Ядролық қарусыздану үрдісіндегі жаңашылдық
Ядролық қарусыздану үрдісіндегі жаңашылдық
1,175
оқылды
Ядролық қарусыздану са­ласындағы тарихи оқиға – Ядро­­лық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТСШ) қа­тысушы мем­лекеттердің ал­ғашқы кездесуі 2022 жылы 21-23 мау­сымда Вена қала­сын­да өтеді. Шарттың 2021 жылы қаң­тар­да күшіне енуі БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ядролық қа­ру­ды делигитимациялау – оны заңнан тыс деп жария­лау жөнінде нақты шаралар қа­­был­дауға деген шешімін көр­­се­тетін, күтілген сигнал бол­ды. Бұл – ядролық сынақтардың барлық зиянды салдарын бастан кешірген халқымыз үшін ерекше оқиға. БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Бүгінде Қазақстан өзінің ядролық зымыран арсеналынан өз еркімен бас тартқан және әлемдегі ең ірі атом сынақ полигонын жапқан жауапты мемлекет ретінде бүкіл әлем үшін мысал және үлгі». Жарты ғасыр бойы біздің кең бай­тақ даламыз атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтарынан дірілдеп тұрды. «Ядролық Молох» кейбір мемлекеттердің аумақтарымен шамалас, ауданы 18 мың шаршы шақырымнан астам полигонның жанында тұрған бір жарым миллионға жуық қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер еткені рас. Қазақстанның шы­ғыс бөлігіндегі аталған аудандардың ра­диациялық залалдану салдары бүгінгі күнге дейін сезіліп келеді. Қазақстанның бастамасы бойынша Семей полигонының жабылған күніне орай – 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. 2019 жылы бұл күннің символдық мәні туралы айта отырып, Қазақстан БҰҰ Хатшылығына ЯҚТСШ ратификациялау туралы құралды депо­зитарий ретінде тапсырды. КСРО тарағаннан кейін оның ядро­лық арсеналының едәуір бөлігін мұраға қалдыра отырып, Қазақстан әлемнің 4-ші ядролық державасы болудан өз еркімен бас тартты және 1993 жылы ядролық қаруы жоқ мемлекет мәрте­бе­сімен Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылды. Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт ЯҚТШ-ны қолдау үшін әзірленгенін және оның ядролық қаруды таратпау режимін ны­ғайту, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және тұтастай алғанда ха­лықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзекті маңызын толықты­ратынын атап өткім келеді. Шын мәнінде, ЯҚТСШ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігінің ядролық қарусыздану жөніндегі ЯҚТШ-ның VI бабын қоса алғанда, бірқатар халық­ара­лық шарттар мен құжаттарда бекітілген өз міндеттемелерін ядролық елдердің елемеуіне қанағаттанбауының көрінісі. Осы себепті, біз шартты 2022 жылдың тамызында ЯҚТШ-ға шолу конферен­циясының қорытынды құжатында атап өткен жөн деп санаймыз. Шарт ядролық қарусыздану сала­сындағы бірқатар міндетті құқықтық но­веллаларды бекітеді. Адамзат тари­хын­да алғаш рет ядролық қару заңсыз деп танылды. Өз аумағында ядролық қару­ды немесе ядролық жарылғыш құ­рыл­ғыларды өндіруге, сынауға, сатып алуға, беруге, сақтауға және орналас­ты­руға, сондай-ақ оны пайдалану қатерін қол­дануға тыйым салынады. Ядролық қаруы бар ел, егер ол өзінің ядролық қаруы мен жеткізу жүйесін заңды күші бар, верификацияланатын, уақыт бойынша шектелген жоспарларға сәйкес жоюға келіссе, ЯҚТСШ-ға қо­сыла алады. Сол сияқты, егер оны шыға­руға келісім беретін болса, онда аума­ғында ядролық қару орналасқан ел де оған қосыла алады. Шартта қарусыздану жөніндегі уақыт шектері немесе нақты шаралар жазылмаған, өйткені оларды қатысушы мемлекеттер ЯҚТСШ-ның бі­рінші конференциясының қорытын­дысы бойынша бекіту жоспарланып отыр. ядролық жарылыс Қазақстанның белсенді қатысуы ЯҚТСШ-ның бірінші конференциясына дайындық процесіне серпін берді. Елі­міздің осы процеске қосқан ең маңызды үлесі мазмұнды шешімдердің «фаси­ли­таторы» (жолсерігі) ретіндегі қызметі болды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Кирибатидің (Тынық мұхитындағы осы арал мемлекетінің аумағында Америка­лық және Британдық ядролық қаруға 39 сынақ жүргізілді) бастамасы бойынша Шарттың 6 және 7-баптарына сәйкес, ядролық