Шетелдіктер ұлттық ерекшелікті көргісі келеді – Ғани Назарбек
Шетелдіктер ұлттық ерекшелікті көргісі келеді – Ғани Назарбек
846
оқылды
Түркістанда бір жігіт бар. Ол – табиғат жанашыры, қызғалдақ қорғаушысы деген атпен танымал Ғани Назарбек. Ғани әлеуметтік желі арқылы үнемі табиғаттың тылсым дүниесін насихаттап, оны қорғап-аялау қажеттігін жастардың бойына сіңіріп жүреді. Бүгінде Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтін Ғани Саттарханұлына біз бірқатар сұрақ қойған болатынбыз. – Қазақстандағы, оның ішінде оңтүстік өңірдің тұмса табиғатын талай тамашалағаныңыз белгілі. Туризм саласында қандай дүние­лерге мән берілмей келе жатқанын байқадыңыз? Неге басымдық бер­ген­де ішкі туризм дамиды деп ой­лайсыз? Жалпы, шетелдіктер қан­дай дүниелерге қызығушылық танытады? – Өңірімізге келіп жатқандар сол баяғы туристер. Еш нәрсе өз­гере қойған жоқ. Инфрақұ­рылым, асхана, қызмет көрсету, қонақүй барлығы да сол күйінде. Өздеріңізге белгілі, бізге келушілердің басым бөлігі – зиярат етушілер. Шетел­дік­терді де ЮНЕСКО тізіміне ен­ген Қ.А.Яссауи кесенесі қы­зық­тырады. Түркістанда біз негізгі ба­сымдықты Яссауиге береміз. Әрине, ол бірінші кезекте тұруы тиіс. Бірақ ол жерде қазақтың қан­шама батырлары мен хандары, би­лері және тарихы жатыр. Қа­зақ­тың салт-дәстүрін, этнотуризмді ұмытып барамыз. Қырғыз Респуб­ли­касы мен Монғолияда салт-дәс­түр этнотуризмі қатты дамып кет­кен. Біз Ақсақ Темірдің музейін ғана жарнамалап жүрміз. Былайша айтқанда, Өзбекстанның көлең­ке­сінде тұрмыз. Самарқандқа барған турист Ақсақ Темір салған құры­лыстың ізімен Яссауи музейіне ке­леді. Отырарға барғандар Арыс­танбабқа кіреді де, Отырар қала­сын көрмейді. «Рухани жаңғыру» ая­сын­да Арыстанбаб маңындағы Өзбекәлі Жәнібеков туралы ай­тыл­майды. Осындай мәселелер өте көп. Біз бір бағытты ғана алып жүр­міз. Егер біз жан-жақты бәрін алып жүретін болсақ, шетелдіктер де, еліміздің туристері де Түркі­стан­да бірнеше күнге қалуға болар еді. Жалпы, бізде тек Түркістан об­лысын ғана алатын болсақ, та­би­ғаты алуан түрлі. Мәселен, Түр­кістанда жаздыгүні 45 градус ыс­тықта тұрып, 2 сағаттан кейін 15 градус жылы Ақсу Жабағылыдағы Сайрам Өгемге жетуге болады. Одан кейін бізде үлкен-үлкен шөлді, аласа-биік таулы, қырлы, құмды аймақтар бар. Шардарадағы теңізіміздің өзі неге тұрады?! Со­ның өзін пайдалана алмай жатыр­мыз. Ол тек көзбен көретін әде­мілік емес, оның ішінде көптеген әдемі дүние бар. Сосын құстарды тамашалау туризмі – туристік ба­ғыттардың бірі. Ал біз оны мүлдем пайдаланбаймыз. Сонымен қатар біздің Қаратау Буралдай тау жүйелерінде өсім­діктер жұмағы бар. Өсімдіктерді зерттейтін тек ғалымдар емес, бас­қа да әуесқой адамдар көп. Қа­ратауда Жерорта теңізі класына жататын және қызыл кітапқа енген сирек кездесетін өсімдік түрі көп. Біз бұған да мән бермей келеміз. Біз бірінші кезекте өзіміздің ішкі туризмге жағдай жасауымыз керек, жататын жеріміз, ішетін тамағы­мыз арзан болуы тиіс. Өзге елдерге қарағанда біздің та­биғатымыз саф күйінде сақталып тұр. Шетелдіктер соған көп қызы­ғады. Одан кейін, сол елдің халқы, салт-дәстүр мәдениетіне аса мән береді. Келген кезде сөйлеген сөзі­мізге, жүріс-тұрысымызға, киім-киісімізге, шаруашылығымызға ден қояды. Кейде шетелдіктердің бізге қапа болып кететінін жасыра алмаймыз. Себебі Қазақстанда тұ­рып орыс тілінде қызмет жасай­мыз. Асхана, гид, қонақүй қызметі көбінде орыс тілінде. – Табиғат жанашыры ретінде қандай шараларды жүзеге асыр­дыңыз? Сонымен бірге не істесем деген арманыңыз бар? Ғылыммен де айналысып жүр екенсіз. – Иә, бірқатар тірлік істелді. Негізінен сол қызғалдақтарды құр­меттеу, петрогливтер, экологиялық туризм және табиғатты бүлдірмеуге атсалысу мәселелерін айтып қана емес, оны іс жүзінде жүзеге асырып та келеміз. Көп жылдан бері осы салада жүрсем