Әр адамның өмірі – жеке әлем. Бір адамның көз жұмуы тұтас ғаламшардың жойылуына пара-пар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 1998 жылы суицидтен келген жаһандық экономикалық шығын үлесі 1,8%-ды құраған. 2020 жылы 2,4%-ға жетуі ықтимал. Себебі суицид қоғамның бір бөлігінде моральдық, рухани және психологиялық күйзеліс пен дағдарыс тудырады, жанына жара салады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір 40 секундта әлемде бір адам өз еркімен дүниемен қоштасатынын хабарлады. Жыл сайын 800 мыңдай адам өзіне қол салады. Бұл санға іске аспай қалған суицид талаптары (парасуицид) кірмейді: ол бұдан 20 есе көп.
Жаһандық ұйымның 2019 жылғы баяндамасына сәйкес Қазақстан «суициді көп елдердің ондығына» кіреді. Бұлар – Гайана (әр 100 мың адамның 30,2-сі өз өмірін өзі қияды), Лесото (28,9), Ресей (26,5), Литва (25,6), Кот’д‘Ивуар (23), Қазақстан (22,8), Гвинея (22), Беларусь (21,4), Оңтүстік Корея (20,2) және Уганда (20). Артта қалған Африка мемлекеттері арасында Еуразиялық одақтың жетекші үш елі орналасқан.
Суицидке не себеп?
Қазақстанда 2019 жылы суицид саны 7,4%-ға артты. Барлығы 3,8 мың қазақстандық өмірден мағына таппай өзіне қол салды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2016 жылы – 3,9 мың, 2017 жылы – 3,6 мың, 2018 жылы 3,5 мың адам өмірден кетудің осы жолын таңдады.
Аман қалғандары бойынша да статистика бар: 2016 жылы – 5,9 мың, 2017 жылы – 3,5 мың, 2018 жылы – 4,2 мың, 2019 жылы 4,8 мың қазақстандық осыған талаптанған.
Осы орайда 2019 жылғы 21 наурызда Атырауда болған оқиғаны естіген жан жаға ұстады: орталық көпірден секірген қызды құтқарамын деп, полиция қызметкері Шалқар Ақымғалиев қаза тапты. Өмірден баз кешкен қыз тірі қалды, ал отбасын құрып үлгермеген 24 жастағы азамат өмірден өтті: мұздай суық әрі буырқана аққан өзен оны тұңғиығына тартып, суға алып кетті. Президент Жарлығымен Ш.Ақымғалиевтің отбасына III дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.
Суицидке ерлер көбірек жүгінеді: 3 мыңға жуық ер адам жантәсілім етті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 6,6% артық. 772 әйелге қатысты осындай қайғылы оқиға болды. Өзін-өзі өлтірген нәзік болмыс иелерінің саны 2018 жылғыдан бірден 11,1%-ға ұлғайған. Бұл онсыз да саны аз, бір мегаполистей ғана тұрғыны бар Қазақстанның демографиясына үлкен соққы.
Былтыр ерлер арасында 2,8 мың, әйелдерде 1,9 мың парасуицид тіркелді.
2019 жылы 180 бала – 121 ұл мен 59 қыз суицид жасады. Бұдан бөлек, 270 қыз және 81 ұл өзін-өзі өлтіруге талаптанған.
«Адамдар негізінен масайғанда өмірден түңіледі» деген тұжырым жалған. Өзіне қол жұмсағандардың 73,6%-ы (ерлер – 71,9%, әйелдер – шамамен 80%) сау, мас болмағаны анықталды.
Суицидке не себеп? Бас прокуратура статистикасын талдаған Ranking агенттігінің мәліметінше, 294 оқиғаға жалғыздық және жұбынан айырылу,
205-іне – банкроттық, берешекке бату, өзге де ауыр материалдық жағдай, 136-сына меңдеген дерт себепкер болыпты. 2018 жылы осы үш фактор үлесіне тиісінше 344, 170 және 118 оқиғадан келген.
Тағы 90 оқиғаға (2018 жылы 93) – ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленіс, 87-сіне (51) – ажырасу, 85-іне (102) туыстармен арадағы, соның ішінде 15-і ата-анасымен арадағы нашар қарым-қатынас түрткі болды. 38 адам (2018 жылы – 80) баспанасыздық мәселесінен қажып, өмірмен қоштасты. 1 171 (1 315) оқиғаның себебі анықталмады.
Өңірлер арасында ең көп суицид деректері Алматы (425 оқиға), Шығыс Қазақстан (411) және Түркістан (342) облыстарына тиесілі.
