Жүк тасымалында санкция талаптары сақталады
Жүк тасымалында санкция талаптары сақталады
© коллаж: Елдар Қаба
344
оқылды
Еуроодақтың санкциясын айналып өту үшін Ресей мен Беларусьтің көптеген компаниясы бизнестерін Қазақстанға көшіріп, енді біздің елдің мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен автожүк тасымалын жалғастыра беретін болды. Осыған орай бізді бұл халықаралық санкциялар шартына қаншалықты үйлеседі әрі мұның елге зияны тиіп кетпей ме деген сауал толғандырады. Ондай қауіп жоқ емес! Өйткені бұған дейін де АҚШ пен ЕО-ның ресми өкілдері тарапынан Қазақстанға да санкция салу керектігі туралы ұсыныстар ара-тұра естіліп қалып жататын. Мемлекеттер мәмілеге келді Халықаралық санкцияның 5-пакетіне байланысты РФ мен Беларусьте қарсы санкция жария­лап, өз аумақтарынан еуропалық жүк тасымалдаушыларды өткізбей қойды. Сол себепті кәрі құрылықтан жеткен жүк шекараға жақын маң­дағы көлік-логистикалық орта­лық­қа тоғытылады. Одан әрі ресейлік немесе беларусьтік автомобильдерге қайта тиеліп, ЕАЭО аумағында ер­кін жүре береді. Яғни, олар үшін санкция айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ десе де болады. Тек бір көліктен екіншісіне қайта тиелген жүктің құны бастапқы ме­жеден қымбаттап, түпкілікті тұ­тынушының қалтасын бұрынғыдан бетер жұқарта түсетіні түсінікті. Бірақ мұндай қайта тиеу «Қа­зақстан Республикасының халық­аралық қатынастағы автомобиль­мен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» ережеге қайшы. Мұнда «бастапқы тасымалдау­шы­ның елінде тіркелмеген көлікке үшінші елдердің аумағында жүкті қайта тиеп салуға тыйым салынады» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Яғни, жүк Еуропадан келсе, оны Қазақстанға еуропалық тасымалдаушылар ғана әкелуге құқылы. Сол себепті еліміздің Кө­лік бақылау инспекциясы қайта тиелген ресейлік және беларусьтік жүк көліктерін тоқтата бастады. Бұл ЕАЭО-ғы әріптестеріміздің ара­сында әжептәуір дүрбелең туғызды. Ресей халықаралық тасымалдау­шылар қауымдастығы мен «БАМАП» Бе­ларусь тасымалдау­шы­лары қауымдастығы тиісінше РФ және БР Көлік министрлігіне аталған мәселені шешіп беру ту­ралы арыз түсірді. Осыған орай Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігі Ресей мен Беларусь жүк тасымалдаушыларына қатысты мәлімдеме жасады. «Халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы әлемдік тәжірибеге сәйкес ұлттық автомо­биль тасымалдаушылардың мүдде­лерін қорғау мақсатында ішкі заң­намада үшінші елдерге/елдерден жүк тасымалына, оның ішінде «қай­та тиеуге» шектеулер енгізіледі. Осы талаптарды бұзғаны үшін Қа­зақстан Республикасында 200 АЕК (АТС жүргізушілеріне) және 500 АЕК (заңды тұлғаларға) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бұл ретте «қайта тиеуге» тыйым салатын талаптар шетелдік тасы­мал­даушылармен қатар қазақстан­дық тасымалдаушыларға да бірдей дәрежеде қолданылады» делінген министрлік хабарламасында. Сон­дықтан «қайта тиеуге» тыйым салу туралы талаптың халықаралық ере­жеге де, ішкі заңымызға да қайшы келетін жері жоқ. Айтпақшы, «Үшінші мемле­кет­тердің жүктерін халықаралық авто­мобиль тасымалдарын орындау ерекшеліктерін бекіту туралы» осыған ұқсас талап Ресей Федера­циясында да бар. РФ-да бұл нор­маны бұзғандарға 150 000 рубль кө­лемінде айыппұл қарастырылған. Әйтсе де, бұл мәселе жоғарғы мемлекеттік деңгейде қаралды. 2022 жылғы 30 мамырда Қазақстан мен РФ Үкімет басшыларының кез­десуі барысында қос тарап түсі­ністік танытып, аталған мәселені тиімді шешудің жолдарын іздеді. Нәтижесінде, 2023 жылдың 1 қаң­та­рына дейін беларусьтік және ре­сейлік тасымалдаушылар үшін «қай­та тиеуге» тыйым салу талап­та­рын тоқтата тұруға шешім шы­ғарды. Отандық компанияларды ығыстыра бастады Алайда бұл түйткіл тек бір жағы ғана екен. Санкциядан бас сауғалау үшін Қазақстанда тіркелген РФ мен БР көліктері енді біздің тасымал­даушыларға қиындық туғыза бас­таған. Қазір олар бұл нарықтан отан­дық компанияларды ығысты­рып шығара бастапты. Қазақстанда Еуропа елдерінен жүк тасымалдаумен айналысатын 40-қа жуық компания тіркелген. Мұның ішінде ресейлік