«Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, желдету және бейнебақылау жүйелерін, өртке қарсы жүйені орнату қажет. Сумен жабдықтау мәселесі де бар. Сонымен қатар қызметкерлердің жалақысын көбейту қажет. Биыл 1 маусымнан бастап олардың жалақысы көтерілді. Бар болғаны 30 пайызға ғана. Бұл – шамамен 18-20 мың теңге. Қазір ауысыммен жұмыс істейтін мамандар барлық аударымды шегергеннен кейін айына шамамен 180 мың теңге алады. Күндіз жұмыс істейтіндер одан сәл аз. Олардың жұмысы өте қиын, сондықтан жалақыны одан әрі көбейту керек. Біз бұл мәселелерді қала әкімдігі шешіп берсе дейміз», – деді орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаев.Мәжіліс депутаты Лариса Павловец «Нұрлы жүрек» орталығының түйткілді мәселелері қысқа мерзімде мәслихат пен қала әкімі алдында көтерілетінін айтты.
«Бұл жерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Осындай орталықтардың барлық кабинеті бейнекамерамен жабдықталуы керек. Өкінішке қарай, Білім басқармасы мен Әлеуметтік қорғау басқармасы бұған назар аудармайды. Қызметкерлерді қайта қарап, педагогтер санын көбейту керек. Қазір бір мұғалімге 5-6 баладан келеді, алайда бұл жеткіліксіз. Өзгерістерді жүзеге асыру үшін меценаттармен және еріктілермен жұмыс істеу керек», – деді Лариса Павловец.Орталықта күрделі жөндеуден бөлек, медициналық жабдықтар мен спорттық құрал-жабдықтарды жаңарту қажет. Ол туралы мәжілісмен Бауыржан Сартбаев атап өтті.
«Мұнда көп нәрсе ескірген және жаңартуды қажет етеді. Қызметкерлер алатын жалақы мөлшері аз. Олардың жалақысы соңғы уақытта 30 пайызға өсті, дегенмен бұл айтарлықтай жетістік емес. Жақын арада біз бұл мәселені көтеріп, өз тарапымыздан қосымша қаражат бөлуге ықпал ететін боламыз. Жыл соңында осы орталыққа тағы да келуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрманбетова халық қалаулылары инклюзивті қоғам құруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заң жобаларын қарастырып, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгіздік. «Инклюзивті білім беру туралы» заң да қабылданды. «Бала құқығы туралы» заң аясында оңалту орталықтарын құру қарастырылды. Біз тек ауыр науқасқа шалдыққан балалар стационарында ғана болдық. Бірақ ауыр психикалық ауытқулары жоқ балалар да бар. «Инклюзивті білім беру туралы» заңды жүзеге асыру аясында олар арнайы психологиялық-педагогикалық комиссиялардан өткен жағдайда жалпы білім беретін мектептерге бара алады. Бұл заңдардың барлығына Парламент депутаттары, атап айтқанда, біздің комитет мүшелері бастамашы болды», – деді Жәмила Нұрманбетова.
Азат ҚАЗАҚ