Қордайда жарияланған төтенше жағдай әлі де сақталады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, полиция мен ұлттық ұлан жасақтары аудандағы жұмысын әзірге жалғастырады.
Жұртты арандатып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар, билік өкілдеріне қарсы күш қолданып, адам өлтіргендер бойынша 25 қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратураның жетекшілігімен ведомствоаралық топ құрылып, кінәлілер іздестіріліп жатыр.
Ресми дерекке сәйкес, қақтығыстан 10 адам қаза тауып, 140-тан астамы жараланған. Зардап шеккендердің кейбірі шекара асып, қырғызстандық дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Қазір олар елге қайтарылып, қажетті ем-домын алып жатыр. Бүлінген дүние-мүлік те қайта қалпына келтіріледі. Тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіледі.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев: «Шығындардың барлығын заңға сәйкес төлейтін боламыз. Асыраушысынан айырылған отбасыларға көмек көрсетіледі. Ең үлкен мәселе – өртенген үйлерді, кәсіпкерлік орындарды қалпына келтіретін жергілікті құрылыс компания болады. Кім де кім өздері саламын десе келісімшарт жасаймыз», – деді.