Қазақ даласында зобалаң жылдардың қанды қасіреті аз болмады. Бүгінгі тарих беттерінде қанмен жазылған репрессия зардабы соны айғақтайды. Қаншама ел зиялылары «халық жауы» атанып, жазықсыз атылып кеткені жазылып та, айтылып та жүр. Сондай саясаттың салқынына тап келген ұлт жанашырларының қанды қазасы Сыр өңірінде де аз болмаған. Талай қазақ атылды Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек – аймақта қуғын-сүргін заманында жазықсыз жазаланған ұлт зиялыларын ақтауға күш салып жүрген жанның бірі. Оның айтуынша, сол кезеңде елімізде нақақтан-нақақ айыпталып, ауыр жаза арқалағандар жетіп артылады. Дерекке сәйкес, өңірде тоталитарлық жүйе жүргізген саясатпен 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған екен. Оның ішінде Қазақстан ғана емес, Украина, Беларусь, Молдава және Ресей халқы зардап шеккені белгілі. Соның салдарынан 2 млн 300 мың қазақ көз жұмды деген мәлімет бар. Ал этнос өкілдерінің саны 200 мыңды құрайды.
«Жалпы төрт түлік малын түлетіп отырған қазақ халқының тұрмысы ол кездері өзге ұлт өкілдеріне қарағанда көш ілгері болған. Ең кедей адамның өзі ондаған мал өсіріп, екі әйелден алған. Осындай мамыражай өмірді көзбен көрген Голощекин солақай саясатқа көшеді. Соның салдарынан ұлт жанашырларына қысым жасалып, талайы атылып кеткені тарих парақтарынан мәлім. Негізінен оған халқымыздың сол кездері бақуатты тұрмыс кешіп жатқаны бірден-бір себеп болды. Талай елім деп еңіреген азаматтар қарсылық көрсетіп, шайқасқа да шықты. Бірақ өмір ағымы мен талабына сәйкес олардың үніне ешкім құлақ аспады», – деп тарихшы дерекке сүйене отырып түсіндірді.Жазықсыз атылғандар ақталуы тиіс Негізінен, Қызылорда қаласының өзінде тарихи дерекке сәйкес 40 молда атылған жер, «Аза» кітабында 18 молда атылған делінген орын бар екен. Бүгінде олардың есімдерін нақты анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оның да сыры нақтыланатынына сенім зор. Сондай-ақ өңірде талай жан жазықсыз атылып, жерленген орындар да көп. Бақытжан Мұқарамұлы осындай мәліметтерді алға тартты.
«Қазақстан бойынша 105 мың адам репрессияға ұшырап, 25 мың адам атылған екен. Бұл құжат жүзінде ғана айтылады. Ал ашылмай, айтылмай жатқаны аз емес. Оның ішінде ақталмай жатқаны қаншама?! Атап айтар болсам, бүгінде көтеріліске қатысқан ұлт зиялыларының бірі – Алматы қаласында атылған Алтын Жұмағазы молда әлі күнге ақталмай отыр. Оны 92 жыл өтсе де ақтап шығу мүмкін болмай тұр. Қармақшы ауданының Қармақшы ауылында осы кісінің ұрпағы саналатын Алтын руының халқы тұрады. Сол дүйім жұрттың атынан ұсыныс жасап жатырмын. Сол сияқты әйгілі Алтын Қожбан хан Жұбанұлы ақталып шықты. 2012 жылы Қызылорда қаласында төртінші көтеріліс басшысы Ақмырза Ишанның атына көше берілсе, Жалағаш ауданында Қарақұм құрбандарына ескерткіш ашылды. Ал 2015 жылы Қармақшы ауданында Алтын баба ескерткіші бой көтерді. Себебі Алтын руында Қасқұл Алтын деген ру болған. Осы көтерілісте сол рудың адамдары қырылып қалған. Соған орай осындай ескерткіш ашу қолға алынды. Жалпы бұл бағытта осындай жұмыстар жүргізілуде», – деп ойын толықтырды.Өңірде жазықсыз жазаланған жандар әлі де аз емес. Ол еселі еңбек пен тынымсыз ізденістің нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандарды ақтап шығуға күш салып жатқанын жеткізді. Қараусыз үй бұзылғаны жөн Жалпы, Сыр өңірінде репрессия құрбандары жерленген орындар аз емес. Соның ішінде қаладағы «Арай» мөлтек ауданындағы қорымдар жайында жергілікті жұртшылық хабардар. Дерекке сәйкес, бұл жерде де қуғынға ұшыраған Алаш арыстары атылып, жерленген екен. Бүгінде сол жерге арнайы ескерткіш тақта қойылып, қастерлі орынға айналды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы