Легионерлер айды аспанға шығарып жатқан жоқ – Несіп Жүнісбайұлы
Легионерлер айды аспанға шығарып жатқан жоқ – Несіп Жүнісбайұлы
1,445
оқылды
Спорт саласы – мемлекет дамуының маңызды секторларының бірі. Алайда соңғы кезде кәсіпқой клубтарға бөлінген қыруар қаржы ақталмай келеді. Осыған орай спорт журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп ЖҮНІС­БАЙҰЛЫ­МЕН әңгімелестік. – Жақында «Барыс» хоккей клубының ойыншысы Никита Михайлистың жылына 401 миллион теңге жалақы алатыны белгілі болды. Бұл аздай, енді Линдей Вей деген шетелдік ойыншыға біржылдық шарт ұсынып, қазіргі курспен 481 миллион теңге төлемекші. Осынша қаржы бөліп, хоккейге легионер әкелу өз жемісін беріп жатыр ма? – Үлкен спортта, оның ішінде хоккей, футбол сияқты командалық спорт түрлеріне сырттан ойыншы шақыру – бүгінгі күннің негізгі талап­тарының бірі. Легионерлерді шақырмай, жақсы команда жасақтау мүмкін емес. Өйткені коман­далық спорттың басқа спорт түрлерінен ерекшелігі 1-2 ойыншы чемпионаттың тағдырын шеше алмайды. Сондықтан мықты клубтың құрамында міндетті түрде легионерлер болады. Ал командамыз көштен қалмай жүре берсе жетеді дейтін болсақ, легионерлердің де қажеті жоқ. Қаржысы көп әлемдік деңгейдегі клубтар үшін біз айтып жүрген 480 миллион теңге тек түстенудің құны болып са­на­лады. Ұлттық хоккей лигасында ойнайтын Канада мен Американың клубтары легионерлерді бізден 10-20 есе көп ақша төлеп шақырады. Ал біздің елімізде кәсіпқой клубтар ең бірінші өзін-өзі қаржыландыратын болса ғана шеттен спортшылар шақырсын. Америкадағы клубтар да ақшаны өздері табады. Ешқашан Канада мен Американың үкіметі спорт клубтарын қаржыландырмайды. Ал кәсіпқой клубтар қаржыны қалай табады? Біріншіден, клуб ойынды көруге келетін жанкүйерлердің қолда­уымен, екіншіден, өздері тәрбиелеген ойыншы­ларды сату арқылы, үшіншіден, түрлі жарысқа қатысып жүлде қорларын жеңіп алса, төртіншіден, жарнама берушілер арқылы ақша табады. Мұндай жағдайда кәсіпқой клуб қаржысын қайда жұмсаса да өзі біледі. Ал Қазақстанның жағдайында спорт клубтарының қыруар қаржыға спортшы шақы­руы – ақымақтық. Себебі біз легионерлерді шақы­рып айды аспанға шығарып жатқан жоқпыз. Көп болса өз тобымыздан әрең шығып, ары қарай ірік­теу кезеңінің1-2-ойынында сүрінеміз. Құр­лықтық хоккей лигасында ойнап жатқан коман­далар­дың, чемпионаттың маңызы анау айтқандай емес. Біздің елімізге ол чемпионаттан үлкен абырой да келмейді. – Бұған дейін де «Барыс» хоккей клубын «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырып келді. Ал қор Үкіметке қарасты. Ендеше мемлекет ақшасының сұрауы болуы керек емес пе? Бұған дейін қор бөлген қаржының есебін жүргізіп көрдіңіздер ме? – «Барыс» хоккей клубын «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыратынын бәріміз білеміз. Бірақ қордың клубқа қанша қаржы бөлетіні белгісіз. Клуб мемлекеттің бөлген қаржысын ша­шуға ғана ойнайтын болса, ондай клубтың елімізге қажеті қанша?! Біреу қапқа салып әкеліп берген ақшаны шашудан оңай нәрсе жоқ. Сондықтан мемлекет кәсіпқой клубқа мұндай көп қаржы бөлмеуі керек. Өйткені бұл халқымыздың маңдай терімен тауып, төлеген салығын желге шашу. – Неге әлі күнге дейін спорттық клубтар Үкімет қаржысымен күн көріп отыр? Бұл біздің білетініміз ғана секілді. Бұдан бөлек, қанша клуб Үкіметтен қаржы алып отыр? Олар өзін-өзі ақтай ма? – Мен бұл мәселені көтеріп, Үкіметке үндеу тастап келе жатқаныма біраз болды. «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велошабандоздар клубы сияқты спорт клубтары Президенттік кәсіби спорт клубының құрамында. Олар Президенттік кәсіби спорт клубының қаржысына өмір сүріп келеді. Негізгі мәселе де осында. Айталық, «Астана» велошабандоздар клубы жылына шамамен 21-25 миллион еуро, «Астана» баскетбол клубы жылына 10-15 миллион еуро, «Астана» футбол клубы 25-30 миллион еуро, «Барыс» хоккей клубы шамамен 15-20 миллион еуро көлемінде қаржы алатын болуы керек. Солай бола тұра, осы клубтардың бірі еліміздің атын әлемге танытып жатқан жоқ. Менің ойымша, Монако қаласында орналасып, Еуропада көшпелі жұмыс істейтін «Астана» велошабандоздар клу­бының Қазақстанға еш қажеті жоқ. Велоша­бан­доздар клубы құрылғалы 4-5 спортшы ғана до­даларда жүлдегер атанды. Онымен қоса, бұл клуб шетелдің ең мықты спортшыларын жиі шақырады. Елімізге әлі де аяғымыздан тік тұрмай тұрып, қомақты қаржыға велошабандоздар клубын ұстаудың еш қажеттілігі жоқ. Мұның бәрі мемлекет қаржысын аямайтын белгілі бір топтың істеп отырғаны. «Астана» велошабандоздар клубының құрамында болған легионерлердің табысы айына 1 миллион еуродан кем болмаған да шығар. Клуб құрылғалы біз осыншама қаржыны бөлсек те, олар қазақ балаларынан бірде-бір велошабандоз да­йындап шықпады. Оларға жылына бөлген 20 мил­лион еуроның орнына әрбір облыс орталығында велошабандоздардың спорттық клубын құруға болар еді. Сонда біз ең болмағанда қазақтан 20 велошабандоз дайындайтын едік. Сол сияқты «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клу­бы, «Астана» баскетбол клубының да жағдайы осын­дай. Мен қазақ спортына ғұмырымды арнаған қайраткер ретінде аталған клубтарды жабу керек деп есептеймін. Кез келген спорт клубы өз қар­жысын өзі табатын уақытқа жетті. Сонда ғана спорт әлемінде әділдік орнайды. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, құзырлы мекемелер осы клубтардың жұмысын тексеруі керек. – Кәсіпқой спортқа бөлінетін қаржыны қыс­қартып, бұқаралық спортты неге дамытпасқа? – 4-5 спорттық клубқа кететін қаржыны қысқартып, бұқаралық спортты дамытуға жұмсау керек. Олай екен деп бірнеше адамды жинап, жүгіртудің қажеті жоқ. Қазір мемлекет өзі бөлген ақшадан ертең ұтылмайтын шараларға баруы керек. Ең бірінші, әр спорттың түріне спорттық кешендерді салу қажет. Ауылдан облысқа дейін салған спорт нысандары дүние өзгерсе де, сол қалпында тұрады. Сол арқылы үлкен спортқа керек чемпиондарды дайындап аламыз. Екінші, спорт­тың таңдаулы мамандарын тәрбиелеп, оқытуымыз керек. Оларды Алматыдағы спорт академиясы мен аты бар заты жоқ жоғары оқу орындарының факультеттерінде дайындай алмаймыз. Білікті мамандарды шетелде оқытқан кезде ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Үшінші, спортқа керекті құрал-жабдықтарды әкелуіміз керек. Ақша шығармау үшін жерді қазып, сонда секіре беруге де болады. Бірақ онымен біз ауылдың чемпионын ғана тәрбиелейміз. Әлем чемпиондарын тәрбиелеу үшін жоғары сападағы спорттық құрал-жабдықтарды әр облысқа жеткізуіміз керек. Спорттық әдебиеттер мен спорттық тәжірибе алмасу мәселесін де жолға қойған жөн. Сосын республикамызда спорттың бүге-шүгесін терең зерттеп, қорытынды шығара алатын спортты ғылыми-зерттеу институтын ашуымыз керек. Біз бұл институтты ашамыз дегелі он жылдан асты. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деп отырмыз. Пайдасыз клубтарға қаржы жұмсауды білсек те, зерттеу институтын ашуға келгенде үнсізбіз. – Әңгімеңізге рақмет!