Халыққа есеп берген Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «АрселорМиттал Теміртау» 4 қаланың тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғанын айтты, – деп жазады inform.kz.
«Осыдан 60 жыл бұрын құрылған «АрселорМиттал Теміртаудың» активтері жоғары. Әкім ретінде мекеме басшысымен өндірістік қауіпсіздік мәселесіне аса мән беру туралы келісіп жатырмын. Егер 2019 жылы компания қауіпсіздікке 70-80 млрд теңге инвестиция бағыттаса, биылғы жоспар бойынша ол 190 млрд теңге болды. Бұл қаржы нысандардағы өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Мұндай шешім кен орнында болған апаттардан соң қабылданды», – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, өндірісті тоқтатып тастау оңай шаруа емес. «АрселорМиттал Теміртау» Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Барлығы 8 шахта жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін 16 жылда «АрселорМиттал Теміртауда» 109 жұмысшы қаза тапқанын жазған болатынбыз.