Денесін бөлшектеп тастаған: Атбасарда өзен бойында боршаланған адамның мәйіті табылды
Денесін бөлшектеп тастаған: Атбасарда өзен бойында боршаланған адамның мәйіті табылды
6,051
оқылды
Атбасар қаласының іргесіндегі Жабай өзенінің жанында жантүршігерлік оқиға тұтас елді дүр сілкіндірді. Өзеннің жағасынан денесі боршаланған қыздың мәйіті табылды. Әлеуметтік желілерде лезде тарап кеткен мәліметте жұрт Атбасар қаласының көшесінде маньяк жүреді екен деген қауесет тараған. Ресми емес мәліметтер бойынша, қала тұрғындарының бірі өзінің көңілдес әйелін өлтіріп, денесін жасыру үшін бөлшектеп апарып, өзенге тастаған деген ақпарат шықты. Ақмола облысының Полиция департаменті аталған қылмыстық фактінің болғанын растады. Прокуратураның тексерісінен кейін БАҚ өкілдеріне ақпарат жолданды. Тергеп, тексеріс жүргізген полиция адамды аяусыз бөлшектеп өлтірген күдіктіні қолға түсіргенін мәлімдеді. «21 маусымда Атбасар ауданы Жабай өзенінің бойынан адам бөлшектері табылды. Полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде бір тәулік ішінде жәбірленуші адамның кім екені анықталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», – дейді Ақмола облысы Полиция департаметінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук. Полиция басқа да ақпараттар Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі бойынша жариялауға жатпайтынын жеткізді.