Бізді о баста Мағауинмен табыстырған «Аласапыран» еді. Осы бір ұлы шығарма елітіп, өзіне еліктіріп әкеткен. Одан кейін де жазушы әлеміне талай сүңгідік. Бірақ бізге «Аласапыран» бәрібір биік тұрады. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан кейін тұратын ұлы шығарманың бірі – осы.
Былтыр Ресейдегі Рязань облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш-тақта қою рәсіміне «Аласапырандай» ұлы шығарма жазып, Ораз-Мұхаммедке сөзден ұмытылмайтын белгі қойған Мұхтар Мағауин келе алған жоқ. Жазушының мұхиттың ар жағынан жолдаған хаты ғана жетіпті. Ол хатта: «Имаш қалқам! Назарыңнан тастамағаныңа рақмет! Көптеген игілікті шаруаға ұйытқы болып жатырсың. Бірақ мен қайткенде бара алмаймын. Мәселе уақыт, жұмыс жағдайында ғана емес. Мен ұшақпен ұзақ сапарды көтере алмаймын. Сондықтан айып етпе. Әйтпесе, Ораз-Мұхаммедтің ескі жұртына отыз жылдан соң, тауап етіп қайтқан жақсы болар еді. Өкпелеме. Өзіңе қашанда тілектес, Мұхтар ағаң. 5.Х.2019. АҚШ» деп жазылған.
Хатты оқыған сәтте мұңайып, көзімізге жас үйірілген еді. Мұхтар Мағауиннің елге ұшып келуі де қиындап қалғанын ойлағанда еріксіз күрсінгенбіз. Жазушы шетелге кеткенде, бір қиналған жүрек елге ұшып келуі қиындап қалғанын естігенде тағы бір қиналды. Бұл – біздің сүйікті қаламгерге деген ерен құрметіміз еді.
Жазушы елден неге кетті?
Мағауин шетелге неге кетті? Мұның жауабын жазушының өз сырынан анық табамыз. «Кейбір ағайындарымыз сияқты атақ шығарып, айғайлататын атаққұмар емеспін. Жазушының ең басты насихаты – көркем шығармасы. Қазақтағы атақтың бәрін алсам да, атаққұмар емеспін. Мен кеткелі сегіз жылға жақындады. Қазақта сөз бар: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Мұхтар Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы, сондай өтіріктің бірі «Жұлдыз» журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде «Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды» деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе. Журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін, сыртқа кетуге тура келді. Арада бір-екі рет келіп кеттім, содан соң 5 жылдан кейін келіп отырғаным. Менің Үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ. Мысалы біздің Үкіметіміз, Қазақстан Үкіметі Ә.Нұрпейісовке журнал ашып берді, ол ақсақал екен дейік. М.Шахановқа журнал ашып берді, ол керемет екен дейік, Д.Исабекке журнал ашып берді, ол да классик екен дейік… Ал менің қолымдағы журналды тартып алды, әдеби журнал, финанс мекемесі емес, кеден бастығы емес, әдеби журнал, ішінде ешқандай саясат жоқ… Прагаға, баламның үйіне барып түскеннен кейін 7 күннен соң жазуға отырдым, алдымен шағын әңгіме жаздым. Онан кейін «Жармақ» деген көлемі үлкен болмаса да, салмағы ауыр роман жаздым. 18 күнде жаздым, 19 күнде көшіріп болдым» деп жазады.
Мен әр сөзіме жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Кейінгі кездері баспаға, басқа жақтарға жазғандарымды беруге тартынатын болдым. Өйткені сөзімді өзгертіп қояды. Сұмдық қой! Бұрынғы уақытта да саясатқа сай қарайтын, бірақ жазушының өзімен ақылдаспай өзгертпейтін.
Шетте жүрген жазушы қазақ әдебиетіне бірнеше шығарма берді. Соның бірі – «Жармақ». «Жармақ» романы Прагада басылып, осы жаққа жетті. Одан кейін ғана «Шыңғыс ханға» отырды. «Шыңғыс ханның» төрт кітабы да сөреміздің төрінде тұр. Өзі де: «Шыңғыс ханды жазудың себебі көп болды. Айтылмаған сөз қалған жоқ, бәрін айтқанбыз. Менің «Алтын дәптер» деген үлкен дәптерім болды, соның ішінде болашақта жазатын шығармаларымның сұлбасы, сюжеті бір ауыз, екі ауыз сөзбен айтылған. Мысалы, 1963 жылғы «Аласапыранның» сұлбасы бар. 15, 20, 25 жылдан кейін жазылған шығармалар бар. Бірақ «Алтын дәптерде» «Шыңғыс ханның» сұлбасы жоқ. Өйткені совет заманында Шыңғыс ханның атын атамау керек, атайтын болсаң, жамандау ғана керек оны. Тек Жалел ад-Дин Сұлтан туралы деректі повесть жазам деп едім, Шыңғыс хан соның ішінде болуы тиіс, ол да жазылған жоқ кезінде. Шыңғыс хан – бүкіл әлемге танылған ұлы тұлға, ұлы қолбасшы, ұлы мемлекет, империя құрған адам. Оны Цезарьмен де, Наполеонмен де, ешқайсысымен салыстыруға болмайды, бәрінен жоғары. Бір таңғаларлық жағдай, 1990 жылдардың соңында, 2000 жылдардың басында «Шыңғыс ханға» кірісуіме болар еді, цензура жойылған уақытта анталап тұрған, басқа да толып жатқан қазіргі заманға сай шаруалар болды. «Шыңғыс ханға» кірісер алдында мен қайран қалдым, Шыңғыс хан қазақтың ұғымында әулие, ұлы хан еді. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, Шыңғыс хан әулие болды. Мұрат ақынның Қазтуған айтты дегенінде: Бойында Қиыл, Жем-Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай! Ақ шалмалы пірлердің Мешітке жаққан шамдары-ай! Кәпірден теңдік алуға Қайтып та келер деймісің, Мұсылманның баласы, Шыңғыстан туған хандар-ай! − дейді. Мұрат ақын Қазтуған айтты деп жырлап отыр. Мұрат − отаршылдыққа қарсы өлеңдер, зар толғаулар шығарған азаттық жыршысы. Ал ғасырдың басындағы Алаш Орда көсемдерінің бірі Ғұмар Қараш: Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қара қыпшақ Қобыланды туған ел. Ерегескен дұшпан, жауын қуған ел, Емес пе едің, жұртым саған не болды? – дейді, дәл осы сөзді қазір айтуға болады. Мағжан ақын: «Адамзатта Шыңғыстай ер тумайды» дейді. Шәкәрім де осылай айтқан. Абай атамыз: «Қазақ рулары Шыңғыс ханға өз еркімен қосылды» деп айтқан. Сұлтанмахмұт «қазақтар орыс, совет идеологиясы келіп жеткенге дейін Шыңғыс ханды құрмет тұтқан, қадір тұтқан» деп айтады. Біздің ұлттық санадан айырылғанымыз соншалық, орыстың идеологиясымен, ғылыми емес, мектеп оқулығы дәрежесіндегі шовинистік идеологиясымен әбден милары уланған. «Ойбай, Шыңғыс хан – жауыз!» деп әлі айғайлап жатыр. Қазақы жағдай түсінікті, жетпіс жыл ішінде бар ұлттық санасынан айырылды, салт-дәстүрінен айырылды. Қымыз ішуді, құрт қайнатуды ұмытты. Қазір моңғолдан келген ағайындар құрт қайнатуды үйретіп жатыр, қымыз Орталық Қазақстанда ғана