Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палатаның VII шақырылымының II сессиясы жұмысын қорытындылады.
Алдымен, депутаттар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске экологиялық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты күшейту мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжат Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатымен әзірленді. Онда құқықбұзушыларды қылмыстық және әкімшілік қудалауды күшейте отырып, Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлығын қорғау жөніндегі заңнамалық және нормативтік шараларды әзірлеу міндеті қойылған болатын.
Отырыста Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, орман пайдаланушылардың өрт қауіпсіздігі мен санитариялық қағидаларды сақтамауы себебінен орман алқаптарында өрт пен зиянкестердің ошақтары пайда болуда.
Сонымен қатар жиында депутаттар асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Заң жобасындағы түзетулер өсіріліп отырған мал тұқымдарының генетикалық әлеуеті мен өнімділігін арттыру, олардың бас санын ұлғайту мақсатымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты дамытумен байланысты.
Жалпы, отырыс барысында «AMANAT» партиясының фракциясы депутаттар тобының және мүшелерінің депутаттық сауалына Ауыл шаруашылығы министрі ауызша жауап беру үшін арнайы келді. Сәуір айында Үкімет басшысы депутаттың сауалына жазбаша жауап берді. Жауап ретінде Ә.Смайылов агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын, оның шеңберінде АӨК субсидиялау жүйесіне жаңа тәсілдер таныстырылғанын хабарлады. Жалпы айтқанда, мәжілісмендер Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің жауабына көңілі толмады. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов мемлекеттік орган басшыларын депутаттар көтерген сауалдарға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Мәжілістің екінші сессиясының жұмысы аяқталғанын айтқан Палата Төрағасы атқарылған жұмыс нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Осы сессия күллі қоғам үшін жауапты әрі күрделі кезеңде өткенін, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Парламенттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгеніне назар аударып, Конституциялық өзгерістер бойынша республикалық референдум өткізілгенін айтты.
«Бұл кезеңде Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Палатаның қарауында 127 заң жобасы болды, оның 75-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Соның ішінде депутаттық корпус бастамашылық еткен 27 заң жобасымен жұмыс істеді. Бұл Палатаның қарауына енгізілген заң жобалары санының 21 пайызын құрайды. Мақұлданған заң жобалары, бірінші кезекте, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Е.Қошановтың айтуынша, олардың ішінде Омбудсмен туралы, Рақымшылық жасау, Өлім жазасын жою, Сайлау, Республикалық референдум, Саяси партиялар, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңдар бар.
Сонымен қатар Палата Спикері Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың атына 355 депутаттық сауал жолдағанына мән берді. Депутаттық сауалдарда кәсіпкерлікті қорғау, банк қызметі, салық саясаты, денсаулық сақтау және білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, бала құқықтарын қорғау, жастар саясатын іске асыру мәселелері көтерілді.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.