Телевизия «Тұмары»
Телевизия «Тұмары»
452
оқылды
Нұр-Сұлтанда «Тұмар-2022» ұлттық телевизиялық сыйлығы иегерлерінің есімдері белгілі болды. Биыл бәйге алтыншы мерейтойын атап өтті. бәйге Телевизиялық шеберлік үшін берілетін «Тұмар-2022» ұлттық сыйлығында 10 номинация бар. Биыл сыйлық алуға 300-ге жуық өтінім келіп түскен, ең көп өтінім «Үздік деректі фильм», «Үздік ақпараттық бағдарлама», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік тележурналист», «Үздік теле­жүргізуші» номинациялары бойынша қа­был­данған. Тұмар Ең алдымен, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Үздік деректі фильм» аталымының жеңімпазын жария­лады. Мұнда ATYRAY телеарнасы түсірген «Каспийден кеткен қыпшақтар» фильмі топ жарды. «Үздік ақпараттық бағдарлама» жүлдесіне ASTANA TV телеарнасының Saraptimes бағдарламасы лайық деп таныл­ды. Мүсіншені Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов табыстады. «Үздік әлеу­меттік жоба» аталымында «КТК» телеарнасының «Дау-дамайсыз» жобасы көш бастады. Оны Президент Телерадио­кешенінің Бас директоры Раушан Қажы­баева табыс етті. «Үздік ток-шоу» жүлдесін журналист Кемел­бек Ойшыбаев берді, бұл жүлдені Atameken Business телеарнасының «Время говорить» жо­басы жеңіп алды. «Үздік ойын-сауық бағдарламасы» ата­лымында «Алматы» теле­арнасы әзірлеген Almaty Bala Fest жобасы үздік атанды. Жүлдені Парламент Сена­тының депутаты Дана Нұржігіт тапсырды. «Үз­дік теле­визиялық сериал» сыйлығын табыстау үшін сахнаға «Экспресс-К» газеті­нің бас редак­торы Александр Аксютиц шақы­рылды. Мұнда қазылар алқасының шешімі­мен Qazaqstan ұлттық телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» үздік сериал атанды. Сонымен бірге аймақтар арасында Turkistan телеарнасы «Үздік аймақтық теле­арна» атанды. Бұл сыйлықты «AMANAT» пар­тия­сының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов берді. «Үздік режиссерлік жұмыс» номи­нация­сында Qazaq TV телеарнасының «Жена» жобасы топ жарды. «Үздік теле­журналист» жүлдесін ҚР Парламент Мәжі­лісі­нің депутаты Дархан Мыңбай табыс етті. Мұнда «Хабар 24» телеарнасының Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшісі Владислав Цой жеңімпаз атанды. В. Цой салтанатты мара­паттау кешіне Сеулден тікелей эфирге шық­ты. Кеш соңында «Үздік тележүргізуші» ата­лымында «31 арна» тележүргізушісі Асқар Меңдібаев жеңімпаз атанды. Жүлдені Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров табыстады. Сондай-ақ «Әділ қазы алқасының арнайы сыйлығы» «Бала­пан» телеарнасына берілді. Арнайы сыйлық­ты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин та­быс­тады. жеңімпаз Биылғы «Тұмар» жүлдесін марапаттау кешінде «Балалар жылына» ерекше мән берілді. Кешті балалар жүргізді және барлық жеңімпаздар балалармен сахнаға шықты. Айта кету керек, «Тұмар» ұлттық телевизия­лық бәйгесі 2017 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінің бастамасымен құрылған. Сый­лық жеңімпаздары қазақстандық теле­визия­ны дамытуға қосқан үлесі үшін «Тұ­мар» мүсіншесі мен 1 миллион теңге көле­мін­де ақшалай сыйақы алады.