сақталды. Мысалы, мен туып-өскен ауылда, Шұбартауда 20-30 жылдан кейін енді бие байлап отыр. Бірақ дәлелмен айтып жатқан кезде адамның басына қону керек қой. Енді бұндағы қазаққа кінә қоймай-ақ қояйын. Арғы бетте, Қытайда 1 жарым миллион қазақ отыр. Еліміз бар, жұртымыз бар деп көңіліме үлкен медеу тұтатын едім. Олардың «Күлтегін», «Сен – қазақ» деген сайттарын қарап отырамын. Қытайдағы қазақ советтің идеологиясынан тыс болды, оның үстіне Қытайдың идеологиясында Шыңғыс хан − Ұлы Жуңго мемлекетін негіздеуші адам. Шыңғыс хан бастап, немересі Құбылай біржолата бекітті. Сонда сол жақтағы қазақ неге Шыңғыс ханды балағаттайды? Қайран қалатын нәрсе. Бұл қайдан келді? Халықтың азып-тозып, ұлттық санадан біржола айырылғанының көрінісі. Бірақ басқа халық жоқ, осы халықтың санасын ашу керек. Осы халықтың ішінде неше түрлі адамдар бар, санасы озық азаматтар, жастар да көп. Арғы бетте де бар, бірақ азшылық, олардың аузын аштырмайды екен. Мен қатты қайран қалып, пұшайман болдым. Қытайдағы қазақтардың Шыңғыс ханды жамандағанына налыдым. Оған Шыңғыс хан жаман боп қалмайды, бүкіл дүниежүзі мойындап отыр, неше мың мақала, зерттеу жазылған, жүздеген кітап жазылған. Ағылшын, француз, неміс, американ, жапон жазды, бәрі Шыңғыс ханды өзіне тартады. Қазір орыстар Шыңғыс ханды славян болды деп өзіне тартып жатыр. Ал шын мұрагері, ұрпағы біздер одан қашып құтыла алмай жүрміз» дейді. «Шыңғыс хан» осындай ұлы ойлардан туды.
Әдебиет қаулап өсуге тиіс
Мұхтар Мағауин де қиын-қыстау кезеңді бастан өткерді. Оның да шығармалары цензурасының «қайшысынан» аман қалмады. Ол да пәтерде тұрды. Тиын санаған күндері де болды. Сол қиындықтарға қарамастан, жазудан, шығармашылықтан қол үзген жоқ. «Мен әр сөзіме жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Кейінгі кездері баспаға, басқа жақтарға жазғандарымды беруге тартынатын болдым. Өйткені сөзімді өзгертіп қояды. Сұмдық қой! Бұрынғы уақытта да саясатқа сай қарайтын, бірақ жазушының өзімен ақылдаспай өзгертпейтін. Бір мысал айтайын, «Көкбалақ» деген шағын романымда домбырашы шал ескі күйлерді жаздыру үшін ауылдан қалаға келеді. «Орыстың музыкасын тыңдағым келеді» дегеннен кейін оны бір таныс әнші қыз операға апарады. П.Чайковскийдің «Аққу көліне». Операны тамашалағаннан кейін шал: «Бұл Бекжанның күйлеріндей екен, қазақтың күйлері сияқты өте әдемі екен. Орыс та үлкен халық қой» дейді риза болып, Сонда «орыс та» дегендегі «та» дегенді редакциядан өткізе алмадым. Шалдың ойынша, қазақтан үлкен халық жоқ. Ақыры «та» дегенді алып тастады. «Орыс – үлкен халық» деген ақымақшылық болып шығады екен. Бірақ оны екінші басылымдарында қалпына келтірдім. Айтайын дегенім, бұрындары жазушының сыртынан түзетпейтін. Қазір сыртыңнан түзете салады. Бүкіл «совет» дегенді «кеңес», «колхозды» «ұжымшар» дей ме, әйтеуір...» дегені есте.
Қазір мұндай қиып-қидалап жатқан цензура жоқ. Бірақ жастар әлі де «жағдай» тарылды деп ойлайды. Мағауин шығарма жазған уақытта өмір сүрсе, қайтер еді деп ойлаймыз. Онда олар «Көкбалақ» секілді сүбелі шығарма жаза алар ма еді? Олардың архивте отырып, кітап кеміруге уақыты болар ма еді? Қайдам! Архив демекші, жазушының «Архив хикаясындағы» басты кейіпкер туралы әркім әртүрлі болжам жасап жатады. Біреулер оны Әлкей Марғұланның прототипі деп санайды. Енді біреулер мүлдем басқа адамды көреді. Біз бірақ бұл кейіпкерден жазушының өзін көрер едік. Архив деген адамды өзіне тартып әкететін шыңырау секілді. Мағауинді де өзіне тартқан осы шыңырау болса керек. Архивте отырып, қағаз ақтармағанда «Аласапыран» өмірге келмес еді. «Шыңғыс хан» шығармасын жазу туралы ойламаған болар еді. Мұның бәрі сол шыңыраудың арқасында қол жеткізген дүниелер.
Әңгімеміздің басында шығармашылық, ой еркіндігі туралы текке айтқан жоқпыз. Жазушы бүгінгі қоғамды шығармашылық, ой еркіндігі бар деп санайды. «Еркіндік бар жерде әдебиет қаулап өсуге тиіс. Ал прозаның жағдайы біраз қиынырақ, оған отыру, жағдай, уақыт керек. Поэзияның дамуында ешқандай шек жоқ» дейді қаламгер.
Есенберлин мен Марғұлан
Есенберлин туралы әдемі естелік жазылса, ол да Мағауинге тиесілі. Жазушы ұлы Есенберлинмен танысқанда бар-жоғы 27 жаста еді. Ал Есенберлин – 52 жаста. Бұл кезде «Айқастың» шығып қойған уақыты. «Айқас» үшін жазушы талай айқасты. «Ол кісі төңкеріс жасады. Жұрттың бәрі Ілекеңнің тарихи романдарын айта береді. Бұл кісінің баспагерлік қызметі де ерекше, бүкіл қазақ әдебиетінің тағдырын басқа арнаға бұрды. Расында, ол ғажайып адам еді. Орыстарда «хочешь нажить себе врага – сделай человеку добро» деген мақал бар. «Жау тапқың келсе, жақсылық жаса» деп аудардым оны. Жақсылық жасаған адамдардың ішінде бірлі-жарымы болмаса, көпшілігі Есенберлинге жау болды. Бұл енді пендешілік» дейді жазушы.
Ал Әлкей Марғұлан оның бірінші оппоненті болды. Еңбегін оқып, жазушыны қатты жақсы көрген екен. «Үнемі үйіне барып тұратынмын. Ескі тарих, әдебиет тарихы жөнінде әңгімелесетінбіз. Өте көп білетін ақсақал еді. Мен де білгішпін. Кейде ескі құжаттарды, қолжазбаларды көрсетеді. Денсаулығы өте күшті еді, тәбеті де жақсы. Бір өкінішім бар. 1969 жылы ол кісі мені өзімен бірге бүкіл Сарыарқаны аралап шығуға шақырды. «Ұлытауды, Жезқазғанды аралап, Жошы ханның басына барып, одан ары Қызыларай тауы, қысқасы, бүкіл Арқадағы бұрынғы жерлерді аралап қайтамыз. Бір айға жуық менің қасымда жүресің» деді. Ол кезде үш балам бар, бәрі кішкентай болатын. Мен ары-бері ойланып, бара алмайтынымды айттым. Баруым керек еді. Осы үлкен өкініш болды. Екеуміз көп әңгімелесетінбіз. Елді бірге аралағандағы әсер басқаша болар еді. Кейін ол жердің бәрін көрдім. Бірақ Әлекеңсіз» дейді.