және бе­ларусьтік ұйымдар да аз емес. Олар­дың жиынтық көлік паркі 3 мың бірліктен асқан. Парламент Мәжілісінің депу­таты Мақсат Раманкұловтың ай­туынша, қос көршінің көлігі халық­аралық нарықта қазақстандық компания ретінде тіркеліп, көк Тудың астында Еуропа мен екі аралықты еркін шарлап жүр. «Өз қызметін Қазақстан аума­ғына көшірген ірі ресейлік және беларусьтік автотасымал­дау­шылар нарықтан қазақстандық кәсіп­орындарды ығыстырып шыға­рып жатыр. Бұл отандық бизнес пен компаниялардың кірісін азайтып, жергілікті халықты табыстан қақты. Өйткені шетелдік көліктерде не­гізінен ресейліктер мен беларусьтер ғана жұмыс істейді. Сол себепті ұлттық мүддені қорғау үшін және жүк тасымалына қатысты страте­гиялық маңызы бар шарттар мен лицензияларды сақтау үшін мем­лекет қатаң шара қолдануы тиіс»,– дейді Мақсат Раманкұлов. Соның салдарынан тіпті қазақ­стандық компанияларға жүк та­сымалдау үшін берілетін шетелдік рұқсат бланкі жетпей қалатын кез­дер де көп болатын көрінеді. Одан бөлек, бұл құжаттың бағасы да бірден 2-3 есеге қымбаттаған. Мә­селен, 2021 жылы бір автокөлікке берілетін кірепұл (фрахт) бағасы 5-6 мың еуро болса, бүгінде ол 10-15 еуроның үстіне шығып кеткен. Бұл да тұтынушының қалтасына қо­сымша салмақ түсіріп жатыр. Оның үстіне, аталған бланктер көбіне Қазақстанда тіркелген ірі ресейлік және беларусьтік компа­нияларға тиетін болған. Сондай-ақ олардың рұқсат бланкілерін басқа автотасымалдаушыларға құнын үстемелетіп сату фактілері де анық­талған. Жоғарыда келеңсіздіктерді мысалға келтірген мәжілісмен мем­лекет ел аумағында жұмыс істейтін компаниялардың қызметін ұлттық экономиканың мүддесіне сай рет­теу керек деп санайды. Белгілі заңгер Сағидолла Бай­мұ­раттың айтуынша, егер шетел­дік компаниялар бизнесін осында көшіріп, осында тіркелетін болса, онда олар қазақстандық болып са­налады. Салықты біздің бюд­жетке төлейді. Одан бөлек, ресей­лік және беларусьтік көліктерден утильалым алынады. Мұның бәрі біздің қазы­наға құйылатын қо­сым­ша қаржы. Сондай-ақ олар Еу­ропадан жеткі­зілген тауарды ішкі ереже бойынша ЕАЭО елдері аумағында емін-еркін алып жүре беруге құқылы. Экономист Арман Байғановтың да сөзі осыған саяды. Ол да Қазақ­станда тіркелген ресейлік көлік­тердің біздің көк Тудың астында жұмыс істеуіне ешқандай тыйым салынбайтынын айтады. «Тек бұл компаниялардың түп­кілікті қожайыны кім? Қазақстан­дық кәсіпорынның атын жалған­дықпен жамылып отырған жоқ па? Олардың арасында санкцияға енген тұлғалар мен ұйымдар бар ма? – міне, осы жайттарға қатаң назар аудару қажет. Егер олардың қыз­ме­тінде халықаралық санкцияға қай­шы келетін әрекеттер болса, оның салқыны бізге де тиетіні анық. Сондықтан Қазақстанға ресейлік және беларусьтік көліктер көптеп келіп жатыр деген алаңдаушы­лық­тан бұрын олар халықаралық шартқа қаншалықты сәйкес жұмыс істеп жатыр деген сұраққа жауап іздеген жөн»,– дейді экономист. ТҮЙІН: Қазақстанның экономи­касы ЕАЭО-ға қатысушы елдермен тығыз байланысты және оны жа­қын күндері бірден үзіп кетуі де қиын. Эко­номикалық одаққа мүше елдер арасында шекара ашық, шарт бо­йын­ша капитал, тауар, қызмет және жұмысшылар еркін қозғалады. Осы­ған орай Ұлыбритания Парла­мен­тінің депутаты Маргарет Ходж Қа­зақ­станға да санкция жариялау қажет деген мәселе көтерген бола­тын. Мұн­дай ұсыныстар АҚШ пен ЕО-ның басқа да ресми өкілдері тарапы­нан әредік-әредік естіліп қалып жа­тады. Алайда Президент Әкімшілігі Басшысының Бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов Брюссельге бар­ған сапарында «біз ЕАЭО-тың мү­шесі болғанымызбен, халықаралық қауымдастықтың да мүшесіміз, БҰҰ-ның ұстанымын қолдаймыз» деген болатын. Сол се­бепті Қазақстан Ре­сейдің санк­циясын айналып өту құралына айналмайтынын жеткізген. «Біз санкцияларды сақтаймыз. Сондықтан санкциялық тауарлар­дың өтуіне, санкцияға іліккен тұл­ғалар мен ұйымдардың Қазақстанға инвестиция салуына қатаң бақылау жасаймыз»,– деп Тимур Сүлей­ме­нов айқын айтқан болатын. Демек, Қазақстан ЕАЭО-мен экономи­ка­лық байланысты үзбегенімен, санк­цияларға қатысты талаптарды бұз­байтынына сенім мол.