Орал қаласындағы Бөбектер үйінен шамамен 27 жыл бұрын АҚШ-қа асырап алуға берілген Анжелика есімді қыз табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты
Оның анасы Наташа Қалымбетова қазір қызын шетелге алып кету кезінде аудармашы болған әйелді іздеп жүр.
Бұл туралы белгілі жазушы Дариға Мұштанова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жазушының айтуынша, Наташа Қалымбетова ұзақ жылдар бойы қызын іздеп, оның тағдыры туралы ақпарат жинаған. Анасы қызының Америкаға асырап алуға берілгенін білгенімен, кейінгі өмірінен хабарсыз болған. Ол басынан өткен оқиғаларды TikTok желісінде жариялап, көпшіліктен көмек сұраған.
Дариға Мұштанова жазбасында Наташаның жас кезінде қызын Бөбектер үйіне қалдыруға мәжбүр болғанын айтады. Оның сөзінше, әйел баласынан біржола бас тартпаған, үш жыл бойы келіп, қызымен кездесіп жүрген. Кейін жұмыс істеп, ақша жинап, баласын алып кетуді жоспарлаған. Бірақ қайтып келгенінде қызы Бөбектер үйінде болмаған.
«Сол қыз табылыпты міне! Қыздай көрген қорлығы етінен өтіп,сүйегіне жетіп , өзегін өртше күйдіріп жатқан анасы Наташаның "қызым тірі ме,өлі ме... Америкаға сатқанын білдім , органға сатылып кеткен жоқ па екен деген ой жанымды қоярға жер таптырмайды" деп айдай әлемге қара түнді қақ жара күрсінген», – деп жазды Дариға Мұштанова.
Жазбаға сүйенсек, Анжелика есейген соң анасымен байланыс орнатып, оны АҚШ-қа шақырған. Екеуі сол жерде кездесіп, туыстық байланысын анықтау үшін ДНҚ сараптамасына биологиялық материал тапсырған. Сараптама қорытындысы туралы әзірге мәлімет жоқ.

Анжелика анасына бала кезінде түсірілген суреттер мен қолында сақталған құжаттарды да көрсеткен. Солардың арасында шамамен 27 жыл бұрын Оралдағы Бөбектер үйінің жанында түсірілген фотосурет бар. Онда кішкентай Анжелика, оны асырап алған америкалық әйел және тағы бір әйел бейнеленген.
Қазір Наташа Қалымбетова сол суреттегі үшінші әйелді іздеп жатыр. Жазушының айтуынша, ол Анжеликаны АҚШ-қа алып кету кезінде аудармашы ретінде көмектескен.
«Ол қылмыскер емес,куә ғана», – деген Наташа Қалымбетованың сөзін келтіреді жазушы.
Дариға Мұштанова суреттегі әйелдің ұзын қонышты қысқы етік, қысқа сырт киім және қара баскиім кигенін сипаттаған. Наташа оның кім екенін білетін адамдардан хабарласуды сұрап, TikTok арқылы үндеу жариялаған.
Жазушы да Орал тұрғындарын суреттегі әйелді тануға көмектесуге шақырды.
Айта кеткен жөн болар, жазбада Анжеликаның шетелге берілуіне қатысты заңсыз әрекеттер жасалған болуы мүмкін деген күдік айтылады. Бірақ бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.
