Үкімет пен Есеп комитетінің есебі бекіді
Үкімет пен Есеп комитетінің есебі бекіді
356
оқылды
Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі бекітілді. Отырыста Бюджет мәселе­лерімен қатар, Парламентте Конституциялық Кеңес төраға­сы Қайрат Мәми «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын, 1995 жылғы Консти­туцияның тарихи рөлі туралы айтты.
«Айдың басында өткен респуб­ликалық референ­думның нәтиже­сінде мақұлданған конституциялық түзетулер қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту­дың құқықтық негіздерін қалады. Алдымызда тұр­ған басым міндет – жаңартылған Кон­ституцияның мәнін терең ұғы­ну, бүкіл заңнаманы оған сәйкес­тен­діру», – деді Конституциялық Кеңес төрағасы.
Жиында Үкіметтің және Рес­пуб­ликалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды. Ол туралы Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.
«Үкіметтің есебі Парламент Мәжілісі мен Сенатында егжей-тегжейлі талқыланды. Оны қарау кезінде экономиканың барлық бағыттары бойынша жүздеген сұрақтар мен ұсыныстар берілді. Олар жұмыс топтары мен комитет­терде де талқыланды. Депутат­тардың ұсынымдары Үкімет жұ­мысында ескерілетін болады. 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Эко­номиканың барлық негізгі сала­ларында оң нәтиже болды. Мә­селен, өнер­кәсіптік өндіріс көлемі 3,8 пайызға, құрылыс саласы 7,6 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 9,2 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвес­тициялар көлемі 3,5 пайызға ұлғай­ды», – деді Премьер-Министрдің орын­басары.
Сондай-ақ Е.Жамаубаев был­тыр инфляция 8,4 пайызды құра­ғанын, жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталғанын атап өтті. Отырыста баяндама жасаған Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова 2015 жылдан бері Ұлттық қордағы қаражат белсенді пайдаланылып келе жатқанын айтты.
«2019-2020 жыл туралы айтып отырған жоқпыз. Шынымен де, пандемиямен байланысты дағда­рыс­қа қарсы шараларға қаржы қажет болды. Бірақ 2021 жылы жал­пы ахуал айтарлықтай жақ­сарды. Мемлекет басшысының рес­пуб­­ликалық бюджет Ұлттық қор­дың қаражатына арқа сүйемеуі керектігі туралы тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трлн теңге жұмсалды. Ал бұл кезеңде Ұлттық қорға 4,3 трлн теңге ғана кіріс түскен», – деді комитет төрағасы.
Бірлескен отырыста Мәжіліс пен Сенат депутаттары С.Симонов пен С.Карплюк бюджеттік есептер бойынша сөз сөйледі. Мәжіліс депутаты С.Симонов салықты әкімшілендіру ісіндегі олқылықтар Ұлттық қорға кері әсер етіп жатқанына тоқталды.
«2021 жылы кейбір жоспарлы көрсеткіштер орындалғанына қарамастан, заңсыздықтар мен кемшіліктер бар. Салықтық әкімшілендірудің әлсіздігінен Ұлттық қорға тәуелділік артып отыр. Бұған дейінгі жылдар сияқты кірістердің үштен бір бөлігінен астамы Ұлттық қордан алынған. Кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш жоғары болып тұр. Үкіметтің есебі бойынша, 2021 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің арқасында респуб­ликалық бюджетке 683,6 млрд теңге қосымша кіріс түскен. Алайда Есеп комитетінің бағалауы бойын­ша, бұл шаралардан 378 млрд теңге ғана түскен. Яғни, 44,7 пайыз аз», – деді депутат.
С.Симонов атап өткендей, 2022 жылдың 1 қаңтарында респуб­лика­лық бюджеттің кіріс толымсыздығы 451 млрд теңге болған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Яғни, толымсыздық 387 млрд теңге өскен. Сонымен қатар отырыс бары­сын­да Парламент депутаттары Д.Мыңбай, Н.Жүсіп, А.Бойчин, Ғ.Дүйсембаев, М.Құлшар, С.Алда­шев, Е.Смышляева, С.Дүй­сем­бинов, Д.Еспаева, Л.Рысбек­­ова, Б.Дүйсембинов, А.Күріш­баев, А.Қоңыров және Д.Нөкетаева сұ­рақ­тар қойып, өз пікірлерін ор­та­ға салды. Бірлескен отырыс соңында Парламент Есеп комитеті мен Үкі­мет­тің 2021 жылғы респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті. Өз кезегінде Премьер-Министр Ә.Смайылов депутаттарға 2021 жылғы республикалық бюджетті ат­қару туралы Үкіметтің есебін қарастыру кезіндегі жұмысқа бел­сенді қатысқандары үшін алғыс білдірді. Айта кету керек, жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Конституция­лық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары және Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент Пала­талары аппарат­тарының жауапты қызметкерлері қатысты.

М.ХАҚНАЗАР