрткүл дүниеге тарыдай шашыраған қандастардың атажұртқа оралуына көмектесу, шетелдегі қазақтарды қолдау үшін Үкіметтің 2017 жылғы 13 қазандағы қаулысымен «Отандастар қоры» құрылды. Кәсіпкерлікті өркендету үшін «Даму» қоры, меммүлікті тиімді басқару, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту үшін «Самұрық» және «Қазына» (қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры), «Болашақ» болашақ ұрпақтар қоры», халық денсаулығын жақсарту үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, жәрдемақы төлеу, халықты әлеуметтік қорғау мен қамсыздандыру саласын ретке келтіру үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және басқасы. Әрине, мемлекет тізгінін ұстаған қорлардың ішіндегі ең алпауыты – мұнайды, мемактивтерді және жерді сатудан түсетін барлық қаражат құйылатын Ұлттық қор. Бұлардың бәрі қайтарымының аздығы, жұмысының тиімсіздігі үшін сарапшылар тарапынан да, қоғам тарапынан да талай рет сыналды. Осы орайда биылғы қаңтарда Қазақстанда жаңа, әрі алып «халықтық» қор құрылатыны туралы хабар тіпті шетелдік ақпарат құралдарында да жарияланып, жаһандық ақпарат айдынын шарлап кетті. Дегенмен осылай жер жүзіне жар сала ашылған, Қазақстанның бүкіл байлығының жартысына ие 162 олигарх пен алпауыт компаниялар қаржы құйған қордың бітіргені әзірге сонша қомақты болмай тұр. Халық оның нендей ірі іс тындырғанын біле қоймайды. Қордың басшылары көмек сұраған көпбалалы аналармен, борышкерлермен, тіпті мүгедек жандармен жанжалдасқанымен ғана ел аузына ілікті. Жәмішев мырзаның «Кредитті қалай алдыңдар, солай «сөндіріңдер»! Сендерге айтар басқа жауабым жоқ» сияқты «қанатты сөздері» елге тарады. «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев таяуда Ақордада Мемлекет басшысының қабылдауында болып, бітірген істеріне есеп берді. Әзірге ауыз толтырып айтуға келмейтін көрінеді. Б.Жәмішевтің айтуынша, қор 10 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 8-і – медкөмек көрсетуге, 1-еуі – ауыл балалары үшін спорт инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Тағы 1-еуі ауылдан шыққан талапкерлер мен аз қамтылған отбасылардың балаларын грантпен оқытуды қарастырады. Әйткенмен, Президент қабылдауынан кейін қордың ісіне серпін беріледі деген үміт бар. Қ.Тоқаев қордың мақсатты бағыттарын анықтауға қоғам мен қоғамдық институттарды белсенді тарту қажет екенін ескертті. Мұның әлі күнге жасалмағаны жасырын емес. Б.Жәмішевтің мойындауынша, қор толықтырылған тұжырымдамасын енді ғана әзірлепті. Сондай-ақ қайырымдылық бағытындағы бағдарламалар мен жобалар әзірлеуді де қазір қолға алуда. Бұл жұмысқа коммерциялық емес сектордың өкілдері, мәслихат депутаттары, қор меценаттары мен сарапшылар тартылыпты. Бірақ сарапшылар сынап жүргендей, қор жұмылдырған «қоғам өкілдерінің» арасында бәрібір бұқарадан гөрі билікке жақын адамдар көп. Қор жұмысының алдын ала қорытындысы мен есебі тек қыркүйекте өтетін Ұлттық қайырымдылық конференциясында қоғам назарына ұсынылады. Бәлкім, Ата Заңымызда «халық байлығы» деп жазылған жердің асты-үстіндегі ресурстардан байыған олигархтардың миллиардтарынан халыққа елеулі пайда келгені сонда белгілі болар?! Қордан 155 адам ғана көмек көрді «Қазақстан халқына» қоры көрсеткен қайырымдылық көмектің алдын ала есебін 13 маусымдағы өз талдауында Мәдениет және спорт министрлігі жария етті. Онда сәуір соңындағы мәліметтер ескерілген. 