Руслан Жақсылықов Президентке әскердегі әлімжеттікті тыюға ерекше назар аударып отырғанын айтты
Руслан Жақсылықов Президентке әскердегі әлімжеттікті тыюға ерекше назар аударып отырғанын айтты
Фото: akorda.kz
3,925
оқылды
Президент Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қорғаныс министрі биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде есеп берді. Руслан Жақсылықов Қасым-Жомарт Тоқаевқа армия бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі жөнінде баяндады. Қазіргі уақытта негізгі күш-жігер басқару органдары мен жеке құрамды дағдарыс жағдайы кезінде тиімді әрекет етуге, орталық және жергілікті билік органдарымен арадағы іс-қимылдарды үйлестіруге оқыту мәселесіне бағытталған. Президентке жауынгерлік дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі, соның ішінде бірқатар ауқымды оқу-жаттығу жиынына қатысты екінші жартыжылдыққа жоспарланған шаралар туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар еліміздің сарбаздары халықаралық әскери ойындарға қатысады. Қорғаныс министрі Арнаулы операцияларға қатысатын күштерді дамыту, оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету, отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің әлеуетін пайдалана отырып, армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техника түрлерімен жабдықтау, әскери инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы есеп берді. Сондай-ақ кездесуде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскери қызметшілер арасында әлімжеттік әрекеттерді болдырмау мәселесіне ерекше назар аударылды. Кездесу соңында Президент Қарулы Күштерді кешенді әрі жүйелі түрде жетілдіруді қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік дайындығын жоғары деңгейде ұстап тұру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін одан ары арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.