Түркістан өңірінің негізгі драйвері – туризм
Түркістан өңірінің негізгі драйвері – туризм
909
оқылды
Биыл Түркістан облысының құ­рыл­ғанына 4 жыл толды. Осынау қыс­қа уақыт ішінде киелі шаһар көр­кейіп, көрсе көз тоятындай үлкен қа­­лаға айналды. Түркістан сыртқы келбетімен ғана сұлуланып жатқан жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономика­лық дамуы жақсарып, барлық са­лада өсім байқалады. Қаланы дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатыр Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын ор­та­лыққа айналып келеді. Мұнда тұрғындар­дың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қазір Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жүріп жат­қанын айтып өткен еді. Қаланы дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумағында жүзеге асырылып отыр. Оның біріншісі – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақүй, жеміс бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынбақ. Екін­шісі – әкімшілік-іскерлік орталығын­да жүзеге асатын 57 жоба. Олардың қата­рында Халықаралық теннис орталығы, құрылысы жүріп жатқан «Мұз сарайы» бар. Одан бөлек, ат спорты кешені, де­малыс орындары мен денсаулық сақтау нысандарын да атап өтуге болады. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтерді пай­далануға беру жоспарланған. Ал үшіншісі, Б.Саттарханов даңғылы­ның бойында да бірқатар жоба жүзеге асуы тиіс. Төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абат­тандыру жоспарға алынған. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Ама­нат» коттедж қалашығы, Medina Palace қонақүйі, «Қылует» мәдени-рухани орта­лығы салынып жатыр. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвести­циялардың көлемі 1,3 трлн теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн теңгесі не­месе 77 пайызы жеке инвестициялар есе­бінен жүзеге асады. Қаланы суландыру, газдандыру мәсе­ле­сі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақса­рып келеді. Туристер саны артып, респуб­ли­калық, халықаралық деңгейдегі бас­қосулар жиі өтіп жатыр. Жалпы Түркістан облысы құрылған 2018 жылмен салыстырғанда осы төрт жыл­да облыстың әлеуметтік-экономика­лық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн теңгеге жетті. Өнер­кәсіп өнім көлемі 1,6 есеге артып, 707,8 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, 906,5 млрд теңгені құрады. 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2018 жылмен салыс­тырғанда ол 2,1 есеге өсті. Облыс бюдже­тінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд теңге болды. Түркістанда тұрғын үй салу қарқыны 2 еседен асып кетті Өңірде ауыз толтырып айтарлық жүйе­лі жұмыс көп. Оның тағы бірі – облыстың индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылып отыр. Биыл құны 4,2 млрд теңге болатын 6 жобаны іске қосу арқылы 246 жаңа жұ­мыс орны ашылмақ. Қазір 793 млн теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құ­рылған. «Өңірде Түркістан қаласын да­мытудың ІІ кезеңі қарқынды жалғасып жатыр», – деді облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы Түркістан облысының даму кезеңі туралы сөйлеген сөзінде. Жоғарыда атап өткендей, аймақтың құрылыс саласы шапшаңдықпен дамып келеді. Есесіне құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, құны 322,9 млрд теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 139,1 млрд теңге болатын. Демек, құрылыс саласындағы даму қатты жылдамдықпен қарқын алған. Жыл ба­сынан бері 191,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Түркістан облысы халқының басым бөлігі жерден нәпақасын тауып отыр. Шаруашылыққа бейім оңтүстіктің тұрғын­дары күн жылына қара жерден дән алуға кіріседі. Облыс ауыл шаруашылығында жыл басынан бері 199,3 млрд теңгенің өнімі өн­діріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол 101,2 пайыз болған. 2021 жылдың 5 айында 170,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген болатын. Мұндай өнім алу­ға өңірде жаңбырлатып және тамшыла­тып суару, өзге де жаңа технологияларды батыл енгізудің пайдасы орасан. «Түркіс­тан өңірінің қолайлы ауа райы ерте пісетін дақылдарды өсіруге, бір жерден жылына екі-үш өнім алуға мүмкіндік береді. Біз бұл тәжірибені халыққа түсіндіріп, семинарлар өткіздік. Насихат жұмысы жүрді. Нәтижесі жаман емес. Былтыр «Бір алқаптан жылы­на 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8 400 гек­тарда 3 000 жоба жүзеге асырылып, 145 500 тонна көкөніс өнімі жиналды. Биыл егіс көлемі 851 000 гектарға орналастыры­лып, жоспар 100%-ға орындалды. Өткен жылдан 5 500 гектарға ұлғайды (2021 ж. – 845,5 мың га). Қосымша 26,6 гектарға жы­лыжайлар салынып, алаңы 1 494 гек­тар­ға жетті. Республикадағы жылыжай­лар­дың 71%-ы Түркістан облысында ор­на­лас­қан. Жыл қорытындысымен 1 590 гек­тарға жеткізілетін болады», – деді Өмірзақ Естайұлы. Шаруалар суды үнемдеуді үйренген Өңірде тамшылатып суғару, жаңбыр­латып суару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшкен. Осы арқылы су үнемделіп, өнімділік есе­леп артып отыр. Қазір Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру ая­сында құны 34,3 млрд теңге болатын 5 сер­­пінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Тұрақтандыру қоры­ның есебінде құны 327,6 млн теңге болатын 3 615,8 тонна тауар бар. Бұған қо­са қосымша 1 млрд теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының 12 түрі сатып алынбақ. Сонымен қатар Түркістан облысы ша­ғын кәсіпкерлікті дамытуда көш бастап тұрғанын атап өту керек. Өңірде 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын ескере кету керек. Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба мақұлданған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы рес­публикада бірінші орында тұр. «Биз­нес­тің жол картасы–2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд теңгеге қолдау көрсету жос­парланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жеткен. Қазір өңірде Түр­кістан облысы әкімдігінің тиісті басқарма­лары арқылы кәсіпкерлікті дамыту, мем­лекеттік жеңілдіктер алу жолын түсіндіру бойынша ауылдарда, қалаларда семинар-кеңестер өтіп жүр. Түркістан шетелдіктер үшін туризмі­мен еске түседі. Сондықтан өңірде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде оны дамыту басты назарда тұрғанын айтып жүреді Өмірзақ Шөкеев. Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылы 102 млрд теңге болған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш бастап тұр. Өңір тарихи және мәдени мұраға бай. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш ку­рорты аумағында емдік- сауықтыру ту­ризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудан­дарында экологиялық туризм түрлері қар­қынды дамып келеді. Аймақта «Қасқасу туристік-рекреация­лық кешені» жобасының инфрақұры­лымын салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП -50-іне енгізілген. Сонымен қатар облыс болып құрылған төрт жылдың ішінде халқының саны 285 216 адамға көбейгенін де айтпай кетуге болмайды. Түркістан осылайша түрленіп, түлеп жатыр.

Түркістан облысы