Ресейлік жүк тасымалдаушылар қазақстандық көліктерді ығыстыра бастады. Яғни, көрші ел санкцияға ұшыраған соң тасымалдаушылар жаппай бізге келіп тіркелген. Енді отандық тасымалдаушылар табыстан қағылып, қып-қызыл шығынға батып отыр. Қостанайлық жүк тасымалдаушылардың айтуынша, бұл проблема дәл Ресейге санкция енгізілген уақыттан басталған. Осының кесірінен отандық тасымалдаушылар енді Еуропаға өтуге рұқсат беретін құжаттан қағылған.
– Автопаркте 20 шақты жүк көлігі болса, соның алтауында ғана шетелге жүк таситын рұқсаты бар. Қалғаны қаңырап тұр. Мол шығынға батып жатырмыз. Өзгелер алдында міндеттемелерімізді атқара алмай, келісімшарттар күйіп кетудің алдында тұр, – дейді жеке кәсіпкер Максим Семенов.Ал көліктік бақылау инспекциясы ресейлік тасымалдаушылар қазақстандық көліктерді жалға алып, сатып алып, заңға сәйкес қызмет етіп жатқанын айтады. Жылдан-жылға олардың саны да артып келеді. Облыста жеті жыл бұрын халықаралық 16 жүк тасымалдаушы болса, қазір 130-дан аса компания бар. Сол себепті бұл проблеманы жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес.
– Бұл саланы күйретіп алмас үшін рұқсат беру әдісін өзгерту керек шығар. Экономика тұрғысында бұл саладан айырылсақ, ертең оны қайта аяғына нық тұрғызу екі есе қиынға соғады, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Кукоба.