Алматыдағы «Мәскеу» сауда және ойын-сауық орталығына бір айда төрт рет «мина қойылды» деген хабар түскен. Полиция мәліметінше, бұл жолы бомба туралы хабарлама 7 шілдеде, шамамен түскі 12-де келген.
«Мұндай хабарламаларға алғашқы жауап беру алгоритмі аясында бірінші кезекте орталыққа келушілер мен қызметкерлер эвакуацияланды. Жол-патрульдік полиция жасақтары осы нысанға жақын жолды көліктерден тазартты. Тексеру шараларының нәтижесінде мина туралы ақпарат жалған болып шықты», – деп мәлімдеді Полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары халықты үрейленбеуге, келеңсіз жағдайларда тыныштық сақтауға және қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсінікпен қарауға шақырып отыр. Осыған дейін 4 шілдеде дәл осы сауда орталығы «миналанғаны» хабарланған еді. Оның алдындағы екі жағдай 15 және 21 маусымда болған.