Қазақстан көшбасшысы Түрікменстанның бас қаласы Ашхабадта өткен VI Каспий саммитіне қатысты. Төрт жыл бұрын Ақтауда Каспийдің құқықтық мәртебесі бекітілгелі бұл теңіз ынтымақтастықтың, достық пен тату көршіліктің айдынына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың байламынша, осы маңызды кездесудің офлайн өткізілгені дұрыс болды. Ақтау тарихи саммитінен бергі 4 жыл ішінде әлем түбегейлі өзгерістерді бастан өткерді. Коронавирус пандемиясы, геосаяси шиеленістің күшеюі және басқа сын-қатерлер Каспий аймағындағы тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдырудың аса маңызды екенін көрсетіп отыр.
– Бұрын-соңды болмаған «жаһандық дауыл» жағдайында Каспий теңізінің геосаяси тұрғыдан орналасуына, бай табиғи ресурстарына, сондай-ақ оңтайлы транзиттік әлеуетіне байланысты оның маңызы арта түседі. Ақтау саммиті Каспий маңы мемлекеттерінің күрделі әрі түйткілді мәселелерді бейбіт жолмен, тату көршілік және достық рухында шеше алатынын бүкіл- әлемдік қоғамдастыққа танытты. Көп жылғы келіссөздерден кейін бесжақты ықпалдастықты кешенді түрде нығайтудың берік құқықтық негізін қалыптастырған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаны – соның айқын дәлелі, – деді Қазақстан Президенті.Оның пікірінше, Каспий – пайдалы ресурстардың мол қоры ғана емес, сондай-ақ шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын теңіз. Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатымен ынтымақтастықты нығайтудың перспективті жолдарын белгілеп берді.
– Басты міндетіміз – Конвенцияның тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Осы мәселеге қатысты өзара тиімді шешімдерді іздеу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл мәселелер тікелей ұлттық мүддеге байланысты болғандықтан, тараптардың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз. Көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін бар күшімізді салуға дайынбыз, – деді Қ.Тоқаев.Мемлекет басшысы дәстүрлі логистикалық желілердің үзілуі жағдайында өзара көлік қатынасы мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың орнықты дамуының және нығаюының маңызды факторына айналады деп санайды. Оның пікірінше, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік қатынастар легін қамтамасыз ету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі артты.
– Биылғы 5 айдың қорытындысында осы бағыттағы қазақстандық жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9%-дан асты. Теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатында оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділендірілген тарифтерді уақытылы бекітуге, түйткілді мәселелерді реттеуге қатысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Сонымен қатар Солтүстік–Оңтүстік перспективті дәлізін одан ары дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан–Түрікменстан–Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70%-ы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.
– Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол – бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар. Алайда Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Ол саммитке биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңыздылығына қатысушылардың назарын аударды. Президент биоресурстарды заңсыз аулау, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдастарды заңсыз сатып алу немесе сату фактілерін қаперге салды.
– Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды, – деді Президент.Мемлекет басшысы тығыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды және «Каспий бестігінің» талдау құрылымының консорциумын қалыптастыруды ұсынды.
– Каспий бойынша ынтымақтастықты ары қарай жан-жақты тереңдетуге қатысты айтылған бастамалар сапалы әрі уақытылы орындалатынына сенімдімін. Қазақстан баршамызға ортақ және ата-бабаларымыздан мирасқа қалған берекелі қарт Каспийдің қашанда достықтың, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың теңізі болып қалуына мүдделі. Мемлекеттеріміздің гүлденуі және ілгерілеуі үшін өзара ерік-жігер таныта отырып, баршамыз осы ізгі мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деп түйді Қ.Тоқаев.Каспий саммитінде Түрікменстан Президенті С.Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті И.Раиси, Ресей Президенті В.Путин сөз сөйледі. Форум қорытындысында мемлекеттер басшылары ортақ коммюнике қабылдады.