Тарихи-мәдени мұраларды сақтау – аса маңызды міндет
Тарихи-мәдени мұраларды сақтау – аса маңызды міндет
381
оқылды
Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жетісу жері­не жасаған жұмыс сапары барысында Nur Otan партия­сы Алматы облыстық филиалы­ның қоғамдық қабылдауында өзіне қояр сауалдары мен айтар өтініштері бар тұрғын­дар­мен кездесті. Қарапайым халықтың өтініш-тілектерін тыңдап, шешімін күткен мәселелерді мүмкіндігінше реттеп, жергілікті жердегі атқарушы ор­ган­дарға тиісті тапсырмалар бе­ру­ге негізделген шарапатты шара қа­­зақ елінің Тұңғыш Прези­денті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың партия саяси кеңесінде жүк­­­теген «Тұрғындармен кері бай­­ланыс» орнатудың тиімділі­гін ба­рынша арттыру жөнін­дегі тап­сырмасы аясында ұйым­дас­ты­рылды. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев та «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­­рым­­дамасының маңызын айрық­ша атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жетілдіруді жүктеген болатын. Елордада отырғанда екінің бірінің қолы жете бермейтін ми­нистрдің Талдықорғандағы қабылдауына біраз адам келді. Өздерін толғандыратын мәселелер мен шешімін күтіп, жауабын таппай жүрген сауалдарын көлденең тар­тып, ағынан жарылды. Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театр ди­­рек­торының орынбасары Ғалия Темербаева өткен жылы 45 жыл­дығын атап өткен театрдың же­тістіктері мен алдағы жоспары жайлы айта келе, бір кездегі «Халық әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі» құрметті атақтарын қай­та бекіту туралы мәселе қоз­ғады. Қазіргі кезде ғылым, мә­дениет, өндіріс, әлеуметтік және тағы басқа да саладағыларға «Қа­­зақстанның еңбек сіңірген қай­­рат­кері» атағы ғана беріледі. «Заманында театр, көркемөнер сын­ды рухани саладағы саңлақтарға беріліп келген құрметті атақтар қайтарылса дұрыс болар еді» деген ойын білдірді. Қарасай ауданындағы Ша­мал­ған ауылының тұрғыны Серік Қалиев министрдің алдына жаңа ар­хеологиялық музей ашу мәсе­лесін қойды: – Жер ұйығы Жетісудың та­биғаты көркем екенін елдің бәрі біледі. Сонымен бірге осынау шежірелі өлкенің тарихы да тым терең. Атақты сақ қорғанының көбі осында орналасқан. Бүгінге дейін зерттелгені еліміздің тари­хына үлкен үлес қосып, еліміз бен жеріміздің өткенін әлемге паш етті. Басқаны айтпай-ақ, дүниежүзіне даңқы тараған «Алтын адамның» Жетісудан табылғанын мақтан тұтсақ, артық етпейді. Қазіргі кезде облыста 26 музей жұмыс істейді. Дегенмен аздық етіп отырғаны рас. Сонымен бір­ге олардың зерттеу, зерделеу мүм­кіндігі шектеулі. Осыған орай, дербес археологиялық музей ашып, ар­найы ғылыми зертханалар же­лісін құрған жөн, – деп өз ойын жет­кізді туған өлкесінің өт­кенін зерт­теп, болашақ ұрпаққа жет­кізгісі кел­ген азамат. Эстрадалық-үрмелі аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі Данияр Жақияновты да жеке басының емес, әріптестерінің жағ­дайы толғандырады екен. «Үрмелі аспаптар оркестрінің му­зы­­канттарын зейнеткерлік дема­лысқа ерте шығарса» деген тілегін жеткізді көркемдік жетекші. – Мәдениет саласындағы қыз­­меткерлердің жекелеген санат­­тарына арналған қызмет атқар­ған жылдарына (сахнада 20 жыл) байланысты қосымша әлеу­меттік төлем қарастыратын заң­на­малық норма бар. Алдағы кезде сіз­дерді солардың қатарына қосу мә­селесін қарастыратын боламыз, – деп жауап қайтарды министр ханым. Қабылдауға келген бірде-бір адамның өтініші жерде қалмайтын болды. Сауалдарына тиянақты жауаптар қайтарылды. Облыстық деңгейде реттелетін жағдайлар бойынша тиісті лауазымды тұлға­ларға тапсырмалар берілді. Бар­лық мәселелердің заңмен қарас­тырылған мерзімде шешілуі мен сауал­дарға тиісті жауаптар қай­тарылуын министрдің өзі бақы­лауда ұстайды. Жүздесуді қорытындылаған Ақтоты Рахметоллақызы Жетісу жерінің тарихи-мәдени мүмкін­дігінің аса бай екеніне тағы бір мәрте назар аударып, қазіргі кезде үкіметтік деңгейде еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерт­теуге, зерделеуге баса назар аудару­ды қарастыратын жобалар легі жа­са­лып жатқанына тоқталды. – Ар­хеологиядағы ғылыми із­деністер кез келген тарихи ақ­паратты дәлелдеп бекітуге не­месе жоққа шығаруға қыз­мет етеді. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тардың барлығы «Рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясын­да жүр­гі­зілуде. Алайда осы сала­да­ғы бар­лық зерттеулер қатаң түрде регла­менттелуі керек екенін та­ғы мәрте еске салғым келеді. Біз­дің министрліктің бас­тама­шыл­дығымен республи­калық жоспар жасалмақ. Ол ресми сайтта жария­ланады. Онда таяу жылдарға бел­гіленген барлық археологиялық экс­педиция көрсетіледі. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау – қоғам алдында тұрған аса ма­ңызды міндет, – деп айрықша атап өтті Ақтоты Райымқұлова.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы