Граната жарылғанда сарбазды құтқарып қалған Халық қаһарманы жаңа қызметке тағайындалды
Граната жарылғанда сарбазды құтқарып қалған Халық қаһарманы жаңа қызметке тағайындалды
Фото: polisia.kz
Ішкі істер министрі кадрлық ауыс-түйіс жасады, – деп жазады Polisia.kz. Полиция басқармасының басшылары, полиция департаменті бастығы және Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы орынбасарлары лауазымдарына үміткерлердің кандидатурасы жеке-жеке қаралды. Министр мен оның орынбасарлары бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары қызметіне Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовтің кандидатурасын қарады. «Өздеріңіз көріп отырсыздар, ол бүкіл сатыдан өтті. Біздің ұландарға дұрыс тәрбиені Халық қаһарманы бермесе, басқа кім береді? Қайрат Жарылқасынұлы, ұландықтардың моральдық-психологиялық жағдайын шыңдап, сарбаздармен тәрбие жұмысын жүргізу қажет. Сіздің ерлігіңіз оларға үлгі болады деп ойлаймын. Бұл тағайындаумен біз Ұлттық ұланды нығайтамыз деп үміттенемін», – деді министр. Еске сала кетейік, Қайрат Үмбетов 2016 жылы Қарағандыда оқу орталығында жаттығу кезінде граната жарылғанда сарбазды өз денесімен жауып, құтқарып қалған. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің бұйрығымен: – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Қуаныш Орынбетов; – Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы лауазымына Ермек Әлжанов; – Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Полиция басқармасының бастығы лауазымына Алмас Әмзеев тағайындалды.