Сан қатпарлы тарихты зерттеген ғалым көп. Бірақ қатесіне үңіліп, қазақ тарихын түгендегендері санаулы. Солардың бірі – «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген роман жазған жазушы, түркі жазуын қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа құнды мұра ұсынып жүрген тарихшы Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ. – Алғашқы еңбек жолыңызды журналистикадан бастасаңыз да, жұрт сізді тарихшы ретінде көбірек таниды. Тарихқа қалам тербеуіңізге не түрткі болды? – Біз оқу бітірген жылы Совет өкіметі қазақ жастарына жоғары білім алғызбаудың бір амалы ретінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының мектеп бітірушілерінің атынан «сыныбымызбен ауыл шаруашылығына барамыз» деген үндеу жариялатты. Осыған байланысты мектеп бітірген соң аттестатымызды ала алмай, бәріміз ауыл шаруашылығына баруға мәжбүр болдық. Әкем соғыстан ауыр жараланып келгеніне қарамай, колхоздың қойын бағатын. Мен сұранып, әкеме көмекші шопан болып бардым. Көп ұзамай әкем өкпесінде қалған снарядтың жарықшағының кесірінен қайтыс болды да, менің жеке қойшылық өмірім басталды. Ол кезде Совет өкіметі әр саладан бір қаһарман шығарып, соны жұртқа үлгі ететін бір дәстүр бар еді. Қалай екенін білмеймін, әкемнің еңбегінің арқасында шығар, біздің өңірден сондай көтермелеу атаққа мен іліктім. Үлкен жиындарда, ақындар айтысында, әйтеуір менің атыма мақтау айтылып жататын. Жасым жетпей, партияға да өткізіп жіберді. Мақтаулы шопан ретінде Шопандардың республикалық слетіне қатыстым. Мақтау грамотасына ие болдым. Осындай көтермелеудің арқасында Алматының Малдәрігерлік институтына оқуға баруға мүмкіндік туды. Бірақ Алматыға барған соң өз қалауымды жасайын деп ҚазМУ-дың Филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Өмірімнің ең қуатты, ең қайратты шағы, «қайдан шықтық?» деген сауал мазалай бастады. Алғашында осы сауалдың жауабын тарихқа қатысты академиялық еңбектер мен жекелеген танымал ғалымдардың зерттеулерін оқысам табамын деп ойлағам. Өкінішке қарай, ол ойым ақталмады. Бәрінде бір сарын, бірінің айтқанын екіншісі өз сөзімен қайталап беруден аспаған «еңбектер». «Тегіміз қайдан бастау алады?», «Түрік деген кім?», «Түрік халықтары деп аталуымыз неліктен?» деген тәріздес сауалдарыма жауап таба алмадым. Содан соң өзімше ізденуді бастадым. Көне құжаттарға, ежелгі заман оқымыстыларының зерттеу еңбектеріне ден қойдым. Солай бір ғалым екінші бір мен білмейтін ғалымға, бір кітап екінші кітапқа шығарып салып отырды. Ғылым академиясының кітапханасы мен Ұлттық кітапханаларының Сирек қолжазбалар қорына кезектесе барып, алты жыл уақытымды осыған жұмсадым. Соның нәтижесінде қазіргі тарихтың дұрыс жазылмағанына тарихи фактілердің бұрмаланғанына, кейбір зерттеушілердің пендешілігіне көз жеткіздім. Қиянат көп. Білместіктен емес, әдейі бұрмаланған деректер қаншама?! Осының бәрін көргенде қатты толқыдым. Не істеуім керек? Қайтіп жазамын, қайтіп айтамын? Халқымыздың тарихын өзімізге зерттетпей, өзге ұлттардың өкілдері зерттеген саясат болса анау. Советтік дәуірде «Қазақ халқының тарихынан» бірде-бір адам не кандидаттық, не докторлық жұмысын қорғамады. Қорғамайын деген жоқ, қорғатпады. Біздің тарихтың білгірлері Левшин, Аристов, Харузин секілді отарлауды тездету үшін қазақ болмысын тануға арнайы жіберген патша шенеуніктері болды. Бұлардың бәрі, айталық, біреуі салт-дәстүрімізді, біреуі рулық-тайпалық жүйемізді, біреуі жерімізді, біреуі шаруашылығымызды білуі үшін арнайы жіберілген «шпион» шенеуніктер еді. Солардың жинаған материалдары Совет үкіметі кезінде зерттеу материалдарына айналып, ғылымға енді.
«Қазақстан тарихы» қазақ тарихы емес
– Қазіргі тарихтың зерттелуіне қандай баға бересіз? Мектепте оқушылар неге «Қазақстан тарихын» оқиды? Қазақ тарихы қайда қалды? – Әлі күнге танымдық-теориялық тұрғыдан да, тарихи-философиялық тұрғыдан да, тіпті әдістемелік тұрғыдан да тек өзгелердің көзқарасы негізінде жазылған, халқымыздың халықтық болмысын танытпайтын жасанды тарихты «төл тарихымыз» деп малданып келе жатырмыз. Бүгінгі тарихшыларымыз өз халқының тарихынан жан-жақты хабардар болып, оны тұтас танып білмеген соң өздері білмейтіндері жөнінде жазған өзге елдердің ғалымдарының ой-тұжырымдарының дұрысын да, бұрысын да сол күйі қабылдап, оларды өмірлік шындықтың айғағы ретінде жұртқа ұсынуға мәжбүр. Қазіргі қолданыстағы «Қазақстан тарихы» деп аталатын көп томдықтар көне заманнан бүгінге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Бүгінгі «қазақ» деп аталып жүрген халықтың ата тегінің кімдер екені, олардың қашан, қайда пайда болғаны, бүгінгі иеленіп отырған жерін қай заманнан бері мекендеп келе жатқаны, мына жер бетіндегі мыңдап саналатын басқа халықтардан ерекшелер қандай халықтық құндылықтары бары жайлы нақты дерек жоқ. Оқулық «Ежелгі тас ғасыры (палеолит) дәуіріндегі Қазақстан», «Жаңа тас ғасырындағы (неолит, энеолит) Қазақстан», «Қазақстан ертедегі дәуірде» деп аталатын тарихымызды түп-тамырынан таратып, түгел тануға үміттендірер тараулармен басталғанымен, бұлардан бүгінгі «қазақ» деп аталған халықтың түптегі «е-е, осылар екен ғой», «олар осылай қалыптасып, осылай өмір сүрген екен ғой» дегізер танымдық нақты бір мәлімет таппайсыз. Мұндағы «Қазақстан» атауы қайталана айтылып, нақты көрсетілгенімен, оның бұл қолданыстағы білдірер ұғымы – қазақ елі мен халқына қатысты емес, олардың қазақ аталғаннан кейін иеленіп отырған бүгінгі жеріне, сол жерден табылған тас, мыс дәуірлеріне жататын заттық айғақтар жөнінде ғана. Бұл заттық айғақтардың нақты иесі кімдер? Оны тап басып тану қиын. Бәлкім, тарихтың «Қазақ халқының тарихы» деп аталмай, «Қазақстан тарихы» аталуы да содан шығар. Өйткені «Қазақстан» – халықтың емес, осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы жұртынан жеке бөлініп шығып, «қазақ» деген атпен өз алдына жеке мемлекет құрған түріктердің бір бұтағының мекен еткен жерінің, елінің атауы ғой. Ал бізге керегі қазақ халқының өзінің төл тарихы емес пе?! – «Қазақ қазақ болғанға дейін» кім еді, «қазақ қазақ болғаннан кейін» кім болды? – Кез келген халық бір атадан тарамайды. Бірнеше жұрттан құралған, солардың бірігіп, кірігіп кетуінен пайда болады. Біздің зерттеушілерге бір ерекше мүмкіндік – біздің тіліміз басқа түріктілдес халықтардың тіліне қарағанда бастапқы тілге өте жақын. Қазақ атауы бағзыдан бар. Х ғасырда византиялық Константин Порфирородныйдың Қазақ хандығы жөніндегі мәліметі мынандай жолдармен берілген: «Зихиядан жоғарыда папагин жері жатыр. Ал бұл жерден жоғарыда «Касахия» деп аталатын ел бар. Касахиядан жоғарырақта Кавказ тауы жатыр». Бұл шамамен қазіргі Әзербайжан еліндегі Қазақ ауданының жері болса керек. Егер генетик ғалымдардың адамзат баласының алғаш жаралған жері Оңтүстік Шығыс Африка дегендері шынымен рас болса, бір қазақтың ғана емес, бүкіл түріктектес халықтардың түптегін, яғни бастау тарихын осы өңірден іздеген жөн. Кейін олар Африкадан Азия құрлығына өткен. Геродоттан бұрынғы тарихшылардың түсінігі бойынша, олар Кавказ тауын жердің шеті деп білген. Сондықтан олардың бұл Азиясы қазіргі Алдыңғы және Кіші Азиямен тұйықталады. Кейін осылардың өсіп-өніп өріс кеңейткен ұрпақтары Кавказ тауының терістігіне өтеді. Қазақтың қазақ болғанға дейінгі тарихы, міне осы кезден басталады. Кавказдың теріскейіндегі бұл алып даланы тарихшылар «Ұлы дала» деп атайды. Жалпы, далалықтардың тарихы бірігулер мен ыдыраулардан тұрады. Біріккенде далалық империя құрады, ыдырағанда жеке хандықтарға бөлініп кетеді. Мысалы, біздің Қазақ хандығы осындай ыдыраудың, нақтырақ айтсақ, Алтын Орда тарағаннан кейін ХV ғасырда пайда болды. – «Мөде хан» атты повесіңіз бар. Мөде жайлы кинороман жазғаныңызды да білеміз. Осыдан тура 22 ғасыр бұрын өмір сүрген Мөде хан туралы тарихты сіз қайдан таптыңыз? – Мөде туралы жазудағы менің мақсатым: тарихты зерттеу барысында мыңжылдықтар тұрғысынан алғанда, заттық құндылықтардың да, рухани құндылықтардың өзгеретінін, тек жердің ғана мәңгілік екенін көрсету болды. Жерді сатуға да, жерден айырылуға да болмайтынын, жер – асыраушың, оны анаңдай ардақтап, атаңдай құрметтеудің баршаға ортақ халықтық парыз екенін ұрпақтың бүкіл болмысымен жан-жақты сезініп өсуіне көмектескім келді. Халқымыз «бардың байыбына барып, бағалай білгенге бақ қонады, құндылығын құнттай білгенге құт қонады» дейді. Осы бабалар өсиетін орындауда ел билеушілері қандай болуы керек дегенге ерекше мән бердім. Соған орай кейінгі жазылған кинороман нұсқасында Мөде хан «Алтын тамырдағы» болмысынан гөрі: ел билеуші қандай болуы керек, қалай іс жүргізу керек, халықпен қалай араласу керек, төңірегіне кімдерді топтастыру керек, қысқасы не үшін, қалай өмір сүру керек деген секілді сауалдарға толық жауап беретін күрделі тұлға. Көпсериялы фильм бола ма деген үміт болып еді. Бірақ түрлі себеппен бұл киносценарий киноға айналмады. Осы жерде бір ерекше тоқталып кететін жайт – Мөде хан біздің ресми тарих көрсеткендей жаулаушы хандардың бірі емес. Өзінің сөзі де бар, «кезінде билікқұмар жеке тұлғалардың жеке билікке ұмтылуынан бөлшектеніп кеткен халықтың басын қосуға» ұмтылған жан. Бір сөзбен айтқанда, өзге жаулаушылар секілді төңірегін түгел жаулап алуды мақсат еткен басқыншы емес, кезінде бытырап кеткен тек түріктектес халықтардың ғана басын қосып, бір үлкен қағанат орнатқан тұлға. Біз көне тарихты негізінен Еуропа тарихшыларының жазуы арқылы білеміз ғой. Тарих атасы атанған гректердің бас тарихшысы Геродот секілді Қытайдың да тарих атасы атанған Сыма Цянь деген тарихшысы болған. Империя кезінде император сарайында, қазіргі біздегі саясат бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, ішкі-сыртқы саясат бөлімі деген бар ғой, сол секілді «тарих бөлімі» деген болған. Сыма Цянь сол тарих бөлімінің меңгерушісі болған. Қытайдың тарих бөлімінде барлығы жазылған. Бірақ бір ескеретін зат, Қытай тарихында жазылғандардың бәрін сол жазылғандағыдай тура түсінуге болмайтын тұстары бар екен. Бұл, әсіресе олардың соғыстағы жеңілістеріне қатысты берілген деректерден ерекше байқалады. Мен оны алғашында білген жоқпын. Кейін Президент тапсырмасымен арнайы Қытайға барып, архивіне түсіп, сондағы ғұлама мамандармен етене араласып, сұхбаттасу барысында көнежазбалар берер деректің астарында жасырын қалатын шындықтың не екенін аңғаратын мүмкіндік туды.«Алтын Орда» деген мемлекет жоқ
– Қазір қатардағы оқырманнан бастап ғылым адамдарына дейін жұрттың бәрі «Ұлы Ұлыс» демейді, «Алтын Орда» деп атайды, солай жазады. Ал сіз бір сұхбатыңызда «Алтын Орда» деп атау дұрыс емес дедіңіз. Қандай дәлеліңіз бар? – Қазіргі тарих ғылымында «Ұлы Ұлыс» деген ресми төл атауы аталмай, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жазылған «Қазақстан тарихының» 2010 жылы жарық көрген көптомдығының екінші томының «Қазақ халқының қалыптасуы. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы» деген бөлімінің бірінші тарауында түгелдей «Алтын Орда» деп алынған. Шын мәнінде, өмірде «Алтын Орда» деген мемлекет те, империя да болмаған. Шыңғыс хан өлгеннен кейін сегіз жыл уақыт өткен соң Қарақорымда моңғол ақсүйектері құрылтай шақырып, Шығыс Еуропаға жорық жасау жөнінде шешім қабылдады. Осы жорықты басқару Жошының жауынгер баласы Батуға (Батыйға) жүктеледі. Жеті жылға созылған бұл жорықтан Бату хан 1242 жылы үлкен жеңіспен оралады. Нәтижесінде, бұрынғы Жошы ұлысы жаңадан қосылған бірнеше ұлыспен ұлғайып, күшеюіне байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталды. Осыдан кейін, қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кеткенге дейінгі аралықта өткен екі ғасырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та, осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Бату ханнан бастап оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықтағы ел билеушілерінің бәрі де өз елін «Ұлы Ұлыс» деп атаған. Бұған Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатының аяғына «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қол қойып, мөр басуы да айғақ. Енді «орда» сөзінің сөздік төркіні мен атаулық мағынасына үңіліп көрейік. Көптеген тарихшы «орда» сөзін «орта» деп түсіндіреді. Мысалы, осы орайда арнайы зерттеу жүргізген «История Отечества» атты еңбектің авторы К.Данияров: «Көптеген түркітанушы «орда» сөзі түріктің «орта» деген сөзінен шыққан деп есептейді. Басқаларға қарағанда, осы шындыққа келеді. Қалай дегенде де, «орда» мемлекет сөзінің баламасы емес, «орталық», «астана» деген мағынаны білдіреді» дейді. Бұл арада зерттеушінің «орданы» «орта» деп тануы да, оны «шындыққа келеді» деуі де атау сөздің төркінін ғылыми талдау арқылы емес, ел билеушісінің ордасы қалайда елдің ортасында болуға тиісті ғой деген жалаң қисынға сүйенген, бұл – тиянақсыз тұжырым. «Орда» сөзі әуелде «орда, ордың ішінде» деген мағынаны білдірген. Оған бүгінге аман жеткен Ұлытаудағы хан мен қағандар ордасын тіккен жердегі «орданың жұрты» айғақ. Кейін қолданыста «ел билеушісінің әкімшілік үйі», «кеңсесі» дегенді білдіретін «орда» ұғымы пайда болған. Көптеген дереккөзде оның жеке айтылмай, көп жағдайда «ханның ордасы», «қағанның ордасы» деп біреуге еншіленіп айтылатыны содан болса керек. Осындай хан мен қаған ордаларының кейбірі «Алтын Орда» деп аталып, ерекше әспеттелгенімен, олардың да атқаратын қызметі басқа жай ордалармен бірдей мағынада. Бар айырмашылық: ханның немесе қағанның кеңсесі болған осындай орданың сән-салтанатын асыру үшін керегелерінің басын, уықтарының қарларын, шаңырағының шеңберін алтынмен аптап, сәндеп әшекейлеуінде ғана. Мұндай алтын ордалар және Бату құрған Ұлы Ұлыстар бұрын да болған. Бұл ретте басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шығыс түрік қағанатының атақты қағаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтынмен апталған Алтын Ордада қабылдағаны белгілі. Ал мұны нақты Шыңғыс хан заманына тураласақ, мысалы Рашид ад-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сыятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтарының алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтынын жазады. Сол сияқты Плано Карпини ұлы хан Күйікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357 жж.) үйінің де Алтын Орда аталғаны мәлім. Міне, осылардың өзінен-ақ ешбір орданың, тіпті Алтын Орда аталса да, ешқандай мемлекеттің аты болмаған. Салыстырмалы түрде айтқанда, біздің қолданысымыздағы «Алтын Орда» дегеніміз – далалықтардың мемлекеті үшін қай заманда болсын, бар мән-мағынасы қазіргі АҚШ-тың «Ақ үй», болмаса Ресейдің «Кремль» дегенімен бірдей. Бірақ осылай екен деп ешкім АҚШ-ты «Ақ үй мемлекеті», Ресей Федерациясын «Кремль мемлекеті» деп атамайды ғой. Осыған қарамастан, қазақ тарихшылары әлі күнге ресми тарих атауларында, академиялық ғылыми зерттеулерінде Алтын Орданы Ұлы ұлыс атауының баламасы ретінде ешқандай түсінік, ескертпесіз қолдана береді. Білмегендіктен емес, біліп тұрып сөйтеді. – «Жер жаһанда арғы атаңның ізі бар» деген кітабыңызда Крит пен Кипрден табылған қыш тақтайшалардағы жазуды әлемнің маман ғылымдары «Сызықты А жазуы» деп танып, оны латын әріптеріне түсіргенімен, жазудың қай тілдің мұрасы екенін анықтай алмай, оларға «Этеокрит», «Этеокипр» деген ат беріп, «ғылымға белгісіз із-түзсіз жоғалып кеткен халықтан қалған мұра» деп қорытынды шығарды дейсіз. Сіз сол жазуды өз тарапыңыздан бір әріп, не бір сөз қоспай толық оқып шыққан көрінесіз. Сонда қыш тақтайшаларда не жазылған? –Бұл Крит пен Кипрден ағылшынның атақты археологі Артур Эванс 1900 жылы тапқан жазу, яғни осыдан 122 жыл бұрын табылған. Мұны талай елдің маман ғалымдары оқып, қандай халықтан қалған мұра екенін анықтай алмаған. Орыс ғалымдары да зерттеді. «Көне жазулар құпиясы» деген кітапта осы қыштақтайшалардағы жазуға арнайы бір тарау берілді. Олар да кілтін таба алмады. Осыны өзіміздің Жамбыл облысының бір журналисі Амантай Айзахметов деген жігіт оқыды. Осы жігіт оқып, «Рождение туркского мира» деген кітабын шығарған. Орыстілді жігіт еді. Ғалымдарға көрсеткен. Ғалымдар оған, «шырағым, өз шаруаңмен айналыс. Мұның жұмбағын сен түгілі көне жазуды оқып жүрген мүйізі қарағайдай әлемнің белгілі мамандары да шеше алмаған» деген ғой. Адам іске шаршамайды. Қара жұмыс болсын, ой жұмысы болсын. Сол істеген жұмысыңнан нәтиже болмаса, бірден шаршайсың. Бірден мұқаласың. Себебі бүкіл энергиясын, бүкіл білімін соған салды ғой. Енді рақатын, нәтижесін көрем дегенде оның түкке жарамайтынын білген кезде қиын. Мысалы, Америкадағы майялардың жазуын оқимын деп соңында нәтижесіз болғаны үшін өзіне қол жұмсаған адамдар болған. Дүниедегі ең жаман нәрсе – сенің еңбегіңнің нәтижесіздігі. Мына жігіт те сондай күйге түсіпті. Содан Мекемтас Мырзахмет ағаға барыпты. Барған соң ол кісі: «Шырағым, менің зерттеп жүргенім бұл емес. Менің тақырыбым басқа. Мұны бір білсе, Қойшығара білер» деп сол жерде маған хабарласыпты. «Осындай жігіт келіп отыр, барса қабылдайсың ба?», – деді. «Келсін» дедім. Әлгі жігіт ертесіне келді. Келіп, кітабын берді. Әңгімелесе отырып, кітабын парақтап, кей жеріне көз тоқтатып, оқып көріп едім, онша түсіне алмадым. Бірақ есі дұрыс адам бірдеңені көздеп жазды ғой. Әрі сонша жерден арнайы келді. Сосын «Шырағым, қазір бір кітабымды баспаға дайындап жатыр едім, кітабыңды тастап кет, асықпай оқып, кейін өзім хабарласайын» деп айттым. Бірақ бұл жауабым азаматты қанағаттандырмады. Біраз үнсіз түйіліп отырды да «жарайды» деп шығып кетті. Ол кетті, бірақ оның торыққан түрі көз алдымнан кетпей қойды. Өзімнің де бір кезде білікті біреудің бірауыз сөзіне зәру болып, осындай күй кешкенім еске оралды. Ақыры сол беті жазуымды қойдым да кітабын оқуға отырдым. Жазудың кілті кітаптың соңында екен. Соны көрген кезде көзім ашылды, мен ол жерде не жазылғанын түсіндім. Ал мына тақтайшалардағы жазу қарапайым тілмен айтқанда, буынды жазу. Ерекшелігі – сөзден сөзді айырар ешқандай тыныс белгісі жоқ, біріне-бірі тіркестіре тізілген әріптердің қалың тобыры. Осы шұбырған әріптерді алдымен буынға, сосын жеке сөзге бөлу керек. Содан кейін сөйлем шығару керек. Бұл тәсіл жаңағы Амантай Айзахметовтікі. Осы тәсілмен бір тақтайшадағы жазуды енді өзімше оқуға кірістім. Бөлінген буындардан сөз тауып, ерекшелей бастағанымда еш өзгеріссіз бүгінгі қазақ қолданып жүрген таныс сөздер кебектен дән суырғандай тізбектеліп шыға бастады. Амантай да осындай бірнеше сөзді тапқан, бірақ орыстілді болғандықтан, сөз мәнісін түсініп, толық сөйлем құрай алмаған. Ал мен көне тарихты зерттеп, біршама көне сөздерден хабарым бар адаммын ғой. Сонда: «Анама тор иумы, ес айым, құл айлас. Әр ана тон өссе, пана ата оқ өссе, ел керек ұл өссе, ана тақ қу» – деген сөздер тіркесі шықты. Мұндағы жалғыз түсініксіз сөз – «Тор». Бұл бәрімізге Орхон-Енисей жазуынан мәлім сөз. «Билік» деген ұғымды береді. «Тора» деген – заң, кодекс. Ендеше бұл шұбырынды сөйлемді қазіргі тілге келтіретін болсақ, «Анама билікке таласудың (июдің) керегі жоқ. Ол айымның ақылы емес (ес айым). «Ол құлмен бірдей болу (құл айлас). «Айлас қатын мұңдас» деген сөз бар ғой қазақта. Ал сен айтып отырған «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – «Әр пана ата оқ өссе, әр ана тон өссе». «Сөйтіп, елге керек ұл өсірсе, тақ (билік) анамды өзі іздеп табады (қуады)» дейді. Осыдан кейін Амантаймен хабарласып, өз оқығанымды оған жібердім. Оның еңбегін «Әлемдік ғылыми сенсация» деп бағаладым. Азамат қатты қуанды, «ағатай, менің басымда көп жаңалық бар, бірлесіп еңбектенейікші» деп өтініш жасады. Мен «кітабымды баспаға өткізейін. Сосын ойласып көрейік» деген едім. Бірақ тағдыр бізге бірлесіп еңбектенуді жазбады, ол көп ұзамай қайтыс болып кетті. Сол себепті өз оқуым Амантайдан өзгеше болғанымен, бұл жаңалыққа өз атымды тіркемей, оның атын үнемі дара атаймын. Шындығында, бұл жаңалық қазақ ғылымының жетістігі ретінде танылып, Ж.Шампальон секілді біреу бізден де шыққанын әлемге жариялар еңбек еді. Осыдан кейін Мәскеуден Юрий Драздовтың «Тюркская этнонимия древнеевропейских народов» деген кітабы шықты. Ол ежелгі көне ел, жер-су атауларын тура осы тәсілмен оқып, бүкіл Еуропа халқын түріктерден шыққан деп дәлелдейді. Амантай Айзахметовтің кітабы 2004 жылы, Драздовтың кітабы 2008 жылы баспадан шыққан.Киногерлер шетелден жүлде алдық деп мәз
– Сіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы сияқты жауапты қызметтерде болдыңыз, мемлекет саясатын жүргізуде, идеологияда тарихи фильмдердің рөлі мен маңызы жоғары екені белгілі, елімізде түсіріліп жатқан тарихи фильмдерге қандай баға бересіз? – Кез келген шығарма ұлттық болуы керек. Ал бізде Голливудқа, басқаға еліктеу бар. Еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарих арқылы тарихи санасы қалыптасқан біздің киногерлердің санасында әлі күнге дейін «біздің арғы түп тегіміз жабайы болған» деген ұғым тұрады. Фильмдерімізде ұлттық рух жоқ. «Томиристі» арнайы барып көрдім. Бұл да сол көрерменнің көзін арбауға құрылған, атыс-шабысы мол жасанды оқиғаларға толы тарихи тақырыпқа арналған бұрынғы фильмдердің бірі. Ұнамады. Онсыз да тапшы көненің көзіндей болып жеткен аз тарихи деректің өзін дұрыс пайдаланбаған. Қияли қоспа басым. Өз басым шығармашылық топтың көрерменіне не айтқысы келгенін түсінбедім. Томиристің Кирді жеңіп, басын кескені тарихи шындық. Бірақ ол бұл фильмсіз-ақ жұрттың бәріне белгілі ғой. Осы үшін кино түсірудің қажеті не? Төрт құбыланы түгел жаулаған әмірші атанған, ахаменидтер әулеті билігінің негізін қалаған, парсының тарихқа әйгілі ұлы жаугер билеушісі Кирді жеңген Томирис қандай құдірет иесі? Кир қалай дегенде де массагеттерді жаулап аламын деп зор дайындықпен арнайы жасанып келген, талай соғысты басынан өткерген тұрақты әскері бар, өркениеттің алғашқы ошақтарының бірі Вавилон мен Ассирияны жаулап алған ұлы патша ғой. Соны жеңген Томиристің фильмде көрерменге ой салар, толғандырар қандай адамдық, аналық, патшалық, көрегендік артықшылығы көрсетілген? Өз басым ондай ерекшелікті көре алмадым. Маған қазіргі киногерлер киноны елді таныту, ұрпақты тәрбиелеу үшін емес, ақша табу үшін түсіретін секілді. Көрермендеріне айтар ойы, берер тағылымы жоқ, ақша табу мақсатында түсірілген фильмдерге керемет тұсаукесерлер ұйымдастырылып, таныстық арқылы жабыла мақтап, түрлі мақала жазылады да, кейін әлгі фильм біржола ұмыт қалады. Шетелден жүлде алдық деп мәз болады. Өз халқының рухани қажетін өтеуге жарамай жатқанында шаруасы жоқ. Бар кінәрат осыдан ба деп ойлаймын. Мен кино сыншысы емеспін. Сондықтан бұл айтылғандардың бәрі – менің көрермен ретіндегі жеке пікірім. – Қазір қандай шығарма жазып жүрсіз? – Ауырмай тұрып, төрт кітап жоспарлап қойған едім. Кітап «Адам атадан Қазақ атаға дейін» деп аталады. Соның біріншісі – «Адам болып жаралғанда», екіншісі – «Тайпа болып таралғанда», үшіншісі – «Халық болып қалыптасқанда», төртіншісі «Ұлт болып ұйысқанда» деп аталады. Бұларды жазу қиын да емес. Негізін қалап қойғанмын. Біздің тарихымыз үзік-үзік. Соны бір жүйеге келтіріп, оқырманға халқымыздың тұтас тарихын ұсынсам деген мақсат. Соңғы «Адамзаттың ата тілі» (Алғашқы адамдар қай тілде сөйлеген». 2020 ж.) атты кітабымды оқыған оқырмандарым менің бұл мақсатымның орындаларына сенеді ғой деген үміттемін. – Әңгімеңізге рақмет!