Менің ең үлкен ұстазым – Мопассан
Мағауиннің ең биік шығармасы қайсы дегенде, өз ойыммен кейде таласып қалатыным бар. Бірде «Құмырсқа қырғын» бәрінен керемет көрінеді. Кейде «Тазының өлімін» қайталап оқысаңыз, «Әй, осы шығарманың жөні бөлек-ау» деп ойлайсың. Одан кейін «Әйел махаббаты» алдыңыздан шығады. Әйгілі «Шақан Шерісі» ше? Оны қайда қоямыз? «Көк мұнар» мен «Кесік бас – тірі тұлып хикаяты» романы да шоқтығы биік шығармалар. «Қыпшақ аруы» кесе-көлденең шығатыны тағы бар. Жалпы, жазушының әңгімелерінің өзі толық үш том болады екен. Әрқайсысы 25 баспа табақтан. «Қазақта менен көп әңгіме жазған адам жоқ» деп санайтыны да содан болса керек. Жазушы әлемде төрт ұлы әңгімеші бар деп есептейді. Ол қатарда Мопассан мен Чехов бар. Сосын оған Сомерсет Моэм мен Акутагаваны қосады. «Чеховтың бүкіл әңгімелері мінезге құрылған. Ал Мопассан әңгімелері тағдырға құрылған. Әдебиеттің басты объектісі – тағдыр. Менің ең үлкен ұстазым – Мопассан. Үнемі оқимын, әрі таңғаламын, онда мінез де, тағдыр да, табиғат та бар. Моэм – осы екі жазушының қосындысы, ол – ағылшын жазушысы емес, француз бен орыстың арасынан шыққан жазушы. С.Моэм Францияда тұрған, француз әдебиеті мен орыс әдебиетінің ықпалымен қалыптасқан. Акутагаваның әңгімесі мүлде басқа тұрғыда, мен Акутагаваға жете алмаймын, қалғандарымен таласуыма болады. Мопассанның екі ұстазы – Флобер мен Тургенев болды. Тургенев орыс әдебиетінде бірінші болып шетелге танылды да, Толстойдан тартып орыс әдебиетін насихаттады. Өйткені ұлы адамдарда қызғаныш деген болмайды» деген ой айтады жазушы.
Оның ұстазы Мопассан болса, Мағауинді ұстаз санайтындар да жетерлік. Оның шығармашылығын биік бағалап, оң бағасын берген қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев бір жазбасында: «Егер Қазақстанда әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне ең жоғары атақ беру керек болса, «Халық қаһарманын» Мұхтар Мағауинге беру керек. Себебі тоталитаризмнің тұсында «өткеніңді ұмыт, кеңестік дәуірге қызмет ет» деп жан-жақтан күштеп жатқанда, бұл кісі өзінің басын қауіп-қатерге тігіп жүріп, халқымыздың әдебиет тарихын үш ғасырға әрі жылжытты. Көне дүниенің мұралары үшін басын қатерге байлады. Бұл – үлкен ерлік. Сол үшін жеке басында көп қиындық болды. Мағауиннің осы ерлігі тәуелсіздік алған он төрт жылдың ішінде де аса еленбей келе жатыр», – деп жазады.
P.S.
Біз «Абай мектебі» туралы айтамыз. Ал «Мағауин мектебі» туралы бір адам сөз еткен жоқ. Мұхтар Мағауин мектебі – Азаттық пен қазақтық мектебі. Кезінде есігі тарс жабылған мектеп. Қайта ашылмасын деп қара құлып салынған мектеп. Жазушы осы мектептің есігін таласып, тартысып, айтысып, айқайласып жүріп ашып берген адам.
Оның «Ұлтсыздану ұраны» – осы мектептің әліппесі іспеттес. «Аласпыраны» мен «Шыңғыс ханы» – тарих оқулығы. 24 томдық мұрасы – осы мектептің оқулықтары. Біз елдік, ұлттық, қазақтық санаға қайта ораламыз десек, ең алдымен Мағауин мектебінің табалдырығын аттағанымыз дұрыс. Қазіргі «Рухани жаңғыру» деген нәрсенің ғылыми, әдеби, мәдени өрнектерінің бәрі Мағауин еңбектерінде тұр. Тек соны оқуға, білуге, зерттеп, зерделеуге құлық пен ниет болса!..
Мағауин мектебінде қазір оқушы аз. Он, жиырма, отыз болуы мүмкін...
Уақыт келеді: Мағауин мектебінде оқуға миллиондар құлшынатын болады!