«Ер баланы андролог дәрігерге профилактика үшін көрсетіп тұру қазақтар үшін жат ұғым. Соның салдарынан бала күнінде пайда болатын түрлі патологиялық аурулар, гормон бұзылысы, жыныс мүшесінің (гипоплазия), жұмыртқаның (гипогонадизм) жетілмей қалу деректері көп. Ал тестостеронның 80 пайызы ұрық гормондарына байланысты қалыптасады. Сүндетке отырғызған соң, жараның дұрыс жазылуына мән бермей жататындар да бар. 18 жасқа дейін ер балалар жыл сайын тегін медициналық тексерістен өтеді. Бұл іс-шараға ата-аналар атүсті қарамауы керек. Кеңес үкіметі кезінде мұндай тексерістерге мұқият болатынбыз. Кейін жауапкершілік азайды. Қыз бойжеткенше оның жыныстық жетілуіне мұқият зер салып, ал бозбаланың дамуына көп мән бермей жатамыз. Бәлкім, қыз болашақ ана, бала көтереді деген түсініктен шығар. Алайда қазіргі статистика бедеуліктің 45-50 пайызы ерлердің репродуктивті денсаулығына байланысты екенін көрсетті. Туабітті жыныстық кемшіліктерді ерте бастан анықтап, емдеу керек. Ерлер көбіне үйленген соң, бала сүйе алмаған кезде ғана дәрігерге қарала бастайды, ол уақытта кеш болуы мүмкін», – дейді андролог-дәрігер Абзал Ахметқалиев.Сонымен қатар ерлер көбіне суық тигізудің я болмаса түрлі инфекция жұқтырудың, оны уақытылы емдемеудің қауіпті салдарына көп мән бермейді. Андролог-дәрігер Қайрат Қамбаровтың айтуынша, бүгінде қуықасты безінің қабынуынан зардап шегетін ерлердің қатары көп.
«Ерлерде көп кездесетін аурудың бір түрі – қуықасты безінің қабынуы. Әдетте бұл дерттің екі түрі кездеседі – инфекциялық және инфекциясыз. Алғашқысы түсінікті: жыныс жолдарымен тасымалданатын инфекцияларды жұқтырудың себебінен болады. Медициналық тексерістің нәтижесінде инфекция болмаған жағдайда, қабынудың екінші түріне жатқызамыз. Оның бірнеше себебі бар: суық тию, гиподинамия – яғни, көп отырғаннан кіші жамбастағы қан айналымның дұрыс болмауы (мәселен компьютердің алдында 6-8 сағат отырып, жұмыс істейтін азаматтар бар), жыныстық қатынастың жеткіліксіздігі және тағы басқа», – деп атап өтті Қайрат Оразбекұлы.Сондай-ақ бүгінде жыныс инфекциясының түрлері көбейген. Абзал Ахметқалиев ерлердің бұрын Еуропа, Ресейде кездесетін инфекцияларды жұқтыру дерегі артқанын айтады.
«Қазір шекара асу, саяхатқа шығу қолжетімді бола бастады. Ал ерлер жыныстық қатынасқа түсу ісіне жеңіл қарайды, сақтанбайды, инфекция жұқтырудың қаншалықты қауіпті екенін жете түсінбейді, жауапкершілік жоқ. Ал ата-аналар бұл тақырыпта баласымен ашық сөйлеспейді. Бұл да жергілікті жұрттың менталитетіне байланысты болса керек, әке мен бала жыныстық жетілу туралы ашық әңгіме айта алмайды. Дұрысында, ата-ана балаға жыныстық гигиенадан бастап, түрлі проблемасын ашық айтуға дейін үйретуі керек», – дейді Абзал Рахметтолаұлы.Белсіздік емделе ме? Бүгінде еліміздегі жас отбасылардың 15 пайызы бала сүюді армандайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2020 жылғы дерегінше, бедеулік себебінің 45 пайызы ерлерге тиесілі. Бұл дегеніміз – ерлердің репродуктивті денсаулығына да назар аудару керегін көрсетеді. Ерлерде белсіздік неден пайда болады, оны емдеу мүмкін бе? Андролог-дәрігер Қайрат Қамбаровтың айтуынша, алдымен белсіздіктің себебін анықтау керек. Жас күнінде инфекция жұқтырса, яки суық тигізіп, дұрыс ем алмаса, ұрық өтетін арна бітеліп қалады. Мұндай жағдайда отаның көмегімен арнаны тазалауға болады. Ал кей жағдайда ерлердің жұмыртқасындағы ұрық жетілмейді. Бұл кезде анализ қорытындысын қарау керек. Емделетін де, емделмейтін де белсіздіктің түрлері бар. Тіпті, ЭКО-ның көмегімен бала сүйе алмайтын жағдайлар кездесіп жатады.