11 қаңтарда, Мәжіліс отырысында ел Президенті «Қазақстан халқына» қорының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты, қордаланған проблемаларды шешетінін жеткізді. Қазақстандықтардың қордаланған қарыздарымен қорға жүгінуінің бір себебі де осы еді. Мемлекет басшысы қордың тек бастапқы міндеттерін белгіледі: бұл – сирек дерттері бар балаларға көмектесу, балаларға арнап, ауыл-аймақта спорт нысандарын салу, ауылдағы дарынды балалардың талантын ұштауға жәрдемдесу, сондай-ақ Алматыға алапат қайғыдан арылып, еңсе тіктеуге үлес қосу, қаза тапқан полицейлердің, әскери қызметкерлердің, бейбіт тұрғындардың отбасыларын қолдау. Бұдан не шықты? «Қазақстан халқына» қоры қаңтар оқиғаларында және антитеррористік операцияларда қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің – жалпы саны 19 адамның отбасына 133 миллион теңге аударды. Әр отбасыға 7 миллион теңгеден берілді. Қанша төленсе де, ол опат болған азаматтың орнын толтыра алмасы белгілі. Айта кетсек, Ресейде «арнайы әскери операцияда» жантәсілім еткен әскерилердің, Ұлттық гвардия қызметкерлерінің отбасыларына 5 млн рубль (35 млн теңгедей), АҚШ-та әскери борышын өтеу кезінде мерт болған әскерилерге 250 мың доллар (110 миллион теңгедей) төленеді. Қор «Қаралы қаңтар» кезінде ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, ІІМ және ҰҚК қызметкеріне 106 адамға 318 млн теңге төледі. Әрқайсысына 3 млн теңгеден тиді. Қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болып, қаза тапқан 18 Қазақстан азаматының отбасына 126 млн теңге бағытталыпты. Яғни, құрбандардың басым көпшілігі әзірге көмекке ілікпеді. Себебі, 2022 жылғы 14 наурызда Бас прокурор Берік Асылов «қаңтар трагедиясында» ел бойынша 230 адам, оның ішінде 19 әскери және қауіпсіздік қызметкері шейіт болғанын хабарлады. Құзырлы органдар оққа ұшқан адамдардың лаңкестерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Жараланған 5 баланың отбасына 15 миллион (әрқайсысына 3 миллионнан) теңге көмек берілді. Ауыр дертке шалдыққан 2 балаға шетелде операция жасауға жалпы сомасы 52 млн 742 мың теңге жұмсалған. Қостанай облысында өрт кезінде үш баласынан айырылған отбасына 10 млн теңге бөлген. Өмірге қауіп төндіретін сирек, орфандық ауыр аурулары бар 4 балаға 4 миллиард теңгеге жәрдемдесті. Әңгіме «жұлын бұлшықетінің атрофиясы» үрейлі диагнозы қойылған сәбилерге Қазақстанда тіркелмеген, әрқайсысы 1 миллиард теңгеден тұратын «Онасемноген абепарвовек» (Zolgensma) препаратын сатып алу жөнінде болып отыр. Нәтижесінде, жалпы алғанда қаңтар-сәуірде 155 адам үшін 4 млрд 654,7 млн теңге жұмсалды. Халықтық қор неге халыққа жомарт емес? Қордың өз есебі бойынша 2022 жылғы 1 маусымда қорда 131 млрд 545,5 млн теңге жинақталған. Оны қор банктердегі депозиттерге салып қойған. Соның арқасында 3 млрд 525,6 млн сыйақы алыпты. Қор 1 маусымдағы жағдай бойынша 5 млрд 190,6 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткенін жариялады (4 емес, 5 балаға Zolgensma препаратын сатып алған). Бірақ неге екені белгісіз, қор «қайырымдылық көмек» құрамына әкімшілік шығыстарын да қосып қойған: құрылғалы бері қордың әкімшілік шығындары демеушілерге 51 миллион теңгеге түсті. Оның 38 миллион теңгесі – жалақы. Бұл ретте «Қазақстан халқына» штатында 25 адам бар. Мұның сыртында тағы 5 адамды азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен алды. Сондай-ақ өзіне көмектесетін қоғамдық ұйымдардың және басқа фирмалардың қызмет ақысына шығындалған. Яғни, 131,5 миллиард теңгенің 5 миллиардын ғана қайырымдылық көмекке жұмсады. Бұл – осы миллиардтарды депозитте ұстаудан алынған сыйақыдан шамалы ғана асады. Осыдан «Қазақстан халқына» қоры Қазақстан халқына сараңдық танытып отырған жоқ па?» деген сауал туады. Орасан зор қаражатты банкте сақтап қана отыру содан игілік күткен халыққа обал болса керек. Айтпақшы, алда қор байлықтың жаңа көзіне қол жеткізеді. Мәдениет және спорт министрлігі тиісті заң жобасын әзірледі. Оған сәйкес, «Сәтті жұлдыз» АҚ-ның сатылған лотерея билеттерінен, түбіртектерден түскен түсімі мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде 10%-ын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына тоқсан сайын жіберу міндеті заңнамалық түрде бекітіледі. Ведомство мәліметінше, лотерея операторы 2020 жылы 37 млрд 232,7 млн теңге табыс тауыпты. Одан 22,4 млрд теңге жүлде қорын және салықты алып тастағанда, қалған соманың он пайызы 1,4 миллиард теңгені құрайды. Жалпы, қордың тікелей міндет-миссиясының нысанасына жататын көптеген зәру жан әлі күнге көмек ала алмай отыр. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларында оқтан жазым болған 190-дай азаматтың отбасына көмек көрсетілмеді. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы 5 жылда орфандық аурулары бар пациенттер саны 49%-ға, соның ішінде балалардың саны – 11%-ға өсті. Сөйтіп, 2021 жылдың соңында жалпы саны 13 426 балаға жетті. Бұл отбасылар балаларын емдетуге тіпті зейнетақы жинақтарын да пайдалана алмайды: Үкімет биыл жеткіліктілік шегін екі еседей көтергелі қазақстандықтардың басым көпшілігінде басы артық жинақ қалмады. «Орфандық ауруларды емдеудің ерекшелігі сол, дәрі-дәрмектердің құны өте қымбат, сонымен қатар бірқатар дәрі-дәрмектер тіркелмеген, тапшы. Орфандық ауруларды емдеудің заманауи әдістері оларды нәресте кезінен қолданғанда жоғары тиімділікті көрсетеді. Емдеуді уақытылы бастау балаларды барынша жоғары оңалтуға мүмкіндік береді. Оларға арналған дәрі-дәрмектердің қымбаттығына байланысты мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі оларды сатып алуды толық қаржыландыра алмайды. Сондықтан бүкіл әлемде осындай препараттарды сатып алуды қайырымдылық ұйымдары қаржыландыруда», – деп түсініктеме берді Денсаулық сақтау министрлігі. «Қазақстан халқына» қорының даму бағдарламасының бағыттары анықталды, оларды қор бірінші кезекте қаржыландыруы тиіс. Бұған спорттық, білім беру инфрақұрылымын қолжетімді ету; мүгедек, ауру, әлеуметтік бейімделу проблемалары бар баланы асырап алған отбасыларға көмектесу; жетімдерді қолдау; мүгедек адамдарды протездермен, жабдықтармен қамту; дарынды балалардың дамуына ықпал ету; қолжетімді медицина; табиғи-техногендік ТЖ, апат салдарын жоюға жәрдемдесу және басқасы жатады. Қорыта айтқанда, қор алдында тұрған міндеттердің түрен түспеген өрісі кең, тіпті көкжиегіне көз жетпейді. Олай болса, шабан қимылымен халықтың кіжінісін, ашынысын туғызып, әлеуметтік кернеуді күшейтпеуі үшін қордағылардың қарқынды, тегеурінді іске көшкені маңызды.