де, ғылыммен айна­лыса бастағаным соңғы кездері ғана. Байқағанымдай, Қазақстанда осы салада ғылыми жұмыстармен айналысатын маман аз екен. Та­биғатты зерттейтін қазақша ақ­парат мүлдем жоқ десе де болады. Интернеттен, кітапханадан тапқан күнде де орыс тіліндегі түсініксіз аударма. Табиғат туралы қазақ ті­ліндегі сіңімді, түсінікті ақпарат міндетті түрде керек. Сол үшін мен ғылымға кеттім. Ашылмай жатқан біраз дүниелерді қолға алдық. Жас­тар табиғатты зерттейтін ғылымға келсе деген арманымыз бар. Әл­бетте, ол үшін жалақыны көбейту керек. Аптасына 5 күн далада жү­ретін жұмысқа 60-100 мың теңге көлеміндегі айлықпен ешкім кел­мейді. Осы мамандықты тәмамдап жатқан жастар бар, бірақ біздің салаға жақындамайды. Арманымнан бөлек, өкінішімді де айтқым келіп отыр. Сайрам Өгем ұлттық паркінде Сайрамсу бағыты және Сырдария өңірлік та­биғи паркі аумағының Бу­рал­дай филиалында керемет Тұт­ты­бұлақ сарқырамасы бар. Екеуін де ел онша біле бермейтін. Жолы нашар, көпірлер жоқ болды. Біз осынау жерлерге туристік маршрут жа­садық. Қазір осынау табиғатты тамашалауға демалушылар жиі келеді. Бірақ өсімдіктерді басып, ластап, бүлдіріп кетеді. Адамдар­дың туристік сауаттылығы дамы­майынша, мұндай әсем жерлерді көрсетпеу керек екен деп түйдім. Карантинге дейін Қайрат Кәрі­баев, Асхат Шотаев сияқты аға­ларыммен бірігіп, мемлекеттің қол­дауынсыз экосенбіліктер ұйым­дастырып тұрдық. Оны үнемі әлеуметтік желіге жариялау арқы­лы халықтың сауатын ашуға септігіміз тиді деп ойлаймын. Одан бөлек, табиғаттың керемет жерле­рін көрсетуге талай адамды алып шықтық. Біз өңірімізде осындай ке­ремет жерлер бар екенін айт­қы­мыз келді. Есесіне артымыздан ізбасар ерттік. Қазір Диас, Тимур есімді жігіттер ешкімнің көмегіне сүйенбей-ақ, өздері өте керемет таныстыру жұмыстарын жүргізіп жүр. Сондай жастардың пайда болғанына қуанамыз. Жаңа толқын табиғатқа жаңа әдіспен келіп жатыр. Енді ғылымға да тура сондай жастар келсе деймін.  – Иә, жалпы бізде табиғатқа деген жанашырлықтың, туристік сауаттылықтың әлі төмен екенін жасыра алмаймыз... – Бізде табиғатқа жанашырлық біртіндеп қолға алынып келе жа­тыр. Бұрын мүлдем мән берілмеген еді. Біз табиғатты пайдалануды ғана ойлағанбыз. Қазір біртіндеп қалып­тасып келеді. Жастар дема­лыс аймақтарына барғанда қо­қыстарын міндетті түрде арнайы орындарға тастайды немесе алып кетеді. Ке­рісінше, бізде ересек адамдардың, үлкен кісілердің табиғатқа деген көзқарасы әлі дұрыс емес. Әлеуметтік желіде 5-6 адам бар, солар табиғатты аялауды үгіт­теп жатырмыз. Ал мемлекет тара­пынан, шыны керек үгіт-насихат жоқ десе де болады. Бізде жылда әлемдік практикамен өтетін «Парк­тер шеруі» деген акция бар. Мұның өту дәстүрі, формасы ес­кірген. 100 жылдық формамен өтіп жатыр. Халыққа, жастардың бо­йына сіңіретіндей іс-шаралар өт­кі­зуіміз керек. Туристік сауатты­лық, туристік мәдениет өте қиын. Көпшілік қай уақытта кай жерде демалу керек екенін білмейді. Та­биғат аясына бір рет шығып, тамақ дайындап, оны ішіп-жеп қайту деп ойлайды. Соңғы уақыттарда Алматы, Шымкент қалаларында халықты бір күндік саяхатқа алып шығып, тур ұйымдастыратын жастар кө­бейіп жатыр. Оларды ерекше атап өту керек. Негізінен, халыққа ту­ристік сауаттылықты үйретіп жүр­ген де осы кісілер. Міне, со­ларға мемлекет тарапынан қолдау қажет. Тау-тасқа шығатын авто­көлік, ту­ристік жабдықтар алып беру жа­ғынан қолдау болса. Ал билік ро­ликтер түсіріп, үнпарақтар тарату арқылы туристік сауаттылықты арттырғысы келеді. Бірақ ол өт­пейді. Туристер демалу – ішіп-жеу емес, физикалық, рухани демалу екенін сезінуі тиіс. Бізде көбінесе табиғатқа шығып, шаршап қай­тады. Сөйтіп, туризмді адам ден­сау­лығына кері пайдаланады. Не­гізі туризм адам денсаулығының локациясын қалпына келтіруге бағытталған дүние ғой. – Әңгімеңізге рақмет!

Түркістан облысы