Андролог-дәрігер Абзал Ахметқалиев: «Бала сүюге ер мен әйел қатар дайындалуы керек. Ерлер жыныс гормондарын, инфекцияның бар-жоғын, спермограмманы тексертуі керек. Бүгінде екі жылға дейін бала сүйе алмаған ерлі-зайыптыларды бедеуліктің белгілеріне тексертеді», – дейді дәрігер.Қайрат Оразбекұлы да әріптесінің жүктілікті жоспарлауға қатысты пікірін қолдайды. Оның айтуынша, бедеуліктің белгілері болғанда ғана емес, бала сүюді жоспарлаған сәттен бастап, алдын ала қаралу керек. Бүгінде жас отбасыларда баланың шала, қандай да бір аурумен туылуы жиі кездесіп жатады. Бұл ата-ананың жас кезінде инфекция жұқтырып немесе суық тигізіп, дұрыс емделмеуінің салдарынан да болады. Күйзелістің салдары
БҰҰ гендерлік теңдікке қатысты баяндамасында тұрмыстық зорлық-зомбылық екі түрге (физикалық және психологиялық) бөлінеді десе, соның екіншісінен зардап шегетін көбіне ер-азаматтар екен (мұндай жағдайлар көп тіркелмейді). Бүгінде ерлердің күйзеліске жиі ұшырайтыны және оның қауіпті салдары туралы жиі айтылып жүр. Бұл мәселе азаматтардың репродуктивті денсаулығына да салқынын тигізбей қоймады. Дәрігерлер күйзелістің салдарынан ерлерде жыныс мүшесінің әлсіздігі пайда болып, жыныстық қатынасқа деген қызығушылығы төмендейтінін айтады. «Науқастардың арасында жұмысында күйзеліске көп ұшырайтын азаматтар бар. Әсіресе, түнгі кезекте (күзет, аурухана, ішкі істер және т.б.) қызмет істейтіндер немесе ауыр жұмыс істейтіндер (шахта, құрылыс, өндіріс және т.б.) күйзеліс салдарынан әйелмен қосылуға ынтықпай қалады. Бұл – қауіпті. Өйткені ерлерде ерте климакстың басталуына әкелуі мүмкін. Мәселен, бірде бір пациентім осындай проблемамен келді, әйелімен қосылуға жарамай қалған. Медициналық тексерістен өткізсек, сап-сау: ешқандай қабыну, инфекция және тағы басқа ауру белгілері жоқ. Қызметіндегі күйзеліс себебінен осындай халге жеткен. Жұмыс кестесін ауыстыруға тура келді. Біраз уақыттан кейін ешқандай дәрі-дәрмексіз, жанын тыныштандыра алғаны үшін бәрі қалыпқа келді», – дейді Қайрат Қамбаров.Абзал Ахметқалиев қазіргі елдегі экономикалық ахуалдың себебінен бүгінде ерлер көп күйзеліске ұшырайтынын айтады. Оның үстіне, ажырасу дерегі көбейді. Соңғы үш жылда COVID салдарынан жақындарынан айырылып қалғандар көп. Ерлер күйзелісін жылап, айқайлап, сыртқа шығара да бермейді. Соның салдарынан ерлердегі гормон жүйесі бұзылады. Әлбетте, бұл олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер етпей қоймайды. Ерлердегі климакс туралы не білесіз? Андропауза немесе ерлердегі климакс негізгі жыныс гормоны тестостерон көлемінің азаюынан болады. Әдетте, бұл кезең 45-50 жас аралығындағы ерлерде кездеседі. Алайда соңғы уақытта түрлі факторлардың себебінен бұл көрсеткіш жасарып барады.
Дәрігер Қайрат Қамбаровтың айтуынша, темекі шегу, алкоголь өнімдерін тұтыну (ұрықтың қозғалысына кері әсер етеді), суық тигізу, инфекция жұқтыру, тіпті көліктің орындығындағы жылытқыш ұрықтың сапасына әсер етеді. «Бұрындары ұрықтың көлемі 60 пайыз болса қалыпты саналатын, бүгінде бұл көрсеткіш 40 пайызға төмендеді, жылдан жылға азайып барады. Өз тәжірибемде күйзелістің салдарынан 40 жастағы азаматта климакс басталған еді. Бұл – өте ерте. Ерлер ерте климакстың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстануы, дұрыс тамақтануы, күйзеліске бой алдырмауы керек. Спортпен айналысқан азаматтың бойында негізгі жыныс гормоны (ауызекі тілде ерлер гормоны деп те атайды) – тестостерон көп бөлінеді», – дейді дәрігер.Ал Абзал Ахметқалиевтың пікірінше, ерлердің ұрығы 90 күн сайын жаңаратыны рас, алайда бұл қалай болса солай өмір сүруге құқық бермейді. Дұрыс өмір сүрсең, яғни зиянды әдеттерден аулақ болсаң, дұрыс тамақтансаң, жыныстық тазалыққа мұқият болсаң (және тағы басқа), климакстың мерзімін мейлінше шегеруге болады. Оның тәжірибесінде 70 жасында әке атанғандар болған. Мамандар ерлер 40 жасқа дейін жылына бір рет, одан кейін жылына екі рет андрологқа қаралып тұруы керек екенін айтады. Ал әлі үйленбеген, бір жылдан аса бала сүймеген, ауыр жұмыс істейтін азаматтар тіпті жиі тексерілуі тиіс. Айта кетейік, Қазақстанда ерлер қуықасты безінің қатерлі ісігін болдырмас үшін, яғни алдын алу үшін скринингтен өтеді. Одан басқа, ерлердің репродуктивті денсаулығын бақылайтын мемлекеттік бағдарлама жоқ.
ТҮЙІН: Бүгінде гендерлік теңдік туралы жиі айтылады. Бұл дегеніміз – ер мен әйелдің арасындағы әділеттілікті орнату десек, ерлердің репродуктивті денсаулығына көңіл бөлмеу (тіпті, андрологтың кім екенін білмей жүрміз) бұл теңдікті бұзбай ма?
Айдана НҰРМҰХАН