– Қадалы іргетас XVIII ғасырдан бері қолданыста кеңінен тарала бастаған. Оны І Петр Нидерландқа сапарында көріп келіп, кейін Санкт-Петербордағы ғимараттарды сол әдіспен салуды тапсырған. Сол ғимараттардың 80 пайызы әлі күнге дейін міз бақпай тұр. Бүгінде еліміздегі ғимараттарды салуда қадалы іргетастың дәстүрлі формасы пайдаланылады, – дейді ол.Инженер-ғалымдар соның орнына пирамида үлгісінде кеңейтілген форманы ұсынған. Оның тәжірибедегі тиімділігін зертханада жан-жақты тексеріп, патент те алған. Алайда бұл жобаны Қарағандыдағы темірбетон бұйымдар мен конструкциялар зауыты, Алматы көпір конструкциялары зауыты, «Базис» жобалық институты сияқты бірқатар өндіріс орнына жібергенімен, олардан жауап болмаған.
– Жылдап жүріп зерттеу жасайсың. Бұл жобаны докторантура бағдарламасы аясында жасағанымыз себепті бізде ай сайынғы стипендиядан басқа табыс та болмады. Әйтеуір, ең соңында көпшіліктің кәдесіне асса, сол еңбегіміздің ақталғаны болар еді. Тіпті, зауыттарға осы технологияны ақысыз да беруге келісеміз, бірақ ешқайсысынан кері байланыс жоқ, – деп қынжылады Нұржан Шаншабаев.Кәсіпорындар кеңестік әдеттен аса алмайды Қазір қазақстандық ЖОО-лардың әрбірінде ғылыми жобаларды коммерцияландырумен айналысатын департамент немесе орталықтар бар. Олар сол университет ғалымдарының коммерциялық әлеуеті бар жобаларын нарыққа шығару үшін қаржылық және әкімшілік қолдау көрсетеді. Назарбаев университетіндегі Коммерцияландыру кеңсесінің басшысы Данияр Жұмағұловтың айтуынша, отандық компаниялардың жаңа технологияларға қызығушылық танытпауы – жиі кездесетін құбылыс.
– Кеңестік жүйе және жоспарлы экономика кезінде барлық кәсіпорын өздерінің өндірістік процестері бойынша бір-бірімен байланыста болатын және сол кәсіпорындардың басшылығы бір кездері қалыпқа түскен өндіріс механизміне өзгеріс енгізуге мүдделі болмады. Әлі күнге дейін көп компания ғылыми жетістіктерден оң нәтиже күткеннен гөрі олардан келер қатерді ойлайды. Осылайша, олар үшін экономикалық тиімділік екінші орынға ығысып қалады, – дейді ол.Коммерцияландыру кеңсесінің басшысы өндірістік сектордағы мұндай қате түсінікті түзеу үшін ЖОО-ларға компаниялармен жұмысты келісімшарттық зерттеулер жүргізу форматынан бастау керек деп ойлайды. Яғни, зауыт-кәсіпорындар өздеріндегі ең күрделі деген технологиялық мәселелерді шешуге оқу орындарының ғалымдарына ақылы негізде тапсырыс беруі қажет.
– Мұндай серіктестік сәтті жүзеге асқан жағдайда, бір жағынан, ғалымдар да кәсіпорындардағы заманауи технологиялық процестер туралы практикалық тәжірибе мен білім алады, екінші жағынан, кәсіпорындардың да ЖОО-лар мен онда жасап шығарылатын технологияларға деген сенімі күшейеді, – дейді Данияр Жұмағұлов.Тапсырыс болса, табыстылық артады Осыған ұқсас пікірді Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының академигі, профессор Исабай Бекбасаров та айтты. Бірақ ол мұндай серіктестікті университет жанындағы коммерцияландыру кеңселері арқылы емес, керісінше, кәсіпорын жанындағы ғылыми сүйемелдеу бөлімдері арқылы құруды ұсынды.
– Бүгінгі қалыптасқан жүйеде оқу орындарының өндіріске ұсынған ғылыми өнімі жаңа болғанымен, техникалық тұрғыда іске асыруға жарамсыз немесе экономикалық жағынан тиімсіз немесе жай ғана елімізде сұранысқа ие болмауы мүмкін. Сондықтан университеттер жанындағы коммерцияландыру кеңселерінің орнына ірі отандық компаниялардың құрылымынан өндірісті ғылыми сүйемелдеу кеңселерін ашу дұрыс болар еді, – дейді профессор.Оның айтуынша, компания жанындағы өндірісті ғылыми сүйемелдеу кеңселері нақ сол кәсіпорынның жұмысын негізге ала отырып, өндірісті жақсарту мен жаңғырту, өнім сапасын арттыру бойынша нақты ғылыми міндеттерді анықтайды. Сол тапсырмаларға келісімшарттық және конкурстық негізде ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу институттары тартылуға тиіс. Осылайша, «ғылым өндіріске ұсынады» деген принциптен біз «өндіріс ғылымнан талап етеді» деген принципке көше аламыз. Соның арқасында ғалымдардың ғылыми жетістіктері нақты бір өндіріске еніп, оның тиімділігін сондағы мамандар бірден бағалай алар еді. Сонымен қатар Исабай Бекбасаров ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру барысында қазіргідей ҒЗЖ жобаларының конкурсын емес, нақты бір кәсіпорындардың ғылыми тапсырыстарын қанағаттандыратын нәтижелер көрсете алатын орындаушылар конкурсын ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
– Бұл арқылы өндірістік проблемаларды шешуге еліміздегі ең «ақылды» адамдарды жұмылдыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске бұлдыр-сылдырсыз енгізу, сондай-ақ ғылымның әрдайым сұраныста болуын қамтамасыз етіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражаттың өтелімділігін тездету деген мақсаттарға жете аламыз, – дейді ол.Ғылыми жетістіктердің өндірісте қолданылуына жол ашатын тағы бір амал ретінде академик кәсіпорындар мен ұйымдарға ҒЗЖ нәтижелерін өндіріске енгізу кезеңінде мемлекет тарапынан белгілі бір салықтық жеңілдіктер немесе экономикалық артықшылықтар ұсыну сияқты шараларды қарастырады. «Бағы жанған» жобаларымыз қанша? Десек те, бүгінде өндірісте өзінің тиімділігін дәлелдеп жатқан отандық ғылыми жұмыстар да жоқ емес. Олардың көбі – «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы ұйымдастыратын коммерцияландырылатын ғылыми жаңалықтарға арналған гранттар байқауында «бағы жанып, бақытын тапқан» жобалар. 2016-2021 жылдар аралығында аталмыш қор 3 байқау өткізіп, келіп түскен 1270 өтініштің арасынан 151 жобаның жүзеге асырылуына мұрындық болған. Оның 47-сі – агроэнеркәсіп, 20-сы – ақпараттық-ағартушылық қызмет көрсету, 40-ы – денсаулық сақтау, 44-і өнеркәсіп саласында кәдеге жараған. Мәселен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұсынған қопсытқыш-тыңайтқыш қолданысы тыңайтқыштар шығынын 30-50 пайызға төмендетуге, қоршаған ортаның ластануын азайтуға, өнімділік деңгейін 35-40 пайызға арттыруға, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді. Сатылымнан 43,5 миллион теңге табыс түскен. Тағы бір жоба – Назарбаев университеті ұсынған «Нәр» синбиотигі ағзаға тез сіңетін микроэлементтер мен дәрумендерге бай, ұзақ аурудан кейін ағзаны тезірек қалыпқа келтіруге көмектеседі, холестерин деңгейін төмендетеді, ішек функцияларын жақсартады. Оның сатылымы 134 миллион теңге табыс әкелген. Жуырда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов отандық ғылыми жобаларды коммерцияландыру нәтижесінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен жалпы табыс 16,3 миллиард теңгені құрағанын, 1400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылғанын, ғалымдар 338 миллион теңге табыс тапқанын, жобалардың экспорт көлемі 346,7 миллион теңге болғанын айтып еді. Егер елімізде ғылыми жобаларды коммерцияландыру жұмысында әлі де шикі тұстарды пісіріп, тиімді өзгерістер енгізілсе, біздің ғалымдарда бұл көрсеткіштерді он орап әкететіндей әлеуеті бар.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