Реформалардың басты мақсаты – әділетті Қазақстан құру
Реформалардың басты мақсаты –  әділетті Қазақстан құру
626
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенаторлар кеңесінің отырысы өтті. Онда кеңес мүшелері «Конституциялық реформа –  Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбында ой өрбітті. Отырысты ашқан Мәулен Әшім­баев бүгінде Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен Жаңа Қазақстан құру жолында кешенді реформалар қолға алынғанын тілге тиек етті.
«Қазір еліміз үшін өте маңызды кезең. Ауқымды әрі кешенді рефор­малар қолға алынып, қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл реформалардың негізгі мақсаты –  әділетті саяси-экономикалық жүйе қалыптастыру. Әділетті жүйе дегеніміз, бірінші кезекте, заң үстемдігін орнату және азаматтардың бәріне бірдей тең мүмкіндік жасау. Бұл Жаңа Қазақстан құрудың негізгі мәні екені сөзсіз», –  деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ел Президентінің бастамасымен қолға алынған және референдум кезінде қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдірген реформаларды сапалы заңнамамен қамтамасыз ету қазір палатаның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Бұл ретте алдыңғы буын мемлекет қайрат­керлерінің, оның ішінде Сенаторлар кеңесі мүше­лерінің мол тәжірибесі мен білімі үлкен мәнге ие. Отырыс барысында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары коми­тетінің төрағасы Владимир Волков баяндама жасады. Ол құқықтық сала­ны, оның ішінде сайлау жүйесін, сайлау процесін жаңғыртудың, құқық қорғау институттарын күшейтудің маңызына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар іргелі сипатқа ие. Олар қоғамның саяси жүйені демо­кратия­ландыруға деген көпжылдық сұраны­сынан туындап отыр. Сондай-ақ бұл өзгерістер азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ету және Жаңа Қазақстан құруға тікелей қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді», –  деді Владимир Волков.
Отырыс кезінде Сенаторлар кеңе­сі­нің мүшелері Төлеубек Мұқашев, Серік Ақылбай, Георгий Ким, Дулат Құсдәулетов және Серік Бектұрғанов сөз сөйлеп, конституциялық рефор­маны іске асыру жөніндегі ойларымен бөлісті.