«Облыста 2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша, 275 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олардың 14-і егіншілік, 167-сі мал шаруашылығы саласында. Кооперативтердің құрамында 10 заңды тұлға, 90 жеке кәсіпкер, қожалық немесе фермерлік және 1912 үй шаруашылығы бар. Былтыр олар 60,7 млн теңгеге егіншілік өнімдерін, 152,1 млн теңгеге мал шаруашылығы өнімдерін шығарған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда сәйкесінше, 199%-ға және 100,8%-ға артық. 2021 жылы облыстың 36 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 203,4 млн теңге субсидия төленді. Өңірде ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі мен кооперацияны одан әрі дамыту үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Өйткені агросекторда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенімізбен, ұсақ тауарлы өндірістің қанат жаюы шекараға таяу орналасқан шалғай аймақтарда, соның ішінде Зайсан, Катон-Қарағай, Марқакөл және Тарбағатай аудандарында ауыл шаруашылығының әлсіз дамуына әкеліп отыр. Бұл тұстағы тағы бір мәселе, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерде боп тұр. Одан бөлек, ветеринария және техникалық оқу орындарының филиалын ашу мәселесі де бар», – дейді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.Шекара маңы аймақтарда жемшөп базасын қалыптастыру үшін қажетті суармалы жерлерді өндіріске қайтарудың бір проблемасы – магистралдық және шаруашылықтардың арасындағы суару каналдарының нашар жағдайы, «Қазсушар» РМК ШҚФ-ның 6 гидротехникалық нысанының 2014-2016 жылдары басталған реконструкциясының аяқталмай тұрғаны. Өңірде бруцеллез ауруының жыл сайын қайталануы да шаруаларды шығынға батырып тұр. Депутаттардан көмек сұрады Сенат депутаттарына осы мәселелерді жеткізген облыс әкімінің орынбасары оның шешімін де қоса ұсынды. Мәселен, шекара маңындағы агроөндірістік кешен субъектілерін қолжетімді субсидиямен қаржыландыру қажет. Республикалық бюджеттен «Ертіс» ӘКК-ның жарғылық капиталын шекара маңының бизнес өкілдерімен бірге ірі «жәкірлік» нысандардың құрылысына қатысу үшін 50 млрд теңгеге дейін толықтыру мүмкіндігі қарастырылса құба-құп болар еді. Мұндай «жәкірлі» жобалар – сүт тауарлық фермалар, асылтұқымды репродуктивті орталықтар, бордақылау алаңдары, қайта өңдеу кәсіпорындары, дайындау ұйымдары. Өйткені «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржысы кепілдік қамту мүлкінің жоқтығынан, жер телімінің шалғайда орналасқандығынан, ұсақ шаруашылық өндіріс түріне байланысты көптеген ауылшаруашылық өндірушілеріне қол жетімсіз.
«Осындай ірі кәсіпорындардың айналасына ұсақ шаруашылықтар мен ЖҚШ-ның кооперация жасауына жағдай жасалып, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары құрылатын болады. Оған қаржыны ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «ШҚО-ны әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары» аясында қарастыруға болады. Мұндай тәжірибе Солтүстік Қазақстан облысында бар. Тағы бір шешім – тағы да сол СҚО сияқты біздің облыста да еркін экономикалық аймақтар құру. Егер оны шалғай жатқан шекара маңында құрар мүмкіндік болса, салықтай жеңілдіктер есебінен инвестор тарту оңайға соғар еді. Суармалы жерлер мәселесіне келер болсам, ауыл шаруашылығындағы суды тиімді пайдалану мәселесін реттеумен айналысатын республика бойынша орталықтандырылған мемлекеттік орган құруды ұсынамыз. Өйткені облыстағы гидротехникалық нысандарды қайта жөндеуге «Қазсушар» РМК-ның қаржысы жоқ. Сондықтан да сіздерден республикалық бюджеттен алдын ала есеп бойынша шашамен 5 млрд теңгедей қаржы бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймыз», – дейді Ержан Ахтанұлы.Облыс әкімінің орынбасары жыл сайын қайталанып, әр кезек 11 мың бас малды санитарлық союға әкеліп отырған бруцеллез ауруына қатысты құқықтық-нормативтік базаға толықтырулар енгізуді ұсынады. Нақтырақ айтқанда, бруцеллезге қарсы вакцинаны бюджет қаржысы есебінен сатып алуға құқық беру қажет. Вакцинаны таңдау және қолдану құқын да сол әкімшілік округтың ветеринарларына беру керек. Бір сөзбен айтқанда, ветеринарлық препараттарды сатып алу процедурасы орталықсыздандырылуы тиіс. Өйткені Ережедегі карантин жариялау үшін ПЦР тест тапсыруды міндеттеу, оның таралуының алдын алуды кешеуілдетіп отыр. Мұндай жұмыстарды атқаруға оның үстіне өңірде білікті ветеринарлық дәрігерлер, зоотехниктер және тағы да басқа мамандар жетіспейді. Ал бұл мәселені шешудің бір жолы – шетелдердің техникалық оқу орындары филиалдарын ашу.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