Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов азаматтарды қабылдады. Қабылдауда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектерге әлеуметтік және медициналық қызметтерді ұсыну мен жақсарту туралы ұсыныстар айтылды.
Алматы қаласының тұрғыны, І топ мүгедегі Данияр Ахметжанов республикалық маңызы бар мәселені көтерді. Ол Алматы қаласындағы «Инватаксидің» жұмысына шағымданды. Оның сөзінше, «Инватакси» провайдерлері автокөлік құралдарын жеке мақсаттары үшін пайдаланады әрі мүгедектерге автомобиль бермейді екен. Бұл мәселе бойынша Данияр Алматы қаласының тұрғындарын әлеуметтік қорғау бөліміне бірнеше рет жүгінгенін айтты.
– Таксиге алдын ала тапсырыс беру мүмкін емес. Біз оны қажет кезінде пайдалана алмасақ, мұндай қызметті неліктен ұсынады? – дейді ол.
Бұл «Инватаксидің» Алматыдағы жұмысына қатысты жасалып отырған бірінші шағым емес. Көпшілігі мүгедектерге жаңа көліктерде жүру қауіпті екенін алға тартады. Кейбір машиналарда еденде колясканы ұстап тұратын және оны кабинаның айналасында арба жол бермейтін материалдар жоқ. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігі мен тұтқалары жоқ көліктер бар. Соған қарамастан биыл «Инватаксиге» 112,7 миллион теңге бөлінген.
Қабылдауға Ақмола облысынан келген Оралсын Хауази зейнетақы төлемдері мәселесі бойынша көмекке жүгінді. Алматы облысынан тікелей байланысқа шыққан Айдана Жанатбеккызы борыштық міндеттемелерді есептен шығару туралы Президент Жарлығының орындалмағанын айтып шағымданды. Ал Атырау облысынан хабарласқан Берік Жақсыбаев мүгедектікке қатысты бірқатар мәселені тілге тиек етіп, сауалдарын жолдады.
Кездесуде түркістандық Дүйсенәлі Жүсіпов мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі туралы сөз қозғады. Ол Түркістан облысындағы мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларының орындалмай жатқанын айтып, бұл мәселені ерекше назарға алу керек екенін жеткізді.
Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан да бейнебайланыс арқылы тікелей байланысқа шықты. Кездесу соңында түйткілді мәселелер бақылауға алынып, әрқайсысына жеке түсініктеме берілді.
Әбілмансұр ЖАСАН