Көптің қалауы – ойын алаңы
Көптің қалауы – ойын алаңы
1,316
оқылды
Елімізде 2022 жыл Балалар жылы болып белгіленгені белгілі. Әйтсе де, қызылордалық балалар айдарлы жылдың шарапатын сезіне алмай тұрғандай. Көпқабатты үйлердің тұрғындары дәл осы жылы тым құрыса аулаға жайлы ойын алаңы салынғанын қалайды. Аудандарды айтпағанда, облыс орталығының өзінде бір ойын алаңы салынса деп зор үмітпен қарап отырғандар көп. Әсіресе, бұл мәселе Қызылорда қаласының шет аймақтарына қоныстанғандардың жанына әбден батқан. Қаланың халық көп шоғыр­ланатын орталық көшелерінде ойын және спорт алаңдары бар­шылық. Дей тұрғанмен, мұндай орындарға шет аймақ тұрғындары­ның күнделікті келіп тұруына мүмкіндігі бола бермейді. Алайда жауапты орындар оны ескеріп жатқан жоқ. Бұл тұрғыда олар об­лыс орталығының шеткері бөлігі­нен үй салуға жер телімі берілгенде мұндай олқылық ескерусіз қала беретінін түсінбей дал. Қаланың іргесіндегі Тасбөгет кентінің халқы осылай деп мұңын шағып отыр. Тасбөгет кентінің тұрғындары көптеген әлеуметтік мәселе елеусіз, ескерусіз қалып отырғанын алға тартады. Не жарыққа, не ауызсу мен кәріз жүйесіне жарымады. Жол мәселесі өз алдына. Оған енді ойын және спорт алаңдарының жоғы қосылып отыр. Тасбөгеттіктер ең болмағанда Балалар жылында балаларға ойын және спорт алаңы салынып, толағай қуаныш сыйлай алмағанына қапалы. Кенттің шет аймағында тұрып жатқан Күнғабыл Байназаров өзі тұратын аумақта балаларға ойын алаңы жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, Тасбөгеттің шеткі көшесінде тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне ешқандай жағдай жасалмаған. Жергілікті билік тарапынан ескерусіз қалып тұр. «Негізі шет аймақ көшелерде мәселе шаш етектен. Жол, жарық, аяқ су мәселесі өз алдына бір төбе. Ал балаларға арналған ойын алаңы, спорт алаңы тіпті болған емес. Оны салуға ниетті адамдар да бой көрсетпей отыр. Балалар жылында балапандарымыз шаңды топырақ­тың үстіне ойнап келеді. Өз тара­пымыздан жол жиегінен тереңдігі 3-4 метр болатын алаңқай жасадық. Жергілікті әкімдік арқылы сол жерді тегістетіп, футбол ойнайтын алаң етіп, жасап қойдық. Алаңқай­дың айналасы күл-қоқысқа толы. Соған қарамастан балаларымыз осы жерде ойнауға мәжбүр. Басқа амалы да жоқ», – деп түсіндірді ол. Шындығында да, кенттің Әбіл­қасымов, Жүнісов және Жанкин көшелеріне жақын маңда қолдан жасалған бұл ойын алаңының сиқы адам шошырлық. Спортқа жаны құмар балдырғандарға бұл ойын алаңында ешқандай жағдай жасал­маған. Тұрғындарды айналасы қо­қыс­қа толы алаңқайда доп теуіп жүрген балғындардың денсаулығы алаңдатады. Алайда мәселені бү­гін-ертең шешуге ниетті жандар жоқ. Ал Тасарық шағынауданының тұрғындары тұрғын үй ауласындағы ойын алаңының талапқа сай емес екенін айтады. Мұнда спорт алаңы атымен жоқ. Сол аумақтағы бірнеше көп­қабатты тұрғын үйге ортақ жалғыз ойын алаңының бүгінгі жағдайы сын көтермейтін күйге жетіпті. Бұған дейін алаңға жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізіл­ген. Дегенмен жүрдім-бардым жүргізілген жөндеу жұмыстарының салдарынан ойын алаңы көп ұза­май қаз қалпына түскен. Ойын алаңындағы адамдар тынығатын орындықтар да көп ұзамай қолды болыпты. Балалар ойнайтын қондырғылардың сыры кетіп, жарамсыз күйге жеткен. Негізінен, өңірде Балалар жылы­на орай 50-ге тарта спорт алаңы салынбақ. Бұл жайында ірі бизнес өкілдерімен өткен жиында Қызылорда облысы әкімінің орын­басары Мархабат Жайым­бетов мәлімдеген еді. Оның сөзіне сүйенсек, бұл ретте меценаттар тара­пы­нан бастамаға қолдау көрсетіп жатқаны тілге тиек болды. Соның негізінде әлеуметтік нысан­дарды салуға ниетті кәсіпкерлерді мүмкіндігінше іске кірісуге шақыр­ған болатын. Десек те, балалардың ойнап, сауығатын орындары нақты қай аймақтарда салынатыны жайында әзірге беймәлім. Ал шет аймақ тұр­ғын­дары биліктің қала орталығын әрлей бермей, шаһар іргесіндегі алқаптарға да көңіл бөлінер деп үміттенеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы