Кенеттен тексеріс жасау – тиімді амал
Кенеттен тексеріс жасау – тиімді амал
451
оқылды
«AMANAT» фракциясының мүшелері Гүлнар Бижанова мен Юрий Жулин Т.Күзем­баев атындағы шахтаның еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында әлеуметтік мәселелер, соның ішінде шахтерлердің зейнет жасын төмендету, азық-түлік пен жылжымайтын мүлік бағасының өсуі, жалақының аздығы секілді да проблемалар көтерілді. Сонымен қатар шахталардағы еңбекті қорғау мен қауіпсіздік жағдайлары да назардан тыс қалмады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Юрий Жулин көтеріліп отырған сұрақтардың барлығы Парламенттің басты назарында екенін, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары үшін еңбек қауіпсіздігін қорғау өте маңызды мәселе екенін алға тарта келіп, осы бағытта тиісті заң жобасына депутаттар тарапынан халықтың өтініш-шағымын ескере отырып, бірқатар маңызды норма енгізілгенін атап өтті.
«Бүгінде еңбек инспекциясы жергілікті атқарушы органға бағынады, ал біз керісінше инспекцияның Еңбек министрлігіне бағынуын және жергілікті атқарушы органға тәуелді болмауын ұсынамыз. Сонымен қатар мемлекеттік инспектор құқықтық статистика органдарына және кәсіпорынға тексеріске шығатыны жөнінде алдын ала хабарлауы керек, әйтпесе мұндай хабарлама жосықсыз жұмыс берушілерге кәсіпорындағы жарақаттану және басқа да тәртіп бұзушылықтар фактілерін жабуға мүмкіндік береді. Осының алдын алу үшін және бақылаудың тиімділігін арттыру үшін біз кенеттен тексерулерді енгізуді ұсынамыз», – деді Юрий Жулин.
Өз кезегінде Гүлнар Бижанова қызметкерлерді белсенді кері байланыс орнатуға, ұсыныстар білдіруге шақырды. Сондай-ақ ол биылғы маусымда қабылданған конституциялық реформалар ең алдымен қоғамның мемлекетті басқару мәселелеріне ықпалын күшейту институтына бағытталғанын атап өтті.

Азат ҚАЗАҚ