Әр оқиға астарында түрлі тағдыр
Қарағанды тұрғыны Александр 12 жыл бұрын әкесінің әпкесі Л.Пушкарева із-түзсіз жоғалып кеткенін айтады. Еш жерде табылмаған соң сот оны өлді деп таниды. Балалары Александрдың әкесі Виктордың қолына қарап қалды. 2016 жылы Виктор өзіне-өзі қол салған. Содан кейін сотта Александр өз әкесінің «Еуразиялық банктен» ірі көлемде қарыз алғанын біледі. Ол берешек жетімдердің мойнына артылды. 2020 жылдың басында Қарағанды облысының №3 аудандық сотынан сотқа шақыру қағазы келген. Онда жауапкер ретінде Виктордың мұрагерлері көрсетіліпті. Банк бүгінде 741 мың 323 теңге берешегін және 22 мың 239 теңге мемлекеттік бажды төлеуді талап етіп отыр.
«Өзім мемлекеттік қызметшімін, балалар жұмыс істемейді. Ал әжей мүгедек, зейнеткер. Бізде осынша қарызды өтейтін қаржы жоқ. 1411 желісіне хабарлассам, қарызды кешіру науқаны 2019 жылы аяқталғанын айтты» деп тұнжырайды Александр.
2019 жылғы 11 қарашада Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің психологы болып істеген 24 жастағы Лилия Викторовна көпқабатты үйден секіріп өлді. Сол мезетте қасында күйеуі Марк болған. Тергеушілер «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Әйткенмен, бойжеткеннің анасы Галина Сергеевна мұнымен келіспейді. Ол қызының өзін-өзі өлтіргеніне сенбейді. Лилияны күйеуі үнемі сабаған, арына тиген. Сондықтан ажырасуға шешім қабылдапты. Осы мақсатта бірлесе жиған мүлікті – екі көлікті сатады. Сол күні ақшаны тең бөлмек болады.
«Бұл бапты «Өлтіру» 99-бабына қайта саралауды сұрадық, бірақ шағымымыз қанағаттандырылмады. Тергеушілер істі тезірек жабу үшін әлгі бапты жөн көретін сияқты. Өлтіруге көлікті сатудан түскен мол қаржыны басыбайлы иелену дәмесі себепкер деген ойдамыз. Тергеушілер бірнеше деректі елеусіз қалдырды. Ең алдымен, Лилия «Бауырсақ» дүкенінде соңғы рет ұялы телефонмен сөйлескен. Оны дүкеннің бейнебақылау камерасы жазып алды. Бірақ кіммен сөйлескені белгісіз. Кейін бұл телефон Марктің қолынан табылады, ал соңғы қоңырау шалынған нөмір телефоннан жойылған. Тіпті Лилияның қай қабаттан секіргені анықталмады», – дейді қыздың анасы.
Сондай-ақ Лилия әйелдер сөмкесімен бірге қарғып кеткен. №15 кіреберістегі камера тіркегендей, құлағаннан кейін оның қолындағы сөмкесі алысқа ұшып түседі. Ал тергеуші «сөмке мойнынан асыра, диагональды тағылған» деп отыр. Қайғы жұтқан ана: «қолдағы сөмке секіру үшін балкон жақтауына шығуға кедергі келтіретіндіктен, оны әдейі мойнына тағып қойған» дейді.
Сот медициналық сараптама құлаудан болған жарақаттар сыртында бойжеткеннің мүрдесінде басқа да соққы орындары барлығын, ерні жырылғанын айқындады. Ең сорақысы, тергеуші о дүниелік болған қыздың тәркіленген телефонынан анасына хабарласады. Сөйтіп, жалғыз қызынан айырылып, қасіреттен қабырғасы қайысқан шешейді есінен тандыра жаздаған.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы қылмыстық іс бойынша «лайықты тергеу жүргізілмегенін, істің барлық жағдайларын жан-жақты зерттеу шаралары қабылданбағанын» мәлім етті. Айыптылар тәртіптік жазаға тартылды. ІІМ басшысы қосымша тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру туралы жазбаша нұсқау берген. Іс басқа тергеушіге тапсырылды.
Сарапшыларды осы кесапат құбылыстың балалар арасында белең алуы алаңдатады. Жоғары санаттағы балалар психиатры Қорлан Сәдуақасова мәселенің түйіні балалар психиатры мамандығының жойылуында деп есептейді. Ол ересектер психиатрымен біріктірілген. Ал жасөскіндер психологиясы үлкендерден ерекшеленетіні мәлім.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті балалардың практик-психиатрларының саны жыл санап азайып бара жатқанын растады: 2014 жылы 84 дәрігер болса, 2018 жылы 68-ге дейін азайды.
«Батыс Қазақстан облысында мұндай бірде-бір маман жоқ. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында – бір-бірден ғана балалар психиатры бар. Жамбыл және Алматы облысында екеуден ғана қалды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінгеніне қарамастан, бұл мамандыққа оқығысы келетіндер аз. Мысалы, 2010 жылдан бері небәрі 9 дәрігер даярланды. Тағы 9-ы білім алуда», – деген департамент ересектер мен балалар психиатриясын қосу туралы шешім содан шыққанын атап өтті.
Айхан ШӘРІП