Партияның Саяси кеңесі өтеді
Партияның Саяси кеңесі өтеді
319
оқылды
Nur Otan партиясы Төра­ға­сы­ның Бірінші орын­­басары Бауыржан Байбек Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл агент­т­ігінің алқа оты­ры­сына қаты­сып, онда «Nur Otan пар­тия­сы­ның қо­ғамдағы сы­бай­­лас жем­қор­лыққа нөл­дік төз­­беу­шілік қағидат­та­рын іске асыру­дағы рөлі» тақыры­бында баяндама жа­сады. Өз сөзінде Бауыржан Байбек биылғы наурызда Ел­басы­ның қатысуымен партия Саяси кеңе­сінің кеңей­тілген отыры­сы өткі­зі­летінін айтты. Партия Төрағасы Бірінші орын­басарының сөзіне қара­ғанда, Саяси кеңесте қара­латын мәселелердің бірі ретін­де партияның сыбайлас жем­­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл және пар­тия­шілік тәртіпті сақтау бойын­ша жұ­мысы сөз болмақ. Сондай-ақ сы­­байлас жем­қор­лық­­қа қарсы іс-қи­мыл жөнін­дегі пар­­тиялық бағ­дар­ламаның бірін­ші кезеңін жүзеге асыру қорытын­дысы шығарылады.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан 2050 даму стратегиясының мақ­сат­тарына мемлекет пен қоғамның жемқорлыққа қарсы бірлескен күресі арқылы қол жеткізуге бо­лады. Сыбайлас жемқорлық – еліміздің барлық жетістіктеріне себеп болған Тәуелсіздігімізге нұқ­сан келтіретін басты фак­торлардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жүйелі кү­ресті өзінің Сайлауалды бағдар­ламасының басты бағыты ре­тінде айқындады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – Nur Otan партиясы үшін басым бағыттардың бірі, – деді Бауыржан Байбек.
Биыл партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағ­дарламасының 2025 жылға дейінгі екінші кезеңін іске асыру басталады. Партия мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғам­дық бақылауды күшейту, жер­гі­лікті өзін-өзі басқару орган­да­рының өкілеттілігін кеңейту, квази­мем­лекеттік сек­торда сыбайлас жемқорлық құқық­бұзушылықтар субъектілерінің шеңберін кеңейту және мем­лекеттік қызметшілердің шы­ғар­машылық, сонымен бірге басқа да ақылы жұмысты іске асыру тәртібі бойынша заң жо­баларын әзірлеуді көздейтін екінші кезеңнің Жол картасын жасаған. Сондай-ақ Жол картасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық рейтингтерде, соның ішінде Transparency International сыбайлас жем­қорлықты түйсіну индексінде, Дүниежүзілік эконо­микалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рей­тингінде Қазақстанның пози­циясын жақсарту бойынша іс-шаралар қарастырылған.   Ерке ЕРҚОҢЫР