Теріміз терсекке, жүніміз жұрқаға айналды
Теріміз терсекке, жүніміз жұрқаға айналды
837
оқылды
«Алтынды еріте білмеген ірітер, теріні илей білмеген шірітер» демекші, бүгінде елдің қолындағы тері мен жүн ешкімге керексіз болып, күлтөкпелерде тау-тау болып үйіліп, шіріп жатыр. Бұрындары ауыл халқы малдың тері-жүнін тиянақтап жинап, арнайы қабылдау орындарына тапсыратын. Одан түскен азды-көпті қаржыны шай-пұлына жарататын. 2000-жылдардың басынан бері бұл үрдіс сұйыла бастады. Қазір елдегі тері-жүн өндірісі тұралап қалды. Экспорттық тыйым саланы тұралатып тастады Ашық дереккөздердің мәлі­метіне сүйенсек, былтыр елімізде 130 мың бас жылқы, 1 миллион бас ірі қара, 1,5 миллион бас қой-ешкі сойылған екен. Ал биылғы жылдың 5 айында сойысқа түскен жылқының саны 60 мың, ірі қара – 350 мың, қой-ешкі – 550 мың. Бірақ биыл­дыққа бірде-бір жылқы мен қой-ешкінің терісі экспортқа шыға­рыл­маған, ал ірі қара мал терісінің тек 66500 данасы сыртқа тасымалданған. Сондай-ақ тері мен жүннің рес­публика аумағында да кәдеге жарап жатқаны шамалы. Мамандардың ай­туынша, елімізде жыл сайын ши­кі терінің тек 10-20 пайызы ғана са­тылып, өңделеді. Қалғаны құр бос­қа рәсуа болып, далада шашы­лып жатыр. Ол аздай ауыл іргесінде үйілген тері санитарлық-эпиде­миялық жағдайды да ушықтырып, түрлі жұқпалы қоздырғыштарды та­рата ма деген қауіп үлкен. Одан жайылған жаман иіс қолқаны қа­бады. Ал даладағы күлтөкпеге аң-құс үймелеп, қопарып кетеді. Са­рап­шы­лардың есептеуінше, егер сойылған мал терісін шашау шығар­май түгел кәдеге жаратар болса, ауылдағы шаруа иесі жыл сайын шамамен 10 млрд теңге табыс табар еді. Ең бас­тысы, оның қоршаған ортаға ти­гізетін залалын азайтып, табиғаты­мызды қорғаймыз. Бірақ бұл әзірше тек бұлдыр арман ғана болып тұр. – Бұрындары ауыл халқы тері-терсегін сатып айтарлықтай ақша табатын. Бірақ Үкімет 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары өңдей­тін кәсіпорындарды қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салды. Бұл қадам отандық өндірісті дамы­туға ықпал еткен жоқ, тіпті кері әсер етті. Ал отандық өндірісті қолдай­мыз десек, тері өңдейтін зауыттарға пайызсыз несие беріп, олардың бәсекелестік қуатын арттыра түсу керек еді, – дейді Парламент Мәжі­лісінің депутаты, «AMANAT» пар­тиясының фракция мүшесі Сырым Ертаев. Баж салығының салмағы батпандай Қазір енді тері мен жүнді экс­порттауға салынған тыйым алынды, бірақ оның орнына кедендік баж салығы бекітілді. Енді кәсіпкер те­ріні шетелге сататын болса, оның әр тоннасы үшін 200 еуро баж салығын төлеуі тиіс. Бұл – 100 мың теңге. Сон­дықтан теріні шетелге шығару тиімсіз. Жүнге қатысты да осыны айтуға болады, экспорт­талатын жүн­нің әр тоннасы үшін 10 пайыз баж салығы салынады. Мұндай салықтан кейін ел ішінен жүн-тері жинауға кімдер құлшынып шығар дейсіз? Себебі онымен айналысу тиімсіз. 2016 жылға дейін қой-ешкіден бастап ірі қара, жылқы терісі де арнайы қабылдау орындарында текшеленіп, Қытайға, Өзбекстанға және Қырғыз Республикасына өт­кізілетін. Ал Үкіметтің отандық өндірушілерді қолдау деген желеу­мен тері-жүн экспортына тыйым салуы бұл саланы әбден құлдыратып жіберді. Ішкі нарықта тері-терсек құны тым арзандап кетті. Содан бері тері мен жүн көрінген жерде ша­шы­лып қалды. Бұрын 500-1000 теңгеге бағаланған қой-ешкі терісін адам­дар қазір 200 теңгеге өткізе алмай жүр. Ал бұрын 15 000-20 000 теңге бо­латын жылқы мен сиыр терісі енді 1000-2000 теңгенің айнала­сын­да ғана. Жүннің келісі 150 теңгеден аспайды. Мұндай бағаға ешкімнің уақыт шығындап арнайы орынға өткізіп жүруге құлқы жоқ. Сөйтіп, қазақ экспортының орнын басқа елдер басып қалды. Енді тіпті ке­дендік баж салығын алып тастаған­ның өзінде одандық кәсіпкерлерге шетелдік нарығын қайтадан бағын­дыру қиынға түсетіні анық. – Біз тері-жүнге қойылған ке­ден­дік баж салығын алып тастау жө­нінде мәселе көтеріп, бірқатар министрлік өкілдерімен хабарласып едік, олардың бәрі ойымыздың дұ­рыстығына келіседі. Мұны депу­тат­тар да, кәсіпкерлер де мойындап отыр. Бірақ әзірге одан шыққан нәтиже жоқ. Құзырлы органдардың өкілдері бұл мәселе ведомство­ара­лық комиссияда талқыланып жатыр деген еді, – деп қынжылыс білдірді мәжілісмен Сырым Ертаев. Қойшы көп болса, қой арам өледі Тері өңдеу ісінің тұралап жат­қанына бұл сала екі мекемеге қа­райтындығы да себеп – Ауыл ша­руашылығы министрлігі мен Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Екі мекеме жұ­мысты бір-біріне сілтеп, ешкім нақты проблемамен айналысып отырған жоқ. Соның салдарынан көрші Қытай теріні іргеде отырған Қазақстаннан емес, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ пен Аустралиядан импорттайды. Ал біздің шаруалар батпандай салықтың салдарынан жүн-терісін далаға тастауға мәжбүр. [caption id="attachment_204799" align="alignright" width="1287"]мал терісі © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылының тұрғыны Боранбай Қасымбеков қазір ауыл халқы жүн-тері жинамайтынын, өйткені оны тапсыратын орын жоқ екенін айтты. – Бұрын қалаға шыққанда тері-терсегімізді іле кетіп, аз-маз қосым­ша тиын-тебен табатын едік. Ол ба­рып-қайтқан жолпұлымызды ақ­тайтын. Бірақ былтырдан бері теріні өткізу машақатқа айналды. Қабылдау пункттері көбінесе жабық тұрады. Қабылдаған күннің өзінде арзан. Ол үшін кімнің сабылып жүр­гісі келеді дейсіз? – деп шағымданды ол. Ал ет өнімдерімен айналысатын қарағандылық кәсіпкер Сейілжан Исин ай сайын жылқысы, сиыры және қой-ешкісі аралас ондаған бас сойып, сататынын айтады. Бірақ мал терісі мен жүнді қабылдайтын орын болмағандықтан оны қоқысқа тастайды екен. – Ірі қалаларда болмаса, аудан орталықтарында тері мен жүнді қа­былдайтын орындар жоқтың қасы. Оны үлкен мегаполистердің өзінен табу қиын. Ал ешбір кәсіпорын те­рі-терсек жинау үшін жүздеген ша­қырымдар жол жүріп, алыс ауыл­дарға бара бермейді. Сондықтан елдің қолындағы жүн-жұрқа, тері-терсек текке шіріп жатыр. Бұл тек жалғыз менің ғана проблемам емес, мал шаруашылығымен айна­лы­са­тын барлық кәсіпкерлердің басын­дағы жағдай. Атқарушы билік мұн­дай түйткілдің бар екенін біледі, бірақ оны шешуге құлықсыз. Сон­дай-ақ бұл сала субсидияланбайды да. Нарықтың сұранысы тым төмен. Бағаның арзан болатыны да со­дан, – дейді кәсіпкер. Кеңес заманында тері, жүн өң­дейтін, тоқыма, тігіншілікпен айна­лысатын мыңнан астам кәсіпорын болыпты. Жеңіл өнеркәсіп саласы кезінде республикалық бюджеттің 25 пайызын қамтамасыз етіп тұрған. Солардың көпшілігі өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарынан бастап тоқырауға ұшырады. Қазір осы бағытта 160 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұлардың көпшілігі – ша­ғын цехтар мен кәсіпкерлік субъек­тілері. Ал енді оның ішінде былғары илеумен және өңдеумен айналы­сатындары санаулы ғана. Көршіден үйренеріміз көп QazIndustry қазақстандық ин­дустрия және экспорт орталығының дерегі бойынша, бұл бағытта жұмыс істейтін 1 орта кәсіпорын (Almaty Tannery ЖШС – Алматы былғары зауыты) және 27 шағын кәсіпорын (Semey Tannery, Turan Skin, «Каз­ИталКожа», «КазахЛидерМех», «Та­раз Былғары зауыты», «Петро­павл былғары зауыты», «Кәмшат-Әсел» ЖШС