Бар ойым сарбазды гранатадан қорғап қалу болды – Қайрат Үмбетов
Бар ойым сарбазды гранатадан қорғап қалу болды – Қайрат Үмбетов
662
оқылды
2016 жылдың 7 сәуірі сағат таңғы 11:00-лер шамасы еді. ІІМ-ге қарасты Ұлт­тық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Қарағанды облысы Қа­рабас елді мекенінде орналасқан №6505 әскери бөлімінде әдеттегі жос­пар­лы оқу-жаттығулар өтіп жатты. Дербес атқыштар ротасының оқу орта­лығында әскерге он ай бұрын шақыртылған жауынгерлердің оқу граната­ларына машықтанып болып, ендігі оның ұрысқа арналған шын жа­рылғыш түрін лақтыруды меңгеруге көшкен кезі болатын. Құрама­ның штаб бастығы, полковник Қайрат Үмбетовке сол кезде оқу дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеті жүктелді. Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Пәрмен берілген соң құлаштап кеп лақтырғанымен, сермегендегі күштің жеткіліксіз болғаны ма, ол алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне үйілген топыраққа түсті. Содан домалап кеп, сарбаз бен офицер тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақ­тырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалуы керек. Абзал да қаруын ұстап, отыра қалды. Ол өзі лақтырған жарылғыш снарядтың аяғының астына түске­нін білмейтін еді. Енді шұғыл ше­шім қабылдамаса, ол 3-4 секунд ішін­де жарылады. Сол сәтте қадаға­лап тұрған сардар бойындағы бар күш-жігерін жинап, қас қағым сәт­те жан дәрмен сарбазды итере са­лып, гранатаны кеудесімен қал­қа­лап жауып үлгереді. Нәтижесінде жарылыс салдарынан полковник Үмбетов денесіне отыздан аса жар­қын­шақ қадалып, аса ауыр жарақат алды. Ал сарбаз дін аман қалды. Осы орайда біз Халық Қаһарманы Қайрат Үмбетовпен әңгімелестік.  – Қайрат Жарылқасынұлы, осы әскери және қызметтік боры­шыңыз­ды орындау кезінде көрсеткен ба­тылдығыңыз бен жанқиярлығыңыз үшін сізге Президент Жарлығымен 2016 жылдың 3 мамырында «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен бір­ге, «Халық Қаһарманы» атағы беріл­ді. Ендеше сол оқиғаға дейін өміріңіз­де еліміздегі осынау ең жоғары мем­­лекеттік награданы аламын деп ойладыңыз ба? – Әрине, «Халық Қаһарманы» атанамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Оған бастама көтеріп, өтініш еткен мен құтқарған қатардағы жауынгердің ата-анасы еді. Оны Мәжіліс депутаттары да қолдап әкетіп, біздің қолбасшылық­қа ұсыныс жасады. Осылайша, 2016 жылдан кейінгі менің өмірім күрт өзгерді десем болады. Ұлттық ұлан бойынша ғана емес, ел өміріндегі де әскери патриоттық тәрбиенің үл­гісіне айналдым. Еңбегімді ерлік деп бағалағаны мені қызметте қа­нат­тандыра түсті. Ендеше, қызмет­тік борышымды адал атқарып жүр­­генім­ді ескеріп, мемлекеттік жо­ғары награ­даға ұсынған, осыған атсалыс­қан барша тілектес жан­дар­ға жағ­дайды пайдаланып тағы да бір рет зор алғысымды білдіргім келеді. Біріншіден денсаулығыма қанша кінәрат келсе де, аман қалғаныма шү­кіршілік етемін, екіншіден өмі­рім­нің мәні саналатын әскери қыз­метте жоғары жетістікке лайық бо­ла алғаным үшін көңілімді мақта­ныш кернейді. Ал оқиғаның өзіне келер болсам, жауынгер нұсқаулық бойынша бәрін дұрыс орындады. Бұл оның қателігі емес. Миллион­нан бір болатын жазатайым жағдай. Сарбаз өзіне оған дейін үйретілген­дей жасап шықты, бірақ кейбір жайды есептемей қалған болуы мүмкін. Мәселен, гранатаның так­тикалық-техникалық сипаттамасы болады. Оқу гранатасының өз сал­мағы бар. Ал жас сарбаз ұрыс гра­натасын бірінші рет қолға алғанда оны күнде ұстап жүрмегендіктен осындай айырмашылықтарды ескермеуі ықтимал. Оның үстіне желдің екпіні де өз кедергісін жаса­ды. Болайын деген жазмыш қой. Өзім желкем, иығым және оң жақ аяғымнан тізеден төмен жа­рық­шақ жарақатын алдым. Қалай болғанда да бұл жауынгердің өзіне де, сол жердегі қатарластарына да өмірлік үлкен сабақ болды. Бұл жер­де өз әрекетімді ерлік деп есеп­те­мей­мін. Мен басшылық жасай­тын адаммын. Сондықтан да оқу-жаттығулар кезінде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларға әскери қызметшінің ең бір игі қа­сиет­терін бойына сіңіруіне ықпал ету – ол менің сардар ретіндегі міндетім. Менің орнымда басқа адам болса да солай жасар еді деп ой­лаймын. –Бүгінде ол жауынгер қайда екен? Хабарласып, араласып тұра­сыз ба? – Шыны керек, соңғы кез­дері уақыт тығыздау болғаннан кейін ғана қол үзіп қалғанымыз бол­маса, хабарласып тұрамыз. Ол жі­гіт те кейін әскери өмірді таң­дады. Әжесінің қолында өскен бала ғой, тәрбиелі, адамгершілігі мол. Таяуда ішкі істер саласына полиция қыз­меткері болып жұмысқа тұрды деп естідім. Әуелден әскери салаға икемі бар жігіт еді. Әжесімен сөй­лескем, үйленіп, отбасын құрып, ұлды болды деп қуанып жатыр. Мен де ішімнен бір парызым орындал­ғандай қуанып қалдым. – Сіз 1977 жылы 10 қыркүйекте Өзбек КСР Ташкент облысы Шыр­шық қаласында дүниеге келген екен­сіз. Сол жақта мектеп бітіріп, әскери училищені тәмамдағансыз. Ендеше, көпшілік оқырман сізді көрші елмен байланыстыра қарап жатса түсінуге болады. Туған жеріңіз, отбасыңыз, қызмет жолыңыз, ата тегіңіз жайлы не айтасыз? «Халық Қаһарманы» қандай адам? – Әркімнің туған жері өз жүре­гінде ажырамас бір бөлшегі болып қала бермек. Өзбек халқына өкпем жоқ. Сол жақта 1994 жылы мектеп бітіргеннен кейін «Ленин» ордені­нің Шыршық жоғары танкілі ко­мандалық-инженерлік училище­сіне оқуға түсім. 1998 жылы оны аяқтап, офицерлік қызмет жолым­ды бастадым. Әндіжан облысын­дағы Ханабад қаласындағы де­санттық-шабуылдау бригадасының бірінші парашюттік-десанттық батальо­нының танкке қарсы взво­дын­да командир болдым. 2001 жылы Қазақстанға көшіп келіп, мұнда Шымкент қаласындағы 6 506 әскери бөлімде қызметімді жалғас­тырдым. Аға лейтенант шеніндегі рота командирі лауазымынан бас­тап, бүгінгі күнге дейінгі қызмет баспалдақтарының барлығынан өттім. Солардың ішінде, 2007-2016 жылдар аралығында Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында рота, батальон командирі, әскери бөлім командирінің орынбасары болып қызмет атқарғанымды атап өткім келеді. Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық Қор­ғаныс университетінде магистра­тура бойынша «Әскери істегі стра­тегиялық менеджмент» атты жаңа мамандықты тәмамдаған соң өзім елге келіп қызмет жолымды баста­ған 6506 әскери бөлімінің коман­дирі болып тағайындалдым. 2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшы­лығы қолбасшысының бірінші орын­басары – штаб бастығы лауа­зы­мын атқардым. Ал биылғы ма­мыр айынан бері Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыстар жөнін­дегі орынбасары қызметін­демін. Отбасым, үш балам бар. Жарым Гүлмира Әділбекқызы – Семей қаласының тумасы. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Экология министрлігінде қызмет етеді. Үлкен ұлымның аты – Ұлан, екінші ұлым – Алан, одан кейінгі ерке қызымыз­дың аты – Әнел. Ұлан мектептің бірінші сыныбын бітірді, Алан бол­са балабақшада. Ал тәтті қызым бір­ге толды. Шыққан тегіме келер бол­сам, Оңтүстік Қазақстанның тума­сымыз. Әкем Бостандық ауда­ны Абай ауылынан, анам Сарыағаш ауданы орталығының өзінен. Әс­кери династиялы, соның ішінде ішкі істер саласында ұрпақ сабақ­тас­тырған әулетпіз. Атам – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс біткен соң келісімшартпен халық комиссариатында Еуропада қызмет етіп, бес-алты жылдан соң елге орал­ған. Ал әкем Жарылқасын ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының ішкі әскер саласында қызмет істеп, со­дан зейнеткерлікке шықты. Мили­ция майоры. Жұмыс бабымен Ре­сейдің қазіргі Санкт-Петербор қала­сында еңбек етті. Одан Өзбек­станның Шыршық қаласына ауыс­ты. Мен сол жерде өмірге келдім. Қазір әкем Жарылқасын Сүйті­бай­ұлы мен анам Раушан Айтжанқызы Сарыағашта тұрады. Отбасында екі ұлмыз. Азамат атты туған інім бар, ол да әскери салада офицер. Әскери шені – подполковник. Қазір Қор­ғаныс министрлігінде Ұлттық қор­ғаныс университетінде кафедра бас­тығының орынбасары болып қыз­мет етеді. Әкем темірдей тәр­тіптің адамы. Бізді де осы тәртіпке үйретті. Өз ісіне ұқыпты, антқа берік жан. Сондықтан әкемнің өмір жолы бізге үлгі болды. Сондықтан да әкеміз салған соқпақпен жүруді парыз санадық. Ал егер ұлдарым да әскери боламын, әулеттің жолын жалғастырамын деп жатса, оның ішінде полиция қызметкері болуды таңдаса, қуана-қуана қолдаймын. Жалпы, әскери өмірдің ерекшелігі сондай. Мәселен, мен де еліміздің көп­теген өңірінде қызмет еттім. Сон­дықтан үлкен ұлым Қараған­дыда, кіші ұлым Нұр-Сұлтан қала­сында, қызым болса Орал қала­сында дүниеге келген. Сол сияқты менің Шыршық қаласында дүниеге келуімнің гәбі осында. Біз үшін мемлекеттің қай қиыры болса да бәрібір, Отан алдындағы боры­шымызды өтеуге дайынбыз. – Ауыр жарақат алып, ауруха­нада есіңізді жиғанда ең бірінші жаныңызда тұрғандардан «жауын­гер аман ба?» деп сұрапсыз. Олар «аман» дегенде ғана жүрегі тыныш­талды дейді. Сол рас па? Енді қазір ден­сау­лығыңыз қалай? – Ол рас! Басымды қатерге тік­кенде сол сарбаздың өмірін сақтап қала алдым ба, болмаса мү­ге­дек боп қалған жоқ па деп уайым­дадым. Өйткені ертең оның ата-анасының алдында не деп жауап беремін, бет­теріне қалай қараймын? Басшылық та ұятқа қалатын бо­лады. Өмірі алда, өрімдей жас бала ғой. Тірі болса екен деп тіледім. Сол сәттегі бар ойым сарбазды гра­натадан қор­ғап қалу ғана болды. Дін аман де­генде әрі таңдана, әрі тәубе ете көңі­лім орнына түсті. Иә, аурухана­да ұзақ емделдім. Денемде грана­таның біраз жарықшағы бар еді, дәрігерлер оның жартысына жуы­ғын алып тастады. Тек аяғым мен желке тұсымдағы жарықшақтар ағзаның күрделі жерінде болған­дық­тан кейінге қалдырылды. Олар­дың кейбірі өзі шығатынын, ал шық­пағаны мәңгілікке денемде қалатынын айтты. Ең бастысы – сүйектерім сау қалған. Бірінші опе­рациядан кейін аяғым қатты ісіп, іріңдеп кетті. Кесіп тастамаса болар еді деп қатты уайымдадым. Бірақ қазір технология