Жүн мен теріні экспорттаса, Қазақстанда тері өңдейтін зауыттар жабылып қала ма?  

Жүн мен теріні экспорттаса, Қазақстанда тері өңдейтін зауыттар жабылып қала ма?  

Маусымда Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев тері мен жүн экспортына салынатын кедендік бажды алып тастауды ұсынып, Үкіметке депутаттық сауал жолдағанын «Далада шіріп жатқан төрт түліктің терісі мен жүнінен ауру тарап жатыр»  деп жазған болатынбыз. Inform.kz-тің мәліметінше, Тері өңдеушілер қауымдастықтың құрамында ірі қараның терісін өңдейтін 12 цех бар. Ал қойдың терісі мен жүнін өңдейтін 13 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ол кәсіпорындардың ұжымында ұзын-саны 1 000 адам жұмыс істейді. Олардың жалпы қаржы айналымы 20 млрд теңге болғандықтан, бюджетке айтарлықтай салық төлеп отыр. Қауымдастық өкілдері сиыр терісінің экспортына салынып отырған кедендік баждың күші жойылса, аталған кәсіпорындарға банкрот қаупі төнуі мүмкін деп есептейді. Өйткені тері өңдеуші зауыттар сапалы шикізаттан қағылып, тапсырыс міндеттемелерін орындай алмай қалуы ықтимал. Айтар уәжі бар қауымдастық мүшелері кедендік баждың күшін жоймай-ақ, малдың терісі мен жүнін шикізат күйінде сұранысқа ие тауарға айналдырудың жолдарын ұсынады. Атап айтқанда: – саланың жұмысын бір ғана мемлекеттік органның құзырына қарату (қазір бұл саланың кейбір мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігі, кейбір тұстарын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі үйлестіреді); – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аясында тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми орта өкілдерін, былғары және жүн-тері шикізатын өндіруші кәсіпорындардың мамандарын, аяқкиім мен жиһазға қажет былғары галантереясын өңдеушілерді, фермерлерді қатыстыру арқылы саланы дамыту жоспарын әзірлеу; – ірі қара терісінің экспортына тыйым салу немесе әр тоннасы үшін алынатын кеденді баж мөлшерін 200 еуродан 500 еуроға дейін көтеру; – «Атамекен» ҰКП және «Бәйтерек ҰБК» АҚ қолдауымен былғары мен жүн-тері өңдеуге қажет қондырғыларды жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске асыру; – Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тері өңдеуге қажет химиялық реагенттерді сақтайтын қойманың жұмысын жолға қойып, оның коммуналдық және технологиялық шығындарын бюджет есебінен субсидиялау; – экспортқа шығарылған былғары және өңделген жүн-тері өнімдерінің әр түріне жеке-жеке субсидия тағайындау; – тері өңдеуші кәсіпорындардың мал терісін жеке тұлғалардан қолма-қол ақшаға сатып алуына рұқсат беру; – тері сатудан алынатын 10 пайыздық жеке табыс салығының күшін жою. «Депутат тері мен жүнді қандай тері екенін анықтамастан, күресінге тастап, шірітіп жатырмыз деген уәж айтады. Соны алға тартып, жүн мен теріге салынатын экспорттық баж салығын алып тастауды ұсынған екен. Бұл жерде негізінен керексіз болып шіріп жатқан жылқы терісі мен қой терісі, ал ірі қара мал терісі – сұранысқа ие тауар. Жылқы мен қой терісіне о бастан экспорттауға ешқандай шектеу не баж салығы жоқ, кедендік коды да бөлек. Қазақстанда жарты жылда   бір ғана тері өңдеу зауыты 100 000 тері өңдеді. Сондықтан барлығы 66-ақ мың тері экспортталды деу де қисынға келмейді. Былғары және жүн-тері өңдеу саласын дайын өнім шығаратындай деңгейге жеткізу үшін бірлесіп күш салуымыз керек. Бұл экономикаға мультипликативті әсер береді. Соның арқасында экспортты әртараптандырып, импортқа тәуелділікті азайтуға болады.