«Ауыр» жол адамды сынайды
«Ауыр» жол адамды сынайды
590
оқылды
Қарағанды облысының жолдары жөнделіп жатыр. Де­­генмен сапа емес, сан қуып кеткендей. Айтпағымыз – «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қарағанды облыстық филиалы­ның құрылғанына 3 жыл толған мекеменің осы жылдар ішінде 5 мың сынама алып, оның 1 255 сынамасының талапқа сәйкессіздігінің анықталуы.
 – Қарағанды облысы бойынша 3 жылдың ішінде жолдардың са­па­сын тексеру үшін мекеме инженер­лері 398 учаскеге 2 232 рет тексеріс­пен шыққан. Жол құрылыс мате­риалдарынан 5 мың сынама алын­ған. Соның негізінде 1 255 сына­ма­ның талапқа сәйкессіздігі анық­тал­ды. Осылайша, құрылыс барысында қаншама олқылықтар дер кезінде түзетілді, – дейді «Жол активтері са­пасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы директоры Айбол Бидайбеков.
Осы уақытта өңір бойынша 1 947 шақырымға созылған автомо­биль жолдарына диагностика және паспорттау жүргізілген екен. Атап айтқанда, оның 1 876 шақырымы – республикалық, ал 71 мың шақы­рымы облыстық жолдар бойынша жасалған. Бұл біле білген адамға – өте ауқымды және күрделі жұмыс. Жұмыс сапасын арттыру, кем­ші­лікті жою – басты мақсат. Кем­шілік демекші мекеме мамандары 2021 жылы мыңға жуық тексеру­лерге шығып, барлығы 277 жолдың сапа­сын тексерген. Олардан 2313 сына­ма алып, зертхана қоры­тын­дысы бойынша талапқа сай кел­мейтін 766 фактіні анықтаған. Соның ішінде 77 өрескел қателік белгілі болды. Олардың барлығына қатысты тиісті хаттамалар толты­рылып, олқылық­тар дер кезінде түзетілді. Жолдың «жауы» – алып жүк көліктері. Таудай 40 тонналық тех­никалардың табаны асфальттың тоз-тозын шығарады. Бұл бірін­ші­ден облыс аумағында өндіріс ошақ­та­рының көптігімен байланысты. Бұған дейін «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолымен кен тасыған ауыр жүк көліктері асфальт жабын­дысының ой-шұңқырын шығарған болатын. Осыған ұқсас жайттар өңірдің өзге де жолында кездеседі. Соңғы уақыттары жол салушы компаниялардың өзі осындай алып жүк көліктерін пайдаланып жүр. Мысалы, Ақсу-Аюлы мен Ақтоғай ауданы аралығын жалғайтын жол­дың 16 шақырымына жөндеу жүр­гізілді. Мердігер қажетті материа­лын тасуға 40-50 тонналық техни­каларды пайдаланып, тас жолдың тағы талқанын шығарды. Енді мер­дігер келтірген залалдың орнын толтыруы тиіс. Жазды күні Балқашқа қарай ту­ристер ағылады. Дегенмен Қараған­ды облысындағы бірден-бір қонақ қабылдаушы қалада да жол мәселесі өзекті. Иә, бүгінгі күні Балқаш кө­ше­­­леріндегі жол сапасына қатысты шағым көп. Көлік жөндейтін орын­дардың маңында «радиаторымды те­сіп алдым», «шарлы тірек» жұ­лы­нып қалды» деп үйірілген кісі қалың. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков жолды жөндеуде қолбайлау болып тұрған мәселелер туралы да ашып айтты.
– Ашығын айту керек, жол – нашар. Бірақ жылу, ауызсу желіле­рінің де тозығы жетіп тұр. 85 пайы­зын алмастыру қажет. Әуелі сол құбырларды ауыстырмай үстіне ас­фальт төсей алмаймыз. Қазір ас­фальтпен жауып тастап, келесі жы­лы құбыр салу үшін қайта қопарып жатсақ, мемлекетке екі есе шығын келтірер едік. Күлкіге де, сөзге де қаламыз. Сондықтан халыққа сәл шыдай тұру керек деп кездесулерде айтып жүрмін. Қалалық мәслихат депутаттарымен, қоғам белсенді­ле­рімен ақылдаса отырып қабылдаған шешіміміз, – дейді әкім.
Әкімнің айтуынша, қала көше­лерінің 45 пайызындағы асфальт жабынының жағдайы сын көтер­мейді. Бұдан бөлек, коммуналдық инфрақұрылымның да әбден то­зығы жеткен. Яғни, 225 шақырым жылу желісін ауыстыру қажет. Бұл – қаладағы жылу жүйесінің 85 пайызы. Жобаның құны – 5,5 млрд теңге. Бір бастап кетсең, 10 айда аяқталуы тиіс… Сөйтіп, былтыр жұмыс бастал­ды. Алайда, қаражат толық түспей, сарсаңға салды. Алдымен, қажет қаржының 10 пайызы бөлінді. Биыл тағы 10 пайызы берілді. Осылайша, 10 айға жоспарланған жоба екінші жыл жалғасуда. Әрине, жол жөнделіп жатыр, дегенмен қуанатын күн де жақындар емес. Бірде ақша жетпегеннен құ­рылыс тоқтаса, бірде мердігер са­пасыз салған жолды қайта жөндеуде. Республикалық маңызды жолда ғана емес, аудан, ауылішілік жолда да олқылықтар жетерлік. Жазда түгесіліп қалды, алда – күз айлары. Ертең қыс келгенде Арқаның бо­ра­ны мен аязына бүкіл жауапкерші­лік­ті арта салуымыз да мүмкін. Де­генмен жолдың мыңдаған шақы­рымы жөнделгені не керек, сапасы болмаса...

Қарағанды облысы