дамыған, дәрігер­лердің біліктілігі артқан за­ман ғой. Ақ халатты абзал жандарға рақмет! Олар іріңді ұқыптап таза­лап, жайылуын тоқтатып, аяғымды сақ­тап қалды. Қазір денсаулығым өте жақсы. Ауа райы қатты бұзылған кез­де болмаса, басқа уақытта жара­қаттарым қатты білдірмейді. – Қайреке, батыр болу үшін білек қана емес, жүрек те керек. Біреу үшін өз өміріңді қиюға дейін бару кез келген адамның қолынан келмейді. Сіздікі көз­сіз батырлық екеніне сөз жоқ. Ен­деше, бізге де өз кезегімізде оқырман­дарымыздың атынан, күллі қазақ­стан­дықтардың атынан Сізге алғыс айтып қоюға рұқсат етіңіз! Қазір олар да осы жолдарды оқып, іштей риза боп отырған болар. Ендеше, AIQYN-ның оқырманда­ры­на, өскелең жас ұрпаққа не айтасыз? Өзіңіз басшылы­ғында атсалысып жүрген Ұлттық ұланның патрио­тизмге, Отанды сүюге қосып жатқан үлесі қандай? – Біріншіден, бұл біз­дің Қа­зақстан Ұлттық ұланының барша құрамының марапаты деп білемін. Өйткені маған үлкен өмірге жол­дама беріп, қолдау болып келе жат­қан біздің Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті, перзенттік парызы. Қазіргі жастар иманды, білімді. Олар тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Бойларында отансүй­гіштік рух та атойлап тұр. Оны Отан алдындағы міндетін өтеуге келген жас сарбаздардан көремін. Өзіміз осы бағытта түрлі іс-шараларды жиі өткіземіз. Отан қорғауда ерлік көр­сеткен азаматтармен кездесулер, спорттық іс-шаралар ұйымдасты­рамыз. Мәселен, Ұлттық ұлан қата­рында қызмет ететін әскери спорт­шылар арасында жекпе-жек ұры­сынан біріншіліктер өтеді. Әрбір өңірде әскери бөлімдеріміз бір-бір мектепті шефтікке алып, «Жас бүр­кіт» клубтарын құрған. Жер-жер­лерде әскери-патриоттық сабақтар, түрлі-түрлі жарыстар өткізіледі. Сон­дай-ақ 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тап­қан жауынгерлерді еске алуға ар­налған кеш ұйымдастырып, оған осы шекарада ерлікпен қаза тапқан старшина Қалмахан Бақбаевтың анасы Ұрқия Бақбаева апамызды шақырдық. Міне, осындай тағы­лым­ды іс-шаралардың сарбаздарға берері мол. Егер естіген болсаңыз, таяуда Қарағанды облысының Спасск қаласында кең көлемде төрт күндік әскери-патриоттық жиын өтті. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен, облыс әкімдігі, ТЖМ, Шекара қызметі, «Жас сар­баз», «Жас бүркіт», арнайы әскери бағыттағы лицей-мектепте оқитын балалардың қатысуымен керемет жиын өтті. Одан бөлек таяуда Ішкі істер органдарының 30 жылдық мерекесі, «Әскери керней» плац-концерті ұйымдастырылды. Мұның барлығында да тәрбие жұмыстары, ұрпақтар сабақтастығы шет қалған емес. Өзім де көптеген жиындарға қатысып, жастармен кездесіп, олар­ға өмірлік ұстаным мен елге қыз­мет ету жөнінде көрген-білге­німді үйретіп келемін. Өзім Орал қаласынан таяуда көшіп келдім. Сол жақта жүргенде, одан да бұрын басқа өңірлерде де мұндай іс-шара­лар өте жиі өтетін. Мұражайларға барып, ақпарат құралдарына сұх­баттар беріп, жас ұрпаққа патриот­тық тәрбие беру ісінен жалыққан емеспін. Енді міне, жаңа қызметімде де осы шаруаларды одан әрі ке­шенді түрде жалғастыруға жоспар құрып жатырмыз. Оның нәтижесін алдағы уақытта өздеріңіз де көретін боласыздар. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағытта өте кең көлемде қар­қынды жұмыс жүріп жатыр.  – Әңгімеңізге рақмет!