сынақтардың және ядролық қаруды қолданудың құрбандарына қолдау көрсету, қоршаған ортаны қал­пына келтіру бөлігіндегі оң міндеттемелер мәселесі жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. ЯҚТСШ шеңберіндегі оң міндетте­мелер тораптық аспектілерге жатады және өткен уақытта ядролық қаруды пайдалану мен сынаудан келтірілген зардапты жоюға, сондай-ақ болашақта болуы мүмкін залалды болдырмауға бағытталған. Бұл бастаманың орта мерзімді мақ­саты – қажеттіліктерді бағалау, бағдар­ламалық қамтамасыз ету шаралары және осы мақсаттардағы халықаралық ын­тымақтастықты қоса алғанда, құрбан­дарға көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіруге байланысты жобаларды қаржыландыруға арналған Халықаралық сенім қорын құру. Арнайы білімді, материалдар мен жабдықтарды талап ететін жұмысты қаржыландыру (қатысушы мемлекеттерден және, мүм­кін, ЯҚТСШ мен ҮЕҰ-ға, меценаттар мен жеке тұлғаларға қатысы жоқ мем­лекеттерден тартылатын) көздерін анық­тау тетігі талқылануда. Бұл ұсыныс са­рапшылар қауымдастығы мен акаде­миялық топтар арасында қолдау тапқа­нын атап өткен жөн болар. Қазақстанның және БҰҰ Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасының қаржылық қолдауымен ядролық сы­нақтардан зардап шеккен қазақстан­дықтар және Тынық мұхит аймағындағы арал мемлекеттердің жастары ЯҚТШ-тың бірінші конференциясына қатыса алады және ядролық қаруды сынау сал­дары қандай қасірет әкелуі мүмкін еке­ніне назар аудару үшін жоғары халық­аралық трибуна арқылы өз тари­хымен бөлісе алады. ЯҚТСШ-ның оң міндеттемелерінің Орталық Азия үшін практикалық маңызы бар. ЯҚТСШ-ның 7-бабына сәйкес мемлекеттер жоғарыда көрсетілген ере­желерді іске асыру үшін Шартқа басқа қатысушылардың және халықаралық құрылымдардың көмегін тарта алады. Өңіріміздің бірқатар елдеріндегі уран қалдыққоймаларының қазіргі мәселе­лерін ескере отырып, бұл норма қал­дыққоймаларды қалпына келтіруге және уран кеніштеріне жақын жерде өмір сү­ретін халыққа алдын алу шараларын іске асыру бойынша көмек көрсетуге басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дардан донорлық қаражат тарту үшін жәрдемдесуге мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстан ТМД кеңіс­тігінде ЯҚТСШ-ға қосылған жалғыз мем­лекет бола отырып, құжатты әмбе­баптандыру жөніндегі 11-бапқа сәйкес, оның қатысушыларының құрамын, бірінші кезекте, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ (ОАЯҚАА) елдері қатарын кеңейту жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуде. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2006 жылғы Семей шартына сәйкес өңір­дегі көршілес елдермен бірлесіп құрған ОАЯҚАА – Солтүстік жарты шардағы осындай алғашқы және қазіргі таңда жалғыз аймақ болып отыр. Ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық қаруды осы Шартқа қатысушыларға қарсы қолданбауға міндеттелетін жағымсыз кепілдіктер туралы Хаттама оған негізгі толықтыру болды. Осыған байланысты біз Ұлыбританияға, Қытайға, Ресейге және Францияға осы маңызды құжатты ратификациялауды аяқтағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Былтыр Шарт­тың тараптары – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сыртқы істер министрлері Шарттың 15 жылдығына арналған бірлескен мәлім­деме жасады, онда олар Шарттың ере­желеріне мызғымас бейілділігін растады және америкалық серіктестерді Хат­та­маны мүмкіндігінше тезірек ратифи­кациялауға шақырды. Бүкіл әлем бойынша Ядролық қа­русыз аймақтарға қатысушылар ядролық қарусыздану үдерісінің алдыңғы қата­рында тұр. Ядролық қарудан азат ай­мақтарды құрудың негізгі мақсаттары мен міндеттері ЯҚТСШ қағидаттары мен философиясына сәйкес келеді. Бұл Се­мей шартына қатысушы мемлекет өзіне қосымша ауыртпалық түсіретін мін­деттемелерді қабылдамай, ЯҚТСШ-ға қосыла алатындығын білдіреді. Бұдан басқа, егер Семей шартына қатысушы мем­лекет шарт ережелерін жүзеге асыру мақсатында тиісті ұлттық нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаған болса, онда бұл ЯҚТСШ-ға қосылу арқылы мемлекет өзіне