Алматыда саябақта достарымен ойнап жүріп қоршауға өрмелеген 8 жасар баланы ток соқты. Қазір ол ауруханада жатыр.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тоққа түсіп қалған 2014 жылы туған А. есімді бала жедел жәрдем бригадасымен орталық балалар ауруханасына ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер оқушыға алғашқы көмек көрсетіп, бірден күйік бөліміне жатқызды. Жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Протокол бойынша ем алып жатыр.
Оқиға Алатау ауданында болған. 8 жасар бала жабдықталмаған саябақта достарымен ойнап жүріп қоршауға өрмелеген кезде ток соққан. Алатау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, ойын алаңқайын салу мәселесі бойынша жұмыс істеліп жатыр.
«Саябақты «Бюджетке қатысу» бағдарламасы бойынша жаңартуды қарастырып жатырмыз. Талап бойынша комиссия қарап, шешім қабылдауы керек. Содан кейін тұрғындар ойын алаңын салу жобасына дауыс береді», –деді Алатау ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Ертіс Бесіров.