Бұдан былай Отбасы банкінің клиенттері («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы алып тастай алады. Жаңа қызмет несиені мерзімінен бұрын, толық өтеген клиенттерге қолжетімді. Дәл сол күні олар өз баспанасын пайдалануға салынған шектеуді алып тастай алады.
Мобильді қосымшаның бөлек терезесінде клиент мекенжайды тіркеу кодын (МТК) көрсетуі керек. Ол egov.kz порталынан алуға болатын жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамада көрсетілген. Содан кейін клиент ауыртпалықтардың тоқтатылғанын тіркеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеуі қажет. Ізінше кейін ұялы телефонға SMS хабарлама түрінде жолданатын бір реттік құпиясөз арқылы операцияға қол қойылады. Осыдан кейін жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды жою рәсімі аяқталды деп санауға болады.
Егер жылжымайтын мүлік құжаттарының түпнұсқасы Отбасы банк бөлімшесінде болса, онда қызметкерлер клиентке қоңырау соғып, кеңсеге шақырып, оған ыңғайлы уақыт белгілейді.
– Отбасы Банк жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды жою қызметін онлайн режимінде қолжетімді еткен Қазақстандағы бірінші қаржы институты. Осыған дейін клиент банк бөлімшесі мен ХҚКО-на бірнеше рет баруы қажет болатын. Сондай-ақ оған 3-тен 6 күнге дейін уақыт жұмсайтын. Ал енді бұл рәсім небәрі 15 минуттың ішінде жасалатын болды. Клиенттеріміздің уақытын үнемдеп, банк бөлімшелеріндегі кезекті қысқарту мақсатында, күн сайын жұмыс үрдісін жетілдетіп, жаңа құралдар енгізіп, азаматтарымызға қызмет көрсету барысын ыңғайлы етудеміз. Бұл, сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қолдауы мен Blockchain технологиясының арқасында мүмкін болды», – деп түсіндірді «Отбасы Банк» АҚ Басқарма Төрайымының орынбасары Эльмира Распекова.
Жаңа қызметті бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қолданып көрді. Бұл процедура бас-аяғы 5 минут уақытты ғана алды. 2011 жылы ер адам Отбасы банкінен депозит ашып, баспана құнының 50 пайызын жинап, 2018 жылы тұрғын үй заемын алған. Енді ол несиені мерзімінен бұрын толық өтеп, мүлікке тіркелген құқықтарды алып тастады.
Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды онлайн режимде жою – пилоттық жоба. Әзірге ол несиені мерзімінен бұрын толық өтегендерге ғана қолжетімді. Қызметті дәл сол күні пайдалану керек. Қазіргі уақытта банктің IT мамандары аталмыш қызметті жетілдіріп жатыр. Болашақта оны несие өтелген уақыттан бір ай кешіктіріп те қолдануға мүмкіндік туады. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл қызметті несиесін төлем кестесіне сәйкес өтеген клиенттер де пайдалана алады.
Жаңа қызметті іске қосу Blockchain технологиясының арқасында мүмкін болды. Бүгінде Отбасы Банк оны пайдалану бойынша көшбасшы атанып отыр. Blockchain кепіл шарттарын тіркеу барысында жиі қолданылады. Оның көмегімен қазірдің өзінде 12 мыңнан астам келісімшарт немесе жалпы келісімшарттар көлемінің 38% тіркелді. Жыл соңына дейін Банк бұл көрсеткішті 100% жеткізуді жоспарлап отыр.
Бұрын кепілді тіркеу рәсіміне 3 жұмыс күні қажет болса, қазір ол 2-5 минут уақытты алады. Несие алуға өтініш білдірген банк клиенттері otbasybank.kz порталында кепіл шартымен/банктің қарыз шартымен танысып, ЭЦҚ арқылы қол қойып, мемлекеттік баж салығын төлеп, бірден тіркеу туралы хабарлама алады.