және басқалар) бар. Отандық былғарыны ішкі нарықта аяқкиім (негізінен әскери және ар­найы аяқкиім үшін) мен былғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, бел­діктер) өндірушілер сатып ала­ды. Бірақ олардың сұранысы шама­лы. Ішкі нарықтың небәрі 13 пайы­з­ын қамтиды. Өндірушілер ел ішіндегі шикі­заттың сапасы нашар деген уәжбен былғарының көбін сырттан тасы­мал­дайды. Бұл жергілікті өнімге де­ген сұранысты одан сайын азай­тып жіберген. Олардың өзі толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Көбі көктем мен жазда ғана істеп, күз-қыс айларында тоқтап қалады. Есесіне Түркияда, көрші Өзбек­стан­да, Қырғыз Республикасында, Ресейде тері, жүн өңдеу өндірісі дү­рілдеп жұмыс істеп тұр. Қазақ­стан­дықтар былғары, жүн өнім­де­рінің көпшілігін осы елдерден алады. Әлемдік нарықтағы былғары импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді екен. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған елдердің алдыңғы қата­рында Қазақстан тұр. Мәселен, Түркия немесе Қытай асып кеткен тері, өзімізге 50-150 мың теңгенің былғары күртешесі болып қайтып оралады. Ал елтірі тондар құны 400 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл салада бізден қырғыздар әлдеқайда алға кеткен. Қырғыз халқының 30 па­йызы жеңіл өнеркәсіптің арқасында күнін көріп, саудасын жүргізіп отыр. Қырғыз үкіметі жеңіл өнер­кәсіп секторын барлық салықтан босатып, алаңсыз жұмыс істеулеріне бар мүмкіндікті берген. Соның нә­тижесінде, аталған сала күрт қарқын алып, тауарларын сыртқа шығарып жатыр. Ресей нарығының 7 пайы­зын қырғыздар қамтамасыз етіп отыр. Тауарын тіпті АҚШ-қа да шы­ғаруда. Тіпті өндірісі дамымаған Моңғолияның өзі бізден асып кет­кен. Олар былғары, жүн өнімдерін негізінен Ресейге экспорттайды. Ал моңғолдың жүн байпақтары біздің нарықты жаулап алған. Әлемде қойы ең көп ел – Аус­тралия. Ондағы ұсақ малдың саны 130 миллионнан асқан. Мұнан кейін Қытай – 112 миллион қой. Алғашқы үштікке Түркия кіреді. Тері, жүн өнімдерін өндіруден де сәйкесінше осы мемлекеттер озып тұр. Ал Қазақстанда қой саны 18 миллиондай, оның 80 пайызы жекеменшіктің қолында. Алайда ел ішіндегі қойдың тек 12,7 пайызы ғана асыл тұқымды. Қойдың 44 па­йызы қылшық жүнді де, 28,8 па­йызы биязы жүнді. Қалғаны жарты­лай қылшық пен жартылай биязы. Ал сұраныс негізінен тек биязы жүнге ғана бар. Жүн өндірісінің дамымай отыруының бір себебі осы да болса керек. Соның салдарынан қазақ Қытайдың сапасы нашар пималарын місе тұтып отыр. Сон­дай-ақ халық көп тұтынатын қол­ғаптардың 93 пайызы, шұлықтардың 74 пайызы қытайлық өнімдер екен. Бір жұп былғары қолғап 8000-10 000 теңге, бір жұп пима 10 000-15 000 теңге тұратынын ескерсек, қаншама миллиардтаған қаржының шетке кетіп жатқанын бағамдай беріңіз. Одан бөлек, Түркия мен Пәкіс­тан­ның, Ресей мен Өзбекстанның былғары, мақта-мата өнімдерін тұ­ты­нып, миллиардтарды сол ел­дерге шашып жатырмыз.  
ТҮЙІН: Кеңестер Одағы заманында әр ауданда шикізат дайындау кеңсесі жұмыс істеді. Мұндай кәсіп­орын­дар­дың 40-50 қаралы адамы, ауыл-ауыл­ды аралайтын техникасы жет­кілікті болды. Олардың басты мінде­ті – жергілікті жерлердегі шаруа­шы­лықтардан жүн мен тері жинау. Қазір осындай кеңселердің жұмысына ха­лық зәру болып отыр. Үкімет осы жұ­мысты ұтымды ұйымдастыра біл­се, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің импорттық тауарларына деген сұра­ныс азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ете алатын жағдайға жетер едік. Бұл істе көрші мемлекеттерден, әсіресе Түркиядан үйренеріміз көп.