2016 жылдың 7 сәуірі сағат таңғы 11:00-лер шамасы еді. ІІМ-ге қарасты Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Қарағанды облысы Қарабас елді мекенінде орналасқан №6505 әскери бөлімінде әдеттегі жоспарлы оқу-жаттығулар өтіп жатты. Дербес атқыштар ротасының оқу орталығында әскерге он ай бұрын шақыртылған жауынгерлердің оқу гранаталарына машықтанып болып, ендігі оның ұрысқа арналған шын жарылғыш түрін лақтыруды меңгеруге көшкен кезі болатын. Құраманың штаб бастығы, полковник Қайрат Үмбетовке сол кезде оқу дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеті жүктелді. Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Пәрмен берілген соң құлаштап кеп лақтырғанымен, сермегендегі күштің жеткіліксіз болғаны ма, ол алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне үйілген топыраққа түсті. Содан домалап кеп, сарбаз бен офицер тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақтырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалуы керек.
Абзал да қаруын ұстап, отыра қалды. Ол өзі лақтырған жарылғыш снарядтың аяғының астына түскенін білмейтін еді. Енді шұғыл шешім қабылдамаса, ол 3-4 секунд ішінде жарылады. Сол сәтте қадағалап тұрған сардар бойындағы бар күш-жігерін жинап, қас қағым сәтте жан дәрмен сарбазды итере салып, гранатаны кеудесімен қалқалап жауып үлгереді. Нәтижесінде жарылыс салдарынан полковник Үмбетов денесіне отыздан аса жарқыншақ қадалып, аса ауыр жарақат алды. Ал сарбаз дін аман қалды. Осы орайда біз Халық Қаһарманы Қайрат Үмбетовпен әңгімелестік.
– Қайрат Жарылқасынұлы, осы әскери және қызметтік борышыңызды орындау кезінде көрсеткен батылдығыңыз бен жанқиярлығыңыз үшін сізге Президент Жарлығымен 2016 жылдың 3 мамырында «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен бірге, «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ендеше сол оқиғаға дейін өміріңізде еліміздегі осынау ең жоғары мемлекеттік награданы аламын деп ойладыңыз ба?
– Әрине, «Халық Қаһарманы» атанамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Оған бастама көтеріп, өтініш еткен мен құтқарған қатардағы жауынгердің ата-анасы еді. Оны Мәжіліс депутаттары да қолдап әкетіп, біздің қолбасшылыққа ұсыныс жасады. Осылайша, 2016 жылдан кейінгі менің өмірім күрт өзгерді десем болады. Ұлттық ұлан бойынша ғана емес, ел өміріндегі де әскери патриоттық тәрбиенің үлгісіне айналдым. Еңбегімді ерлік деп бағалағаны мені қызметте қанаттандыра түсті. Ендеше, қызметтік борышымды адал атқарып жүргенімді ескеріп, мемлекеттік жоғары наградаға ұсынған, осыған атсалысқан барша тілектес жандарға жағдайды пайдаланып тағы да бір рет зор алғысымды білдіргім келеді. Біріншіден денсаулығыма қанша кінәрат келсе де, аман қалғаныма шүкіршілік етемін, екіншіден өмірімнің мәні саналатын әскери қызметте жоғары жетістікке лайық бола алғаным үшін көңілімді мақтаныш кернейді. Ал оқиғаның өзіне келер болсам, жауынгер нұсқаулық бойынша бәрін дұрыс орындады. Бұл оның қателігі емес. Миллионнан бір болатын жазатайым жағдай. Сарбаз өзіне оған дейін үйретілгендей жасап шықты, бірақ кейбір жайды есептемей қалған болуы мүмкін. Мәселен, гранатаның тактикалық-техникалық сипаттамасы болады. Оқу гранатасының өз салмағы бар. Ал жас сарбаз ұрыс гранатасын бірінші рет қолға алғанда оны күнде ұстап жүрмегендіктен осындай айырмашылықтарды ескермеуі ықтимал. Оның үстіне желдің екпіні де өз кедергісін жасады. Болайын деген жазмыш қой. Өзім желкем, иығым және оң жақ аяғымнан тізеден төмен жарықшақ жарақатын алдым. Қалай болғанда да бұл жауынгердің өзіне де, сол жердегі қатарластарына да өмірлік үлкен сабақ болды. Бұл жерде өз әрекетімді ерлік деп есептемеймін. Мен басшылық жасайтын адаммын. Сондықтан да оқу-жаттығулар кезінде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға әскери қызметшінің ең бір игі қасиеттерін бойына сіңіруіне ықпал ету – ол менің сардар ретіндегі міндетім. Менің орнымда басқа адам болса да солай жасар еді деп ойлаймын.
–Бүгінде ол жауынгер қайда екен? Хабарласып, араласып тұрасыз ба?
