© коллаж Еркебұлан Дүйсеболат[/caption]
Мақала басында айтып өткеніміздей, облыстың Алматы қаласы маңындағы аудандарындағы ауылдарда тұрғындарды таза ауызсумен қамтуда мәселе жетіп артылады. Солардың бірі – қаладан бірнеше шақырым қашықта ғана орналасқан Қарасай ауданының Көксай ауылының адамдары соңғы оншақты жылда жаз келісімен ауызсудың жетіспеушілігін бастан өткереді. Жыл сайын жауапты шенеуніктердің табалдырығын тоздырғанмен, жаз шығысымен ауызсу бірде келіп, бірде тоқтап, ығырын шығарады. Кейде апталап су болмайды. Ауылда су құбыры тартылған. Бірақ әбден тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеуден өткізу немесе қайтадан тарту керек. Осыдан үш жыл бұрын сол кездегі аудан әкімі Көксай ауылын сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы мен қайта қалпына келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін су құбырының тозу актісін және сметалық есептер әзірлеу жөнінде тапсырма берген. Содан бергі жылдарда бұл бағытта жылт еткен жақсылық болмады. Ал ауылдың іргесі кеңейіп, халық саны жыл санап артып барады.
Көксай ауылы қарайтын Іргелі селолық аумағын сумен қамтамасыз етуге жауапты компанияның өкілдері аталған елді мекенді сумен қамтуда проблема бар екенін мойындайды. Қазіргі кезде ондағылар құбырдағы су қысымын арттыру үшін ескірген сорапты қуаттылығы жоғары жабдықпен ауыстырып жатқан көрінеді. Бірақ магистралдық желі мен басқа да жабдықтарды толық жаңаламай, мәселе түбегейлі шешілмейді деп отыр. Мұндай жағдай осы аудандағы Жаңатұрмыс, Қырғауылды ауылдарына да тән. Аталған елді мекендер арқылы таудан бастау алатын, суы мол Ақсай өзені ағып жатқанымен, арқыраған арнаның жағасында отырып, ерні кезерген жұрттың жанайқайын тыңдайтын жан табылмай тұрғандай. Екі ауылды сумен қамтамасыз етуге тиісті «Таусамалықызмет» коммуналдық қызметіндегілер өз міндеттеріне мүлде жауапсыз. Жеті жыл бойы жаз айларында су іздеп тентіреп кететін тұрғындар бүгінде кімге барып шағымданарын да білмейді. Ендігі үміт осыдан біраз бұрын аудан тұрғындарымен кездескен жаңа әкім Марат Сұлтанғазиевтің уәдесіне тіреліп тұр. Алматы қаласының маңындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарында халықпен жүздескенінде жұртшылықтың таза ауыз суға қатысты сауалдарын тыңдаған облыс әкімі ауылдардың барлығында су құбыры барын, олардың біразының тартылғанына көп бола қоймағанын айта келе, мердігерлердің жауапсыздығы және коммуналдық қызметтегілердің қабылдап алудағы көзжұмбайлықтары кесірінен жағдайдың күделеніп тұрғанына тоқталды. Сонымен бірге тозығы жеткен жүйелерді ауыстыратын уақыттың келгенін ескертті. Тек қана Қарасай мен Іле аудандарында ғана су құбырлары желісінің тозуы 45-65 пайыз аралығында және 39 елді мекенде жөндеуді керек етеді.
Талғар ауданында да жағдай оңып тұрған жоқ. Алматымен іргелес, Алатаудың бөктеріне орналасқан Тұздыбастау ауылы тұрғындары 5 жылдан асты ауызсу жетіспеушілігін бастан өткеріп келеді. Осы ауылдағы «Айжарық» шағын ауданында тұратындар жаз айларында су іздеп сабылып кететіндерін айтады. «Жуыну үшін ақша төлеп, моншаға барамыз. Шай ішкіміз келсе, 19 литрлік ыдыстағы таза суды сатып аламыз. Биыл кей күндері 40 градусқа дейін ыстық болып тұр. Сондай кезде шөлден өліп қала жаздаймыз. Ылғалдың жоғы зықымызды шығарды. Бақшаның бәрі қурап қалды. Тамшылап қана келетін суға төлейтін бағамыз да жоғары. «Талғар су» ақша жинаудан басқа ештеңе білмейді», – дейді тұрғындар.
Ал коммуналдық ұйым тұтынушылардың бұл уәжімен келіспейді. Сумен қамтуға жауапты оператор барлық кінәні су желісін төсеген мердігерге жауып отыр. «Талғар су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Кеңес Сүлейменовтің айтуынша, құбырлар тартылғанда құрылыстың нормалары мен ережелері мүлде сақталмаған.
– Қазіргі кезде сумен қамтуға жарамсыз желіні салғандар мен қабылдап алғандардың жауапкершілігі қарастырылуда. Жыл соңына дейін Тұздыбастаудың тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесі шешімін табады, – дейді жергілікті әкімшіліктегілер. Бірақ жыл сайынғы уәдеден жалыққан жұрттың бұған сенімі аздау.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы