Дәл осындай жауапсыздық пен бақылаусыздықтың кесірінен Алматы облысының Іле, Талғар, Жамбыл, Қарасай, Балқаш аудандарындағы, Жетісу облысының Қаратал, Кербұлақ, Көксу аудандарындағы бірқатар елді мекендердің тұрғындары осыдан бірнеше жыл бұрын келеді деген көгілдір отынға әлі күнге қол жеткізе алмай отыр. Газдандырудың мерзімінен кешігуі салынып қойылған нысандар мен желілердің бүлінуі мен олардағы құрал-жабдықтардың, құбырлардың ұрлық-қарлыққа ұшырауына жол ашуы мүмкін екенін де естен шығармаған абзал. Сонымен бірге құрғақ уәдеге тойып, тұрғызылған тораптардың, тартылған құбырлардың көз алдарында қирай бастағанына куә болып, алдын ала төлеп тастаған ақшаларының қайтарымын көре алмай шерменде болған тұрғындар тарапынан орынды наразылықтар туындатады. Алматы қаласы маңындағы аудандардағы бірнеше ірі елді мекенде арман болған көгілдір отыннан үміттері үзіле бастаған адамдардың топтасып, көшеге шыққанын, жолдарды жапқанын көріп те, естіп те жүрміз. Жетісу облысының Талдықорған, Текелі қалалары мен облыс орталығы жанындағы елді мекендерде де осындай наразылық бірнеше рет болған болатын. Сондықтан халықты табиғи отынмен қамтамасыз етудегі түсінбестіктер тез арада тарқатылмаса, нақты нәтиже көрініс бермесе, бұл жағдай асқына берері анық.
Бұған дейін бір облыс болған аймақта биыл 33 елді мекенді газдандырып, 78 мың адамды көгілдір отынға қосу жоспарланыпты. Алайда 2015 жылдан бері осы бағытта атқарылған жұмыстардан шикілік шығып жатқанын ескерсек, бұл жоспардың орындалуына қатысты үміттен гөрі күдік басымдыққа иелік етіп кетеді. Сондықтан алдағы кезде аудандық әкімдіктер мен инвесторлар арасындағы барлық келісімдердің ашық жасалып, жұмыстардың орындалу барысы қатаң бақылауға алынғаны жөн.
Осыдан біраз бұрын Іле ауданындағы Кіші Байсерке ауылының тұрғындары газ құбырын тартып жатқан инвесторлар жұмысына сенімсіздік білдірді. Олар көгілдір отын тарату желілерінің сапасына күмәнданып, тарифтің қымбаттығына наразылығын ашық айтты. Қазір тартылған құбырлардың пайдалануға жарамдылығы тексеріліп жатыр. Егер жарамсыз болса, инвесторлар есебінен қайта құрастырылады. Бұған қатысты сот шешімі де бар. Сол сияқты кез келген елді мекендердегі дәл осы сияқты проблемаларды реттеуге болады. Алдағы кезде мұндай мәселелер туындамау үшін аудан әкімдіктері құрылыс кезінде бақылауды барынша күшейтіп, бағаның аспандап кетпеуін қадағалауға тиісті. Сонымен бірге осы саладағы жобалау жұмысының нашарлығы да газдандыру қарқынына тұсау болып отырғаны анықталған.
«Жетісуоблгаз» ЖШС басшылығының мәлімдеуінше, бұрынғы Алматы, қазіргі Алматы және Жетісу облыстары бойынша елді мекендердің 473-і газдандыруға жатады. Өткен жылдың соңындағы мәліметке сай солардың 164-і немесе 63,5 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліпті. Талдықорған қаласында бұл көрсеткіш біршама төмен. Бар-жоғы 30 мың абонент газға қосылған. Жоғарыда айтылғандай, облыс орталығындағы орнатылып қойылған газ қабылдап-тарату тораптары мен тартылған газ құбыры желілерінің сапасына қатысты сұрақтар көп. Көбі тоза бастаған. Сондай-ақ газ жіберілгендерінің жұмысы да сын көтермейді. Қыс айларында жиі бұзылып, тұтынушыларды әбігерге түсіретіні де шындық.
Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында өткен жылы газ тарату желілері пайдалануға берілген болатын. Мемлекет пен жекеменшіктік әріптестік негізінде жүзеге асқан жобаның, тартылғанына бірнеше жыл болғанымен, әлі күнге іске қосылмағандықтан, қарап тұрып жалпы құны 1,8 млрд. Теңге. Содан бері жарты жылдан асса да газға бірде-бір адам қосылмаған. DAUR Capital ЖШС жауапты өкілінің хабарлауынша, тұрғызылғанына бес жыл болған газ-қабылдап-тарату тораптары мен газ құбыры желісіне қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарапынан жасалған ескертпелер реттелуде. Бұған тағы бірнеше ай кетері анық. Ал тұрғындар болса, жылдар бойғы күтуден кейін арман болған көгілдір отынға қол сілтеп, қосылудан мүлде бас тартуы да әбден мүмкін. Мұндай жағдай Алматы облысының Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарында да болып жатыр.
Жетісу облысының шығысында орналасқан Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге қатысты «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры жобасы туралы әңгіме қозғалғалы бірнеше жыл болды. Бірақ әлі күнге жобалық-сметалық құжаттамасы да дайындалмағаны жақында белгілі болды. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, облыс орталықтарына жақын аудандарды қарық қыла алмай отырғандар шалғайдағы елді мекендерге газ тартып, жарылқайды дегенге сену қиындау болып тұр.
Болат АБАҒАН