– Шыны керек, соңғы кездері уақыт тығыздау болғаннан кейін ғана қол үзіп қалғанымыз болмаса, хабарласып тұрамыз. Ол жігіт те кейін әскери өмірді таңдады. Әжесінің қолында өскен бала ғой, тәрбиелі, адамгершілігі мол. Таяуда ішкі істер саласына полиция қызметкері болып жұмысқа тұрды деп естідім. Әуелден әскери салаға икемі бар жігіт еді. Әжесімен сөйлескем, үйленіп, отбасын құрып, ұлды болды деп қуанып жатыр. Мен де ішімнен бір парызым орындалғандай қуанып қалдым.
– Сіз 1977 жылы 10 қыркүйекте Өзбек КСР Ташкент облысы Шыршық қаласында дүниеге келген екенсіз. Сол жақта мектеп бітіріп, әскери училищені тәмамдағансыз. Ендеше, көпшілік оқырман сізді көрші елмен байланыстыра қарап жатса түсінуге болады. Туған жеріңіз, отбасыңыз, қызмет жолыңыз, ата тегіңіз жайлы не айтасыз? «Халық Қаһарманы» қандай адам?
– Әркімнің туған жері өз жүрегінде ажырамас бір бөлшегі болып қала бермек. Өзбек халқына өкпем жоқ. Сол жақта 1994 жылы мектеп бітіргеннен кейін «Ленин» орденінің Шыршық жоғары танкілі командалық-инженерлік училищесіне оқуға түсім. 1998 жылы оны аяқтап, офицерлік қызмет жолымды бастадым. Әндіжан облысындағы Ханабад қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасының бірінші парашюттік-десанттық батальонының танкке қарсы взводында командир болдым. 2001 жылы Қазақстанға көшіп келіп, мұнда Шымкент қаласындағы 6 506 әскери бөлімде қызметімді жалғастырдым. Аға лейтенант шеніндегі рота командирі лауазымынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі қызмет баспалдақтарының барлығынан өттім. Солардың ішінде, 2007-2016 жылдар аралығында Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында рота, батальон командирі, әскери бөлім командирінің орынбасары болып қызмет атқарғанымды атап өткім келеді. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетінде магистратура бойынша «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» атты жаңа мамандықты тәмамдаған соң өзім елге келіп қызмет жолымды бастаған 6506 әскери бөлімінің командирі болып тағайындалдым. 2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымын атқардым. Ал биылғы мамыр айынан бері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіндемін. Отбасым, үш балам бар. Жарым Гүлмира Әділбекқызы – Семей қаласының тумасы. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Экология министрлігінде қызмет етеді. Үлкен ұлымның аты – Ұлан, екінші ұлым – Алан, одан кейінгі ерке қызымыздың аты – Әнел. Ұлан мектептің бірінші сыныбын бітірді, Алан болса балабақшада. Ал тәтті қызым бірге толды. Шыққан тегіме келер болсам, Оңтүстік Қазақстанның тумасымыз. Әкем Бостандық ауданы Абай ауылынан, анам Сарыағаш ауданы орталығының өзінен. Әскери династиялы, соның ішінде ішкі істер саласында ұрпақ сабақтастырған әулетпіз. Атам – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс біткен соң келісімшартпен халық комиссариатында Еуропада қызмет етіп, бес-алты жылдан соң елге оралған. Ал әкем Жарылқасын ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының ішкі әскер саласында қызмет істеп, содан зейнеткерлікке шықты. Милиция майоры. Жұмыс бабымен Ресейдің қазіргі Санкт-Петербор қаласында еңбек етті. Одан Өзбекстанның Шыршық қаласына ауысты. Мен сол жерде өмірге келдім. Қазір әкем Жарылқасын Сүйтібайұлы мен анам Раушан Айтжанқызы Сарыағашта тұрады. Отбасында екі ұлмыз. Азамат атты туған інім бар, ол да әскери салада офицер. Әскери шені – подполковник. Қазір Қорғаныс министрлігінде Ұлттық қорғаныс университетінде кафедра бастығының орынбасары болып қызмет етеді. Әкем темірдей тәртіптің адамы. Бізді де осы тәртіпке үйретті. Өз ісіне ұқыпты, антқа берік жан. Сондықтан әкемнің өмір жолы бізге үлгі болды. Сондықтан да әкеміз салған соқпақпен жүруді парыз санадық. Ал егер ұлдарым да әскери боламын, әулеттің жолын жалғастырамын деп жатса, оның ішінде полиция қызметкері болуды таңдаса, қуана-қуана қолдаймын. Жалпы, әскери өмірдің ерекшелігі сондай. Мәселен, мен де еліміздің көптеген өңірінде қызмет еттім. Сондықтан үлкен ұлым Қарағандыда, кіші ұлым Нұр-Сұлтан қаласында, қызым болса Орал қаласында дүниеге келген. Сол сияқты менің Шыршық қаласында дүниеге келуімнің гәбі осында. Біз үшін мемлекеттің қай қиыры болса да бәрібір, Отан алдындағы борышымызды өтеуге дайынбыз.
– Ауыр жарақат алып, ауруханада есіңізді жиғанда ең бірінші жаныңызда тұрғандардан «жауынгер аман ба?» деп сұрапсыз. Олар «аман» дегенде ғана жүрегі тынышталды дейді. Сол рас па? Енді қазір денсаулығыңыз қалай?
