Енді еліміздегі мектептер ас мәзірін интернетте жариялауға міндеттелетін болды. Сол арқылы ата-аналар баласының мектепте не ішіп-жеп жүргенін біле алады. Әйтпесе мектептегі тамақтың сапасына көптің көңілі толмайтын. Талай дауға ұласқан кездер болды. Мәзір интернетте жарияланғанымен тағамның соған сай сапалы екенін кім бақылайды? Міндеттеу мәселені шеше ме?
Елімізде бірегей типті ас мәзірін даярлаумен тамақтану академиясы айналысады. Кейін оны Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдайды. Соның негізінде барлық мектеп жеке ас карталарын құрады. Осы күні Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрлігі мектептердің типтік мәзірін жаңалау үстінде. «Біз норманы бекіттік. Бірер күнде бұйрыққа қол қойып, ол бойынша әр мектеп ата-аналарға арнап, «Күнделік» немесе басқа да жүйелер арқылы белгілі бір порталда асхана мәзірін жариялауға міндеттеледі. Тамақтану тақырыбына келгенде ақпараттың ашықтығы маңызды», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.Негізі, мектептегі ас мәзіріне қатысты проблема жетерлік. Кейбір мектептерде тағамдардың бағасы шамадан тыс қымбат. Жарты литрлік минералды ауызсудың бағасы 300-350 теңге тұратын жайлар да кездескен. 2016 жылы мектептегі тағам рационы бойынша бірыңғай стандарт енгізілді. Бірақ одан бала түгілі ата-аналар хабарсыз қалды. Стандарттағы 4 апталық ас мәзірі туралы көбі сол күйі білмей кетті. Енді салаға жауапты ведомство мәселені ашық жариялау арқылы шешпек. Ата-ана ас мәзірін ғаламтордан қарар, дегенмен ол тағамның сапасын қалай бақылай алады? «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбек егер ас мәзірін білсек, сапасын бақылау оңай іс екенін айтады.
– Мектепке қажетті азық-түлікті жеткізушілер болады. Тендермен алатынын білеміз. Көп кінәрат соларда. Бізге бұрын шағымданғандар жетерлік. Мәселен, астың орнына сылдыр су берген жағдайлар кездесті. Оны балалар жемейді де. Дәміне қатысты шағым көп. Кезінде Шу қаласында мектептегі ас мәзіріне байланысты үлкен дау болған. Бекітілген ас мәзірін ата-аналар көре алмаған соң жөнді тексеріс өтпейді. Сондықтан мәзірді интернетке жариялаған дұрыс. Әрине, мәзірді білген бір бөлек, тағамның сапасы өзге әңгіме. Бірақ ата-ананың, тексеруге құзыры бар жауапты адамдардың қолында тізім болса, кез келген уақытта астың сапасымен салыстырып, кемшілігін анықтай алады, – деді ол.Ал мектеп асханасын жалға алатын кәсіпкерлердің де өз бас ауруы бар. Мысалы, асхананы бір жылға ғана жалға алу олар үшін тиімсіз. Өйткені сол аралықта табысы сатып алынған құрылғылардың да құнын ақтап үлгермейді. Сонан соң тамақ сапасына бейжай қарауы мүмкін. Сондықтан жауаптылар асхананы жалға алу мерзімін 3-10 жыл арасында болатындай етіп қарастырмақ. Сапа сын көтере ме? 2018 жылы елімізде мектеп жасындағы балалар арасында ас қорыту жүйесі ауруларының көбейгені жарияланды. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни әрбір бесінші жас жеткіншек артық салмақтың зардабын тартатын болған. Оның бәрі дұрыс тамақтанбағаннан туындап отырған мәселе екенін мамандар алға тартқан. Елімізде оқушылар үшін тамақтанудың типтік тәртібі бар. Онда баланың дене бітіміне, жас ерекшелігіне байланысты қандай тағамнан, сусыннан қанша грамм ішіп-жеу керегі жазылған. Мәселен, 6-10 жас аралығындағы бала бір күнде 33 грамм жеміс шырынын, 4 грамм кисель ішуі керек. 1 грамм ғана жұмыртқа жейді. Мектеп оқушыларының тағамында тұздың ұсынылған мөлшері күніне 5 грамм немесе 1 шай қасықтан аспауы тиіс. Осы сияқты басқа тағам түрлерінің тізімі жалғаса береді. Осының бәрін асхана қызметкерлері ескеріп, әрбір тағамды таразыға тартып, өлшеуі керек. Алайда мектептегі асханада оқушының жасына қарай тағамды таразыға өлшеп тұрмайды. 2017 жылы мектеп асханасында оқушылардың денсаулығына зиянды тағамдарды сатуға тыйым салынды. Бірақ балалар мектеп сыртындағы дүкеннен түрлі тағам сатып алып жүр. «Білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» ережесінің 119-тармағында газдалған сусындар, пицца, шұжық сияқты арзан әрі сапасы төмен тағамдарды балаларға беруге рұқсат етілмейді. Мектеп сыртындағы дүкендерге бұл талапты қоя алмайсыз. Ереже бойынша тек мектептің ішіндегі жағдайды бақылауға құзырлы. Бұл мәселедегі жауапкершілік айналып келгенде ата-ананың өзіне жүктелетіндей.
Не десек те, мектептегі асханалардан шикілік көп шығып жатыр. Соңғы жылдары тексеріс жекелеген талап-арыздарға байланысты болып кетті. Ал 2017-2018 оқу жылында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандар білім беру ұйымдарының ас блоктарына 4 145 тексеру жүргізген екен. Соның нәтижесінде жиі кездесетін небір құқықбұзушылық анықталған. Әсіресе, мектептердегі өнімнің сақталу шарттары мен жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, ас дайындайтын ыдыстар мен құрылғыларды күтіп ұстамаған, технологиялық, тоңазытқыш жабдықтары мен мүліктері таңбаланбаған, жабдықтар мен мүліктерді сақтау және өңдеу ережелері бұзылған. Бұл тек бір шеті ғана. Тіпті, қызметкерлер жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамаған болып шыққан. Бірақ құқықбұзушылық жасағандар жұмысынан шеттетіліп, айыппұлмен құтылады. Әр жыл сайын шамамен мектептегі асхана мәселесіне байланысты 5-6 іс қана сотқа жолданады. Ал мамандар «мектеп асханаларында кездесетін құқықбұзушылықтар барлық өңірде бар, бірдей деңгейде» деген қорытынды шығарған.Түйіндер болсақ, мектеп асханасындағы мәзірді ашық жариялау – құптарлық қадам. Әйтсе де, проблеманы толық шешілді деуге келмеді. Оқушыларға ұсынатын тағамның сапасына қатысты сын көп. Енді оқу жылының басталғанын күтіп, ас мәзірінде не өзгеріс боларын, оған оқушылардың көзқарасы қандай екенін білген абзал деп шештік. Әйтпесе сансыз құжат реттемеген жағдай бір амалмен жөнге келеріне сенім аз.