қабылдайтын міндет­темелерді орындауға жеткілікті болуы мүмкін. Мұны ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы жетекші халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар растап отыр. полигон Сондай-ақ ЯҚТСШ әлемнің әртүрлі өңірлерінде, соның ішінде өз елдерінің үкіметтері мен парламенттерін шартқа қосылуға шақыратын азаматтық қо­ғам­ның күш-жігері арқасында танымал бола бастағанын ерекше атап өткен жөн. Қазақстан бірқатар еуропалық елдердің (Швейцария, Швеция және Финлян­дия) шешімін, оның ішінде НАТО мү­шеле­рінің (Германия және Норвегия) ЯҚТСШ-ға қатысушы мемлекеттердің Бірінші конференциясына бақылаушы ретінде қатысу ниетін құптайды. Шарт – біздің ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі алдағы күш-жігеріміз үшін тағы бір тиімді платформа. Қазақ­стан адамзаттың қазіргі және болашақ ұрпақтары алдында жоғары жауап­кер­ші­ліктің үлгісін көрсетуді жалғастырады. Осы тұрғыда Қазақстанның баста­ма­сы бойынша 2015 жылғы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессия­сында қабылданған БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын да атап өтпеуге болмайды. Жалпыға бірдей дек­ларация ядролық қаруды қолдануға немесе қолдану қаупіне қарсы жалғыз абсолютті кепілдік ретінде ядролық қа­руды толық жоюға шақырады. Былтыр қарар бұл процестің оң ди­намикасын көрсете отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің 141 дауысының рекордтық санын жинады. Ядролық қаруы бар Үндістан мен Солтүстік Корея мемлекеттерінің, сондай-ақ қарардың тең авторларының қатарында болған Иранның қолдауы ерекше назар аударды. Ядролық қаруды халықаралық құқық шеңберінен тыс деп жариялау аясында ядролық қаруы бар мемлекеттерді ядро­лық қарусыздану саласындағы жедел және шұғыл қадамдарға шақыру айтар­лықтай күшейеді. Осы мақсатта Қазақ­стан ядролық елдер мен ЯҚТСШ-ны қол­даушылардың ұстанымдарын жақын­дастыру және олардың арасындағы се­німді нығайту үшін ұдайы диалогқа ша­қырады, бұл қазіргі күрделі геосаяси жағдайларда аса қажет. Мұндай жұмыс еліміз 77-ші сессия барысында төрағалық ететін Бас Ассамблеяның Бірінші коми­тетін қоса алғанда, БҰҰ шеңберіндегі ядролық қарусыздану және бейіндік алаңдар жөніндегі Стокгольм бастамасы шеңберінде де жүргізілуде. ЯҚТСШ-ға қол қоюдың ашылуы және оның күшіне енуі көптеген елдерге бүгінде ауыр дағдарысты бастан кешіріп жатқан қауіпсіз және ақылға қонымды әлемді қалыптастыруға қосымша үміт берді. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гу­терриш атап өткендей, бүгінде әлемде 13 400-ге жуық ядролық оқтұмсық та­рал­ған кезде, ядролық қаруды қолдану мүм­кін­дігі қырғиқабақ соғыстың ең ауыр күн­­деріне қарағанда шынайы бола бас­тады. Украинадағы қазіргі әскери қақ­тығыс, ядролық қаруды қайтару туралы әңгі­мелер және оны қолданудың қауіп­тері бізді адамзаттың ұжымдық осалдығы ту­ралы және қырғынға ұшырататын қа­руға тыйым салу мен жоюдың шұғыл қа­­жеттілігі туралы ойлануға мәжбүр етеді. Қазақстанның ядролық қарусызда­нуға қосқан практикалық үлесі халықтар мен үкіметтерді өзара сенімді нығайту негізінде планетамызды ядролық өзін-өзі жою қатерінен арылту үшін күш-жігерді екі есе арттыруға шақыруға моральдық құқық береді. Осыны ескере отырып, Қазақстан 2022 жылы ЯҚТСШ-ның Бірінші кездесуінің төрағасының орын­басары және 2024-2026 жылдар кезеңінде Үшінші кездесуінің төрағасы лауазымына өз кандидатурасын ұсынды. Біз барлық мемлекеттерді, соның ішінде ядролық державаларды, БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай, 2045 жылға дейін ядролық қаруды толық жоюдың кезеңдік жоспарын әзірлеуге шақырамыз. Осы мақсатқа қол жеткізу туралы ұсыныстар мен уағдаластықтар ЯҚТСШ-ның бірінші конференция­сы­ның да, ЯҚТШ-ның шолу конферен­ция­сының да қорытынды құжаттарында көрсетілуі мүмкін. Қазақстан осы игі мақсатқа қол жет­кізу жолында көптеген саяси және тех­никалық кедергілер бар екенін түсінеді. Осы бағытта практикалық жұмысқа кірісуді қажет деп санаймыз.

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі