Пандемия санэпидем қызметтің айрықша маңызын айқындап берді – Ержан Байтанаев
Пандемия санэпидем қызметтің айрықша маңызын айқындап берді – Ержан Байтанаев
Жаһанды жайлаған талай эпидемиялардың бетін қайтарып, елді аман алып қалуда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің маңызы өте зор. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев әлеуметтік желідегі парақшасында сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, ой бөлісті.
«Әлем жұрты жапа шеккен оба, халыққа кесапат әкелген тырысқақ, дүниені дүр сілкіндірген Эбола бар. Аты аталмағандары қаншама?! Қазір бұлардың бірі де жоқ. Бұл – сан-эпид қызметінің білікті жұмысының нәтижесі. Ауру анықталған бойда эпидбригада қорғаныс құралдарын сайлап, ауру ошағына жедел жетіп, эпидемиологиялық зерттеу жүргізеді. Науқаспен байланыста болғандарды шұғыл анықтап, оқшаулайды. Аурудың таралу тізбегін үзу, карантин шараларын енгізу жұмыстарын ұйымдастырады. Бұл әрекеттер бір ғана науқасты емес, бүтін бір елді сақтап қалу үшін жүргізіледі», – деп жазады ол.
Әлемді жайлаған індеттің аталған қызметтің маңыздылығын көрсеткеніне тоқталады.
«Пандемия сан-эпид қызметтің айрықша маңызын айқындап берді. Кешегі локдаун есімізде. Мемлекеттік органдардың жұмысын реттеп отыру, үйлестіру, елге карантин енгізу, мемлекеттік шекарадағы қозғалыс, кәсіпкерлердің жұмысы, тыйым салу мен рұқсат беру – барлығы Бас санитар дәрігердің Қаулысына тәуелді болды. Сәл қателесуге, мүлт кетуге мүлдем болмайды. Себебі, әрбір шешімнің артында адам тағдыры, ұлт саулығы тұр. Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында эпидахуал біршама тұрақтанды», – дейді.
Санитариялық-эпидемиология қызметі жыл бойы дамыл таппайтынын айтады.
«Қыс, күз – тұмау мен ЖРВИ-дің, көктем – кене энцефалиті мен кене шағудан зақымданудың, жаз – жедел ішек инфекциясы мен серрозды менингиттің өршитін уақыты. Сондықтан, сан-эпид қызмет 365 күн бойы ұлт саулығы күзетінде», – деген Ержан Байтанаев сала қызметкерлерінің жауапты жұмысына табыс тілейді.