– Ол рас! Басымды қатерге тіккенде сол сарбаздың өмірін сақтап қала алдым ба, болмаса мүгедек боп қалған жоқ па деп уайымдадым. Өйткені ертең оның ата-анасының алдында не деп жауап беремін, беттеріне қалай қараймын? Басшылық та ұятқа қалатын болады. Өмірі алда, өрімдей жас бала ғой. Тірі болса екен деп тіледім. Сол сәттегі бар ойым сарбазды гранатадан қорғап қалу ғана болды. Дін аман дегенде әрі таңдана, әрі тәубе ете көңілім орнына түсті. Иә, ауруханада ұзақ емделдім. Денемде гранатаның біраз жарықшағы бар еді, дәрігерлер оның жартысына жуығын алып тастады. Тек аяғым мен желке тұсымдағы жарықшақтар ағзаның күрделі жерінде болғандықтан кейінге қалдырылды. Олардың кейбірі өзі шығатынын, ал шықпағаны мәңгілікке денемде қалатынын айтты. Ең бастысы – сүйектерім сау қалған. Бірінші операциядан кейін аяғым қатты ісіп, іріңдеп кетті. Кесіп тастамаса болар еді деп қатты уайымдадым. Бірақ қазір технология дамыған, дәрігерлердің біліктілігі артқан заман ғой. Ақ халатты абзал жандарға рақмет! Олар іріңді ұқыптап тазалап, жайылуын тоқтатып, аяғымды сақтап қалды. Қазір денсаулығым өте жақсы. Ауа райы қатты бұзылған кезде болмаса, басқа уақытта жарақаттарым қатты білдірмейді.
– Қайреке, батыр болу үшін білек қана емес, жүрек те керек. Біреу үшін өз өміріңді қиюға дейін бару кез келген адамның қолынан келмейді. Сіздікі көзсіз батырлық екеніне сөз жоқ. Ендеше, бізге де өз кезегімізде оқырмандарымыздың атынан, күллі қазақстандықтардың атынан Сізге алғыс айтып қоюға рұқсат етіңіз! Қазір олар да осы жолдарды оқып, іштей риза боп отырған болар. Ендеше, AIQYN-ның оқырмандарына, өскелең жас ұрпаққа не айтасыз? Өзіңіз басшылығында атсалысып жүрген Ұлттық ұланның патриотизмге, Отанды сүюге қосып жатқан үлесі қандай?
– Біріншіден, бұл біздің Қазақстан Ұлттық ұланының барша құрамының марапаты деп білемін. Өйткені маған үлкен өмірге жолдама беріп, қолдау болып келе жатқан біздің Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті, перзенттік парызы. Қазіргі жастар иманды, білімді. Олар тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Бойларында отансүйгіштік рух та атойлап тұр. Оны Отан алдындағы міндетін өтеуге келген жас сарбаздардан көремін. Өзіміз осы бағытта түрлі іс-шараларды жиі өткіземіз. Отан қорғауда ерлік көрсеткен азаматтармен кездесулер, спорттық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мәселен, Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін әскери спортшылар арасында жекпе-жек ұрысынан біріншіліктер өтеді. Әрбір өңірде әскери бөлімдеріміз бір-бір мектепті шефтікке алып, «Жас бүркіт» клубтарын құрған. Жер-жерлерде әскери-патриоттық сабақтар, түрлі-түрлі жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған кеш ұйымдастырып, оған осы шекарада ерлікпен қаза тапқан старшина Қалмахан Бақбаевтың анасы Ұрқия Бақбаева апамызды шақырдық. Міне, осындай тағылымды іс-шаралардың сарбаздарға берері мол. Егер естіген болсаңыз, таяуда Қарағанды облысының Спасск қаласында кең көлемде төрт күндік әскери-патриоттық жиын өтті. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігі, ТЖМ, Шекара қызметі, «Жас сарбаз», «Жас бүркіт», арнайы әскери бағыттағы лицей-мектепте оқитын балалардың қатысуымен керемет жиын өтті. Одан бөлек таяуда Ішкі істер органдарының 30 жылдық мерекесі, «Әскери керней» плац-концерті ұйымдастырылды. Мұның барлығында да тәрбие жұмыстары, ұрпақтар сабақтастығы шет қалған емес. Өзім де көптеген жиындарға қатысып, жастармен кездесіп, оларға өмірлік ұстаным мен елге қызмет ету жөнінде көрген-білгенімді үйретіп келемін. Өзім Орал қаласынан таяуда көшіп келдім. Сол жақта жүргенде, одан да бұрын басқа өңірлерде де мұндай іс-шаралар өте жиі өтетін. Мұражайларға барып, ақпарат құралдарына сұхбаттар беріп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісінен жалыққан емеспін. Енді міне, жаңа қызметімде де осы шаруаларды одан әрі кешенді түрде жалғастыруға жоспар құрып жатырмыз. Оның нәтижесін алдағы уақытта өздеріңіз де көретін боласыздар. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта өте кең көлемде қарқынды жұмыс жүріп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!