Латиф Парпиев – балалар реабилитологы, онкорадиолог. 4 жылдан бері осы салада еңбектеніп келеді. Жаңа туған нәрестеден бастап 2 жасқа дейінгі сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу, оңалту ісімен айналысады. Дәрігерлікті таңдауының себебін Латиф: «Мен туған кезде қан құрамындағы билирубиннің шамадан тыс көбейіп кетуінің себебінен болатын сарғыштық болған. Осы гемалитикалық аурудың салдарынан жансақтау бөлімінде жатқан екенмін. Мұндай диагнозды тыңғылықты емдемесе, сал ауруына да ұласып кетуі мүмкін. Бағыма орай, білікті дәрігерлердің қолына түсіп, емделіп, анам 12 күннен кейін ғана бауырына басқан екен. Осы күнде шешем: «Сол уақытта аман қалғаныңның себебі бар екен, бүгінде өзің сияқты сырқатпен туған балаларды емдеп жүрсің» деп отырады», – деп еске алады.
Ол – «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» аты алтын әріппен жазылған білікті маман, білімге құштар азамат. Негізгі жұмысынан бөлек, Латиф волонтерлікпен айналысады. Былтырға дейін «28 ілмек» клубында қызмет еткен, онда неонатология бөліміне жатқан балаларға көмек көрсетті, әлемнің 11 еліндегі 130 қаладағы осындай бөлімдерге қолдан тоқылған киімдер тарататын. Бүгінге дейін BFK қорында әртүрлі патологиясы бар жетім балаларға профилактикалық көмек көрсетеді, «Мейірім сыйла» еріктілер тобымен онкологиялық аурумен күресіп жатқан жеткіншектерге жәрдемдесті. Бұдан өзге, 2019 жылдан бері «Жаңа туған нәрестелерді ерте жастан оңалту» және «Ата-аналарға арналған мектеп» жобаларының негізін қалады.
Латиф – Құдайдың 99 көркем есімінің бірі, мағынасы «Ізгіліктің құлы» дегенге саяды (атын әжесі қойған). Латифтің бүгінде атқарып жүрген игі жұмысын, ата-ана мен балаға көмектесуге деген шынайы құштарлығын, азаматтығы мен адамгершілігін көріп, «атына заты сай екен» дейсің. «Өркен» жастар қосымшасының алғашқы кейіпкері – Латиф туралы жазғандағы басты ой – оның жастарға үлгі боларлық болмасы мен игі істері туралы бүгінгі толқын таныссын дедік.
Ерте жастан емдеу керек
Бала күнімнен дәрігер болуды қаладым, туған-туыстарыма осы арманым туралы жиі айтып жүретінмін. Мектеп бітірген соң Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Медицина» мамандығына түстім. Осы білім ордасында интернатура оқыдым. Кейін Нұр-Сұлтандағы медициналық университет базасында сәулелі терапия дәрігері (радиолог) мамандығын меңгердім. Осы салада төрт жылдан бері қызмет етіп келемін.
Сал ауруына (балалардың церебралды сал ауруы – ДЦП) шалдыққан балаларды емдеу, оңалту барысында байқағаным, ем-дом шараларын жансақтау бөлімінен бастау керек. Бүгінде жаңа туған нәрестеден бастап 2 жасқа дейінгі науқас сәбилерді оңалтумен айналысамын. Баланы туа салысымен диагнозы қойылған бойда дабыл қағып, емдейтін болсақ (мәселен, сәбидің 2-3 айында), оның толық жазылып, адам қатарына қосылып кететін мүмкіндігі жоғары. Ал уақыт өткізген сайын (тіпті, 2 жастың өзі кеш), сәбидің ауруынан толыққанды айығып кету мүмкіндігі де азая береді. Тәжірибе барысында ерте бастан оңалту шарасын жасағанда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алатынымызға, тіпті сал ауруынан жазылып кетуге мүмкіндік болатынына әбден көзім жетті. Содан «Ерте жастан оңалту» жобасын дайындау туралы ой келді. Ондағы мақсатым – реабилитолог-дәрігерлерге, ата-аналарға өз тәжірибемді үйрету. Бүгінде оңалту шараларын іс жүзінде көрсетіп, видеоға түсіріп, YouTube арнама салып отырамын. Кері байланыс көп. Үш жылдан бері елімізден ғана емес, Еуропа, Орталық Азия мемлекеттерінен әріптестерім, балалардың ата-аналары WhatsApp, Instagram арқылы хабарласып жатады.
Әлбетте, баланың сау туғанына не жетсін?! Ол үшін жүктілікті жоспарлау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ер мен әйел алдын ала медициналық тексерістен өтіп, қан тобының сәйкестігіне, түрлі ауру-сырқаттан амандығына көз жеткізіп барып, бала көтеруді ойлауы тиіс. Сәбидің жатырда аман-есен жетілуі үшін әйел жүктілік барысында күтінуі шарт, күйзеліске бой алдырмай, қажетті талдамаларды уақытылы тапсырып тұрса игі және тағысын тағылары. Дұрысында, тұңғышы мен келесі баланың арасына үш жыл уақыт салу керек. Әйелдің ағзасы үш жылдың ішінде толық қалыпқа келеді. Бізге оңалту шараларына келген балалардың арасында алдыңғысымен 8-9 ай, 1,5 жыл болатындары көп кездесіп жатады.
Баланың ең жақсы емшісі – ата-анасы
Өкінішке қарай, елімізде сал ауруына шалдыққан балалардың саны көп. Олардың барлығы бірдей үлкен қалалардағы оңалту орталықтарына келіп, тұрақты түрде ем шараларын қабылдай алмайды. Себебі ата-аналардың бәрінде бірдей жағдай жоқ, мүмкіндігі жетпейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, оңалту шараларын ерте жастан бастауымыз керек. Осы орайда, сал ауруына шалдыққан балаларға кем дегенде үй жағдайында оңалту шараларын тұрақты түрде жасау керек. Кез келген баланың ең негізгі емдеушісі – әке-шешесі, одан кейін дәрігерлер. Ата-ана баласына пайдалы боламын десе, ештеңеден қорықпай, батыл қадамдар жасауы тиіс. Содан «Ата-аналарға арналған мектеп» деген жоба бастап, соның аясында кез келген әке-шешеге түсінікті болатын тілмен сал ауруының анықтамасынан бастап, баланың жағдайын жеңілдету үшін, мүмкіндігінше өз қатарластары сияқты жетілуі үшін қандай шаралар істеу керегін үйретемін. 2 жасқа дейінгі балаға оңалту үшін арнайы аппараттар, құрылғылар аса қажет емес. Көбіне көп электрофорез, дене жаттығулары, арнайы алақанмен істейтін массаж арқылы сал ауруына шалдыққан балаға көмектесуге болады. Мұндай шараларды ата-аналар да мұқият үйреніп алып, үй жағдайында жасауға мүмкіндігі бар.
WhatsApp, Instagram желісіне олардың тарапынан көп сұрақ келеді, мейлінше жауап беруге тырысамын, кей дүниелерді тікелей эфирге шығып түсіндіремін, видео жазып, YouTube арнаға саламын, телефон арқылы жекелей консультация беремін. Осы мектептің аясында сал ауруына шалдыққан баласын аяққа тұрғызған ата-аналар бар. Қуанамыз, қуаныштан көзімізге жас алып жатамыз. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан, яки жеке қорлардан ешқандай қолдау жоқ. Ерікті түрде жүзеге асырамын.
Адам емдеу ісінің алғысы көп
«Дәрігер» ұғымының аясы кең, мәні терең. Ол дегеніміз – белгілі бір мамандықты меңгеріп алумен шектелмейді, емдеу ісінде жанашырлық, жүректілік, шыдам керек. «Дәрігер болсаң өлмейсің», «бұл мамандыққа қашанда сұраныс бар», «жалақысы жақсы» және тағы басқа себептермен медицина саласын таңдасаң, қателесесің. Бұл салада жақсы маман болуың үшін көп (он жылдап) оқисың, үнемі ізденісте боласың, тәжірибеңді жетілдіруге, біліміңді шыңдап, біліктілігіңді арттыруға әрдайым ұмтыласың. Ол – оңай емес. Сол жолда сынып кетпес үшін шыдам керек, мамандығыңа деген махаббат керек. Бүгінгі таңда дәрігер тапшы, өңірлерде балаларды емдейтін, оңалту шараларын жүргізетін мамандар жетіспейді. Сондықтан жастардың бұл саланы таңдауға деген ынтасын қолдаймын, алайда ерік-жігері мықты, жауапты, азаматтығы мен адамгершілігі жоғары жастар ғана медицина саласындағы қиындықты еңсере алады. Медицина мамандығын жеті жыл оқып, «дәрігер болуымды сендер қалағансыңдар» деп дипломын әке-шешесіне табыстап, заңгер мамандығын оқып, сол салада қызмет етіп жүрген курстастарым бар.
Ал медицина саласын таңдаған жастарға айтарым, баға үшін оқымаңдар. Білімге құштар болыңдар, осы саладағы кез келген жаңалықты, тың технологияны білуге ұмтылыңдар. 3-5-курстан бастап аурухана, жедел жәрдем жұмысына араласыңдар, түнгі кезекте жұмыс істеген дұрыс, практикадан өтуден шаршамау керек.
Қиындығына шыдасаң, адам емдеу ісінің алғысы көп. Емделген балалардың нәтижесін көргенде, ерекше мотивация аламын. Қанша жерден қиын болса да, дәрігерлікпен айналысуды жалғастыра түскім келеді. Одан бөлек, ата-анам, бауырларым менің мамандығыма зор құрметпен қарайды, әр жетістігіме қуанып, қолдау көрсетіп отырады – бұл медицина саласында шаршадым демей, қызмет етуіме көп көмектеседі. Болашақта жеке емханамды ашып, еліміздегі барлық науқас балаға қолымнан келгенше жәрдемдескім келеді.