Әлеуетің қалай, әлеумет?
Әлеуетің қалай, әлеумет?
566
оқылды
Елімізде әлсіз топтарды мемлекеттік қолдау шаралары, халықтың әлеуметтік ахуалын көтеріп, тұрмысын түзету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе соңғы жылдары аталған саланы дамытуға мемлекет тарапынан қолдаулар да көбейген. Шымкент қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма­сының қызметкерлері осынау шараларды атқаруда белсене жұмыс істеп келеді. Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова: «Әлеу­меттік жұмыстың салмағы өзгеге білінбейтін, біліктілікпен бірге кең жүректі қажет ететін күрделі сала», – деп атап өтті. Грант берудің қағидалары өзгерген Атап өтейік, жалпы басқарма 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олардың ең бастысы – аты айтып тұрғандай, халықты жұмыспен қамту. Одан соң, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеу­мет­тік қолдау, мүмкіндігі шектеулі азамат­тарға әлеуметтік қолдау көрсету, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу және көші-қон мәселесі мен оралмандармен жұмыс істеу де қазір осынау басқармаға жүктелген. Басқарманың қызмет көрсету аясы кеңе­йіп, жұмыс барысы да ұлғайған. Бүгінде Шымкент қаласында 22 546 адам жұмыссыздар қатарында, яғни жұ­мыс­сыз­дық деңгейі 5 пайызға жеткен. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде жыл басынан бері 7 613 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Оның 2 392-і кәсіби білім беру оқуына жолданса, 1 632 жан жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында оқытылады.
«Басқармада кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары бойынша жұмыссыз жандарға қолдау көрсетіледі. Оларға «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері оқытылса, «кәсіп бастап, жұмыс істеймін» деп құлшыныс білдіргендерге, яғни жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырамын деушілерге қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі. Бұл ұлттық жоба аясында жүзеге асуда. Қайтарымсыз грант бұған дейінгі жылдары курс оқыған, сертификаты бар азаматтарға беріліп жатыр. 1-14 сәуір аралығында вusiness.enbek.kz порталында азаматтардан өтінімдер қабылданып, ол 26-28 сәуір күндері комиссияда қаралды. 437 өтінім қабылданып, оның 336-сы комиссияға ұсынылды. Қаралым нәтиже­сінде, тиісті санаттарға жататын 226 аза­матқа оң шешім қабылданып, 110-на бас тартылды. Грант бөлінетін азаматтардың ішінен 69-ы жастар санаты болса, 157-сі халықтың осал топтарынан болып отыр. Биыл грант көлемі екі есеге, яғни 1 225 200 теңгеге көбейген. Сонымен қатар грант берудің жаңа қағидалары бекітілген. Бұл қаржыға жастар және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын жұмыссыз азаматтар үміткер бола алады», – дейді Балмаржан Полатқызы.
Жаңа жобалар жемісін беруде Биыл осынау кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында «Ұрпақтар келісімшарты» атты жаңа жоба жүзеге асырылып жатқанын да еске салайық. Бұл жас мамандарға жұмыс ұсыну әрі зейнеткерлікке шығатын мамандардың орнын ауыстыру процесіне дайындық. Демек, зейнетке шығатын қызметкер жас маманды өз орнына дайындайды. Жобаға оқуды аяқтағанына екі жылдан аспаған және жасы 29-дан аспаған түлектер қатыса алады. Ол зейнетке шығуға кемінде 6 ай уақыты қалған қызметкерді алмастырады. Кейін мекеме басшысы жас маманды сол зейнетке кеткен адамның орнына немесе өзге бос жұмыс орнына ауыстыруға міндетті. Бұл жобаға қатысушыға мемлекет тарапынан 6 ай бойы 95 400 теңге көлемінде жалақы төленеді. Шымкентте биыл жыл басынан бері осынау жобаға 24 адам қатысқан. Сонымен қатар биылғы жаңалықтың бірі – зейнет жасына 2 жыл қалған жұмыссыз азаматтарды қолдау үшін «Күміс жас» жобасы қолға алынған. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қам­тылады. «Күміс жас» жобасына қатысу­шылар жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Жобаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Одан соң жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Бұл да болса зейнетке шығар алдында зейнетақысының жақсы көлемде шығуы үшін жасы ұлғайған жандарға үлкен қолдау. Мемлекет тарапы­нан жасалып жатқан мұндай қолдаулар еліміздің азаматтарына едәуір шабыт беретіні сөзсіз. Шымкент қаласында «Күміс жас» жобасына 192 адам қатысып жатыр. Жалпы, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 2022 жылға 24 196 жұмыс орны құрылатыны жоспарланып отыр. Оның 14 517-і тұрақты, 9679-ы уақытша жұмыс орны. Ал, 10 552-і ұлттық жоба аясында жүзеге асады. Бүгінге дейін 8 226 жұмыс орны ашылған. Бұдан бөлек, Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы ашылған.
Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға түрлі қызметтер көрсетіп, олардың бас қосатын орнына айналған. Басқарма басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттары­ның бірі екенін, оларға мемлекеттік жәрдемақымен қоса, медициналық оңалту және ем түрлері көрсетілетінін атап өтті. «Шымкент қаласында 36 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүруде. Оның ішінде 6 мыңнан астамы кәмелет жасқа толмағандар. Біз оларға өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіруміз қажет. Бұл ретте мүгедектерді оңалту мен оларды қоғамға кіріктіру міндеттерін сапалы жүзеге асырудың маңызы зор. Әлеу­меттік қолдау орталығы аталған міндетті орындауға септігін тигізеді», – деді Балмаржан Нарбекова.
«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орта­лығы «бір терезе» қағидасымен 5 бағытта қызмет көрсетеді. Мұнда дәрігер мен психолог жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналас­тыруға баса назар аударылған. Сондай-ақ бұл жерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік порталдың қызметін өз бетінше үйрене алады. Мұқтаждардың мұңы тыңдалады Үшінші мегаполисте 84 мыңға жуық зейнеткер бар. 43 446 көпбалалы ана болса, оның 11 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Аталған санаттағы азаматтарға мереке және атаулы күндері бірреттік көмек беріліп тұрады. Қариялар санаториялық емдеу-сауықтыру орын­дарына жіберіліп, олар мерзімді баспасөзге жаздырып беру шараларынан да шет қалмайды. Сондай-ақ 37 337 мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік қолдау шара­лары жүргізілуде. Мүгедектерге арнайы жабдықталған 18 «Инватакси», 55 «Әлеу­мет­тік такси» көлігі қызмет көрсетсе, олар қажетіне қарай сурдотехникалық, тифло­техникалық, гигиеналық құралдар, мүге­дектерге арналған қоларбамен қам­тылады. Әлеуметтік портал мен ЭЦК-мен жұмыс істеу үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғиматтарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйым­дастырылған және Басқарма қызмет­керлерімен әрбір адамға жеке-жеке көмек беріледі. Енді психоневрологиялық патологиялары бар мүгедек адамдарға қосымша №1 арнаулы әлеуметтік қызмет­тер көрсету орталығы жанынан 50 орындық ғимарат салуға ұсыныс беріліп отыр. Жоғарыда атап өткендей, басқарма көші-қон мәселесін де реттейді. Шымкент қаласында жыл басынан бері 353 адам, 256 отбасы «қандас» мәртебесін алған. Қоныс аударғандардың басым бөлігі – Өзбекстан Республикасынан келгендер. Әлеуметтік саладағы жұмыстар мұны­мен тоқтамайды. Оларға мемлекеттен қолдау барда оны үйлестіретін мекеменің де жұмысы тоқтамақ емес.

